«Қазақстанда жасалған» дейтін таңбасы бар заттардың көбі шетелден келеді
Қазақстанда жасалғаны жөнінде бюелгі соғылған тауарлардың басым бөлігі шетелден әкелінеді екен. Сондықтан мемлекет СТ-KZ сертификаты мен Индустриялық сертификатты жоймақ ниетте. Ал бұл сертификаттар тауардың шығу тегін растауға тиіс еді. Бұл туралы Aiqyn газетінде жарияланған сараптамада толығырақ айтылған.
Мақала авторы Елдос Сенбайдың жазуына қарағанда сертификаттауды ң ескі жүйесі «Қазақстанда жасалған» дейтін таңбасы бар тауарлардың шынымен елде жасалған, жасалмағанын толық анықтай алмайды екен. Сондықтан отандық өнімдерге белгі соғудың жаңа тетігі қажет.
Ұлттық статистика бюросының хабарлауынша, 2023 жылы Қазақстанда шай мен кофе өндірісі бірден 17,2%-ға артып, 30 мың тоннадан асқан. Ғажабы сол, елімізде шай плантациялары жоқ, сондай-ақ кофе ағашы да өспейді.
Мұның сырын басқа статистика ашады: былтырғы 10 айда Қазақстан шетелден 28,1 мың тонна қара шай импорттаған. Бұл 2022 жылғыдан 32,5%-ға көп. Негізгі жеткізушілер – Үндістан (12,5 мың тонна немесе бір жылда 1,9 есе өсті) және Кения (9,2 мың тонна, – 0,4%). Яғни, елімізге әкеліп, қапталса болды, шәй мен кофе «отандыққа» жатқызылады.
Сондай-ақ әкімдіктер, министрліктер, қаптаған мемлекеттік мекеме-кәсіпорындар мен ұлттық компаниялар сыйға тарту үшін тендер арқылы «отандық сағаттарды» сатып алады. Бірақ елімізде сағат механизмдерін жасайтын бірде-бір зауыт жоқ. Оның бәрі негізінен, Қытайдан, Швейцариядан, Түркиядан, өзге елдерден тасымалданады.
Бұл «отандық машина жасау» саласына да қатысты: әсіресе, жеңіл автомобильдер, автобустар шетелден әкелінеді, елімізде тек жинастырылады. Тіпті, креслолары да бөтен. Әрі кетсе, дәнекерлеу және бояу жұмыстары ғана Қазақстанда жүзеге асырылады,-деп жазды мақала авторы.