Қызылордалықтар қала күнін ерекше тойлады
"Мерейлі мерекеңмен,Қызылорда» атты гала-концерт өтті.
Сол жағалаудағы «Қайсар арена» стадионында Қызылорда қаласының астана болғанына 100 жыл толуына және Қала күніне арналған «Мерейлі мерекеңмен,Қызылорда» атты гала-концерт өтті, деп хабарлайды Oimaqnews.kz.
Оған Абай облысының әкімі Берік Уәли, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, мемлекет және қоғам қайраткерлері, Қазақстанның Еңбек Ерлері, ғалымдар, өнер майталмандары, республиканың барлық өңірінен келген облыстық мәслихат төрағалары арнайы қатысты.
Мереке бастауындағы астананы Орынбордан Ақмешітке көшіру және Киргиз АКСР-ның Қазақ АКСР деп өзгертілуі, қалаға Қызылорда атауының берілуі, Ақмешітке қарай бағыт алған «Қызыл паравоз», Алаш арыстарының бейнелері, тарих желісінен сабақталған көріністер сол дәуірді көпшіліктің көз алдына әкелгендей әсер қалдырды.
Одан кейін экрандағы көріністер жаңарған, жаңғырған Қызылорданың бүгінгі жасампаз келбетіне ауысты.
Аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев жұртшылықты мерейлі мерекемен құттықтады.
Гала концертте эстрада әншілері Ж.Ысқақова, Г.Оразымбетова, М.Сәдуақасова, Ж.Төлебай «Біздің Қызылорда» әнін шырқады. Сондай-ақ, К.Әлімжан, Т.Төрәлі, О.Нұралиев, тағы басқа өнерпаздар көрерменге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Сахна сәні, би қойылымдары мен бейнероликтер, арнайы дайындалған тақырыптық дрон шоу Қала күнінің мазмұнын байыта түсті.
Салтанатты шараның шарықтау шегінде мереке аспанын мың бояулы отшашулар жарқыратты.