Қоғам

Жанәбіловтерге қатысты тергеу жүріп жатыр

Оларға қатысты қылмыстық іс қозғалған.

Белгілі блогерлер Ерболат Жанәбілов пен оның жары Эльмира Төлегеноваға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы бүгін, 16 қазанда Қаржы мониторингі агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов айтты, деп хабарлайды Oimaqnews.kz  «Адырна» сайтына сілтеме жасап. 

«ҚР Қылмыстық кодексінің 214-бабының 1-бөлігі (заңсыз кәсіпкерлік) бойынша қылмыстық іс тіркелді. Тергеу жұмыстары енді ғана басталды»,– деді ол.

ҚМА өкілі тергеуді екі ай ішінде аяқтау жоспарланып отырғанын жеткізді.

Еске салайық, блогерлер 18-21 тамыз аралығында 10 автокөлік ойнататынын жариялаған еді. Алайда ұтысқа қатысу құны 30 мың теңге тұратын ақылы онлайн-курсты сатып алғаннан кейін ғана мүмкін болған. Бұл жағдай әлеуметтік желіде сынға ұшырап, мемлекеттік органдарға шағым түсті.

Нәтижесінде іс сотқа жетіп, Жанәбіловтер әкімшілік құқықбұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Кейін сот олардың әрекеттерінде қылмыстық белгілер бар деп шешіп, істі Қаржы мониторингі агенттігіне жолдады.