Республикаға танымал брендтер
"Республика" атауына ие болған.
Бұл сөздің маңдайға біткен бақытқа айналғанына 35 жыл толып отыр. 35 жылда елімізде сол бір тарихи сәтті айқындап, «Республика» сөзін атына арқау, айнымас ұстаным еткен ономастикалық таңбалармен қатар отандық брендтер де жетерлік. Ерекше үйлесім тапқан атауларды назарыңызға ұсынып көрдік.
Республиканы жаулаған киім бренді
Қазақ жастарына танымал Qazaq Republic дүкені 2017 жылы құрылған. Qazaq Republic бірнеше жылда шетелдік брендтерді жолында шаң қаптырып, бәсекеге шықты. Оған дәлел – сауда желісінің 7 ірі қаладағы 30-дан аса дүкені мен Instagram желісіндегі 600 мыңнан аса оқырманы. Балаңыздың шетелдік брендтен емес, отандық бренд өнімдерін аламын дейтін әңгімесін естіп қуанған да шығарсыз. Qazaq Republic заманауи тренд пен қазақы бояуды сәтті үйлестіріп келеді. Born to be Qazaq, Qazaq Republic 1465 сынды жазуы бар жемпірді кигенде, расымен де, қазақ боп туғаныңа қуанып, кеудеңді бір мақтаныш кернейді. Байқағанымыз, елде республика сөзі бар киім дүкендері жиі кездеседі. Соның бірі Астанадағы Республика даңғылында орналасқан Republic және Mens Republic дүкендерін айтуға болады.
Кәсіп кілті – «Республика»
Ұлт жастары үшін республика сөзін қолдану ерекше сәнге айналған, әсіресе бұл үрдіс ірі қалаларда көрініс тапқан. Елордада Ziat Republic атты оқу орталығы жұмыс істейді. Балаларды дамытуға арналған орталық тіл курстарымен қатар шығармашылық бағытта да білім береді екен. Fruit Republic дүкені көптің сүйікті сусын дүкені болса, The meat republic дүкені балғын ет, сапалы үй тағамдарын дайындайды. Әрине, мұндай қызық атау өте көп, тіпті компьютерлік клубтар да республика сөзін өзіне ұран еткен. Осы бір қасиетті сөз кез келген кәсіптің кілті, не өркендеудің құпиясы дерсің...
Respublika.kz.media сайты
Respublika.kz.media сайты – республикадағы өзекті жаңалықтарды қалт жібермей, ресми ақпарат, сапалы сараптамалық материал ұсынатын көпке белгілі тәуелсіз медианың бірі. Бір айтарлығы, медиа тәуелсіздік алған алғашқы жылдары, нақтылап айтсақ, 2000 жылы газет ретінде жарық көре бастаған. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары тәуелсіз басылымның дүние есігін ашуы айтарлықтай қуаныш, сана серпілісі, ел жанданысының белгісі еді. Газет 2012 жылға дейін үзбей шығып тұрды, кейіннен kz.media ақпараттық-аналитикалық порталына айналды. Портал 2016 жылға дейін жұмыс істеді. 2022 жылы медиа үшін жаңару кезеңі басталғандай, сайт өзінің бұрынғы төл атауын – Respublika.kz.media атын қайта иемденді.
Республика бойымен...
Еліміздің бірқатар ірі қаласында көше-даңғылға «Республика» аты берілген. Мәдениет және ақпарат министрлігінің дерегінше, елде Республика атын иемденген 29 көше, 5 даңғыл бар. Олардың көбі Астана, Шымкент, Павлодар, Қостанай және ірі облыс орталықтарында орналасқан. Бұл орайда Алматы қаласындағы Республика сарайын айтпай кетуге болмас. Ғимарат кеңес дәуірінде, 1968-1970 жылдары салынып, 1970 жылы В.Лениннің 100 жылдығында ашылған. Солайша, мәдениет орталығы кеңестік көсемнің есімімен аталды, ғимараттың жанындағы қазіргі Достық көшесі де Ленин атында еді. 1991 жылы 10 желтоқсанда Тұңғыш президент Н.Назарбаевтың ресми қызметін бастауына байланысты салтанатты жиын өтеді. Дәл сол кезден бастап ғимарат «Республика сарайы» деп өзгерді. 2008 жылы 21
наурызда Республика сарайына «Республикалық маңызы бар тарих, мәдениет, қала құрылысы және архитектуралық ескерткіші» мәртебесі берілді. Кеңестік кезеңдегі Брежнев атындағы алаң да тәуелсіздік алған жылдары Республика алаңы атауын алды. Республика алаңы – Алматыдағы ең үлкен алаң әрі 1980 жылы Қазақстан астанасының басты алаңы ретінде ашылған. 1992 жылы алаңда алғаш рет Наурыз мерекесі тойланады. Бүгінде алаңда мерекелік іс-шаралар, әскери шеру, халықтық серуен, салтанатты жиындар өтеді. Қарағанды облысында да 2 сквер Республика атына берілген. Ал Солтүстік Қазақстан облысында Республика күні көшесі бар.
Мәнін түсінген жан үшін әрбір құрамдас бөлікте тарих жыры мен сыры бар, көше мен кешеннің, тіпті кәсіптің аты да егемендіктің, елдіктің белгісіндей үнсіз сөйлейді.
Aikyn.kz