Экономика

Алдағы бес жылда 2,5 миллион адам жұмыссыз қалуы мүмкін

Бұл туралы ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Дмитрий Мун мәлімдеді.

Алдағы бес жылда шамамен 2,5 миллион маманның жұмысы автоматтандыру салдарынан жұмыссыздар қатарын толықтыруы мүмкін, деп хабарлайды Oimaqnews.kz BAQ.KZ сайтына сілтеме жасап. 

Бұл туралы ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Дмитрий Мун мәлімдеді.

Айтуынша, оның ішінде 1 миллионға жуық маманның қызметі дәл жасанды интеллект технологияларының енгізілуі себебінен автоматтандырылуы ықтимал.

Бұл жағдайға мемлекет қалай жауап беріп жатыр дегенге келсек, нақты жоспар мен тапсырма бар. 2029 жылдың соңына дейін біз 1 миллион азаматты қайта оқытып, жасанды интеллект негіздеріне үйретеміз. Қазірдің өзінде Astana Hub платформасында алғашқы бейнесабақтар қолжетімді. Бұл – азаматтарға репетиторлар, коучтар және сала мамандарынан тегін онлайн-сабақтар алу мүмкіндігін беретін бағдарлама. Олардың арасында жасанды интеллект бойынша курстар да бар. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жасанды интеллект пен автоматтандыру әсерінен сұранысы азаятын мамандықтар бойынша болжам жасап жатыр. Ал біз Ғылым және жоғары білім министрлігімен бірлесіп, болашақта өзекті болатын жаңа бағыттарға арналған қайта даярлау курстарын әзірлеудеміз, - деп атап өтті вице-министр Сенаттың кулуарында берген сұхбатында.

Вице-министрдің мәлімдеуінше, жасанды интеллектке арналған деректерді белгілеуші (data labeler) мамандарын дайындау – қазіргі таңда ең сұранысқа ие бағыттардың бірі.

Жалпы, бұл интернеттің алғаш пайда болған кездегі жағдайға ұқсайды. Сол кезде де кейбір мамандықтар жойылды, бірақ орнына жаңа, заманауи бағыттар келді. Бұл – табиғи әрі дұрыс үдеріс. Дәл сол сияқты, жасанды интеллект те жаңа мүмкіндіктер мен жаңа мамандықтар әкеледі, - деді Дмитрий Мун.

Сонымен қатар ол жұмыссыз қалуы мүмкін мамандықты атады.

Бағдарламашылар. Біз өзіміз осы саланы қадағалайтын министрлік болғандықтан, жағдайды жақсы түсінеміз. Қазір бағдарламашылар мұндай үрдістен қорықпайды. Керісінше, жасанды интеллектті тиімді қолдануды үйреніп жатыр. Бұрын дәстүрлі код жазумен айналысқан мамандар енді өнімділікті арттыру үшін ЖИ құралдарын меңгеруге көшкен. Мысалы, егер мен бұрын бір сайтты екі аптада жасасам, жасанды интеллекттің көмегімен дәл сондай сайтты қазір бір күнде жасап шығара аламын, - деп түсіндірді вице-министр.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Сенат жасанды интеллект туралы заңды Мәжіліске қайтарды. Айта кетейік, қаралған заң жобасы жасанды интеллект саласын реттейтін құқықтық негізді қалыптастыруға, оның қауіпсіз әрі жауапты қолданылуын қамтамасыз етуге, сондай-ақ инновациялық бастамаларды дамытуға бағытталған.

Сенаттың кеңейтілген отырысында депутат Бибігүл Аққожина мәлімдегендей, Қазақстан ЖИ дамыту заңнамасы бойынша топ-15 елдің қатарына енді.