Руханият

Таласбек жас кезінде 90-ға жуық күйді жатқа білген –Зира Наурызбаева

Оның әр шығармасы қазақ рухының тереңінен тартылған сырлы әуені ұлттық болмыстың көркем кестесі іспеттес.

 Әдебиет пен күй өнерін тоғыстырған тұлғаның мұрасы – бүгінгі ұрпаққа жол сілтейтін рухани қазына. Әсемқұлов әлемін барша оқырманға паш етіп, насихаттап жүрген бір жан болса, ол – қаламгердің жары, мәдениеттанушы Зира Наурызбаева. Біз бүгін «Жақсының жары» айдарында Зира апаймен тілдескен едік.

– Таласбек ағаның көзі тірі­сінде екі рет жүздесіп, сұхбат алып едім. Ол кісінің телегей-теңіз білім иесі екенін, өнер мен қаламды қа­тар серік еткен ерекше адам екенін білдік. Ол кісінің жазбалары (көр­кем шығармалары) оқырманға жақсы таныс. Дегенмен өміріңізді сеніп тапсырған жанның көпшілік біле бермейтін қандай қасиеті сізді айрықша баурап алды?

– Таласбектің 1979-80 жыл­дары қазақ жырларын талдаған, оның психологиялық мәнін аша­тын мақаласын оқыдым. Кезінде оны еш жерге бастыра алмады. Өйткені ол советтік идеологияға қайшы келетін. Мақалада Талас­бек аталарымыздан қалған жыр­ларды талдаған екен. Оның пси­хо­логиялық мәнінде адамның ішіндегі әртүрлі күштің бір-біріне қарым-қатынасы, ежелден-ақ қазақтың өресі биік болғаны кө­рінеді. Сөйтіп, 80-ші жылдар­дың басында Таласбек осы ма­қаласы үшін теперіш көрді. Еш жерге шық­паған сол мақаланы кейін жарыққа шығаруға тырыстым. Қазір ол мақала «Қондыгердің бір-ақ беттік тарихы» кітабында басылған. Негізі, орысша толы­ғы­мен жазылған, қазақша сол заманда Таласбек тек бір бөлігін ғана «Көне қазақ романдарының эстетикасы» атымен жазып шық­ты. Тек қана «Қозы Көрпеш-Баян сұлуды» ғана қазақша талдады. 

Таласбекпен таныстығым ту­ралы айтсам, 2-3 рет консер­ва­­торияда өткен концерттерде кез­­дестік. Жақын араласпадық. «Мен сізді танымаймын да ғой», – де­генімде, ол: «Сен менің шығар­ма­­шылығымды танисың ғой. Соны қалай білсең, мені солай білге­нің», – деген еді. Талас­бек­тің жал­­ғыз ұстанымы болды: «Адам ал­дауы мүмкін, сөзі ал­да­уы мүм­кін, көзі де алдауы мүм­кін. Бірақ адамның дауысы еш­қашан алда­майды. Дауысын тың­дап, шын дүниесін ажырата ала­сың», – деді. Жаңағы мақала да шын дү­ниесін ашқан мақала ғой, өресін, интел­лектін, жан-дү­ниесін аш­қан ма­қала. Соған сеніп қосылдым.

– «Отбасын құрып, шаңырақ көтергеннен кейін Таласбекті еш­қашан қадағалауға тырысқан емес­пін» дейсіз. Ол кісінің еркін­дігін шектегіңіз келмеді ме? 

– Тойымызды әке-шешемнің досы, математика-физика ғылы­мының докторы, академик Ме­йірхан Әбділдин жүргізді. Бұл 1996 жыл болатын. Тойды мей­рамханада емес, үйде жасадық. Сонда Мейірхан аға Таласбекке: «Сен Тәттімбеттің күйлерін шер­теді екенсің, кішкентайымнан соның күйлерін естіп өстім. Қане, шертші», – деді. Таласбек Тәттім­беттің 2-3 күйін шертіп берді. Мейірхан ағаның көңілі босап тыңдады да, әке-шешеме қарап: «Сендерді құттықтаймын, күйеу­балаларыңыз керемет адам. Мен күй арқылы адамды жақсы тани­мын. Бұл жай ғана күй орындап жатқан жоқ, ол Тәттімбетті жан-тәнімен түсініп тұр, ондай адам өте мейрімді болып келеді», – деді. Артынша маған қарады да: «Ер адам – түзде, әйел адам – үйде. Сен Таласбекті шектеуге, қадағалауға ешқашан тырыспа. Ол отбасына, жарына адал бола­ды. Ер адам несібесін түзден та­бады», – деген. Негізі, Таласбек үйде отырып жазғанды жаны қа­лаған. Үйден шықса, кітап­ха­наға ғана баратын. Алматыдағы Ұлттық кітапханада мен де жұмыс істедім. Қызметкерлерін жақсы танимын. Олар: «Таласбек аға сағаттап кітап оқып отырады», – дейтін еді.

– Таласбек Әсемқұловтың жас кезінде көп диссертация жазып, аудармалар жасап, кітап жазып бергенін айтады. Оның бәрі «тегін» жасалған дүниелер болды ма? Аға неге мұндай дүниелерді көбірек жазды? Әлде тұрмыстық қажет­тіліктен туындады ма?

– Қызылордалық жыршы-зерт­теуші Берік Жүсіпов Талас­бекті аға тұтқан. Оның бірде: «Жеңгей, консерваторияда, Жа­зушылар одағында сені жек кө­ре­тін қанша адам бар, білсеңіз?» – дегені бар. Оған таңғалдым, әри­не. «Өйткені Тәке өмір бойы бі­реулерге көп нәрсе жазып жүр­ді. Үйленген күні оны тоқтатты. Қанша ғылыми, әдеби карьералар осымен үзілді», – деп күлді. Та­ласбек әрине, оларды тегін жаз­бады. Бірақ аңқау адам еді, көп­шілік жазғанына ақша төлемей алдап кететін. Үйленгеннен кейін алғашқы екі жыл аудармамен айналысты. Осы жылда 10 мың долларға алданды. Ол кезде әжептәуір ақша болатын. Өйткені 90-шы жылдардың басында үйдің бағасы 5 мың долларға түсті. Сөйтіп, ағаң өмір бойы үйсіз қаңғыды, ұзақ уақыт жатақханада тұрдық. Аяғым ауыр болғаннан кейін ғана адамдардан алдын ала төлем талап ететін болды. Сонда дос, аға, іні боп жүрген талай адам теріс айналғанын білем. 

– «Жұлдыз» журналында жұ­мыс істеп жүргенінде сын көп жазды. Кейін кинодраматургия­ға ауысты. Ол кісі әуелде сыншы болды ма әлде күйшілік дәстүрді жетілдіруді мақсат тұтты ма? Одан кейін киноға ауысуының сыры неде? 

– О баста дәрігер болуды ар­мандады. Өйткені Таласбектің ауы­лы Айғыз Шұбартау ауданына қарайтын. Ол полигонға жақын орна­ласты. Үлкендердің көбі ядролық полигонның зиянынан ауырып, ем таппаған. «Солардың емін табамын» деп Таласбек медицина институтына түсті, алайда үйрене алмай, 2-курстың соңына қарай оқуын тастады да, әскерге кетті. 1973 жылы Таласбек Байжігіттің күйлерін шерткен жалғыз адам болған. Әскерден оралған соң, Мұхтар Мағауин Таласбектің пластинкасын шы­ғартты, теле­арналарға апарды, «Күй бабасы Байжігіт» деген мақала жазды. Сол кезде Ер­кеғали Рахмадиев консерва­торияның ректоры еді. Ол да Байжігіттің ұрпағы, керей. Сөй­тіп, Еркеғали ағамыз Талас­бекті консерваторияға емтихан­сыз қабылдаймыз дегенде, атасы тыйым салып, оқытпады. Со­ны­мен, Таласбек консерваторияға оқуға бара алмады. Кейде теория­ға баруына болатын еді ғой деп ойлаймын. Сондай абдырап жүрген шағында Мағауин фило­логияға түсуіне түрткі болды. Оқып жүріп, фольклортанушы болғысы келді. Атасының тәсі­лімен жырларды талдады. Қыс­қасы, қазақ ауыз әдебиетінің та­рихын зерттегісі келді. Бірақ ма­қаласын еркін басып шығара алмады. Содан қарапайым дү­ниелер жазуға тырысты да, көр­кем әдебиетке ауысты. «Шымдан» хикаяты қазір «Бекторының қа­зынасына» енді. Бұл ХІХ ға­сырда өмірде болған қыз тағдыры, «Бол­машы әңгіме» де өз зама­нында қыз тағдырына арналған. 

«Шымдан» – үлкен хикаят. Ол – ертегі, аңдар патшалығында болған оқиға, шынында аллего­риялық хикая. Алғашқы шыққан дүниесі сол еді. Мұхтар Шаханов ағамыз «Жалын» журналын бас­қарған шағы еді, осы хикаяны жур­налға басып шығарды. Талас­бек «Өмір бойы ағама қарыз­дармын» деп өтті. Таласбектің 2-3 жылда бір шығармасы әрең-әрең басылатын. Ал ол кезде бір күнде бір дүние жазатындай күш-қуаты болған еді. Кей мақаласынан теперіш көргеннен кейін жазбай да кетті. 15 жылдай ештеңе жазбады. 2000 жылдары Мейірхан Ақдәулет ағамыз Ақ­төбеден «Ал­тын орда» газетін аш­ты. Әлия Бөпежанова апа­мыз­бен бірге «Қазақстан ро­ма­ны» байқауын өткізген. Сонда Зейнолла аға (Се­рікқалиев) қой­май, Таласбекке күнде телефон соғып, «Сенің дең­гейіңді, өрең­ді білемін. Жазу­дан көңілің қайт­қа­нын білемін, бірақ сен жаз», – дейтін. Сөйтіп, байқауға «Кәрі күйші» әңгімесін жазды. Ол «Тал­түстің» жалғасы. Әлия Бөпе­жанова апамыз қол­дап, жағымды рецензия жазып берді. Осы­лай­ша, Таласбек бай­қауда жүл­де­герлердің бірі болып, шы­ғарма­шылыққа қайтып келді. 

Кинодраматургияны Талас­бек жас кезінен армандады. Бірақ білім алуға қолы қысқа болған­дықтан бара алмады. 80-ші жыл­дардың басында Төлен Әбдіктің «Оң қол» әңгімесін сценарийге айналдырып, режиссерді де тап­ты. Бірақ режиссер біраз нәрсені өзгертемін дегенде, оған Төлен ағамыз келіспеді. Сондықтан бұл жоба іске аспады. Әлия Бөпе­жа­нова апамыз Досхан ағамызбен таныстырды. Ол да «Біржан сал» туралы кино түсіргенді арман­даған екен. Тұңғыш баласының да аты – Біржан. 90-шы жылдар­дың басында атақты режиссермен бұл жобаны бастап кетті. Бірақ кино басталмай жатып-ақ сол режис­сер бөлінген ақшаны жоқ қылған. Сөйтіп, бір жылдан кейін Досхан ағамыз Әлия апамызбен жаңа жобаға сценарий жазуға кімді тартуға болатынын ақыл­дасыпты. Әлия апа бірден Талас­бекті ұсын­ған. Кейін екеуі бірле­сіп, «Бір­жан», «Құнанбай», «Тұ­мар патшайым», «Жезтыр­нақ­тың» сценарийін жазды. «Жезтырнақ» Оңтүстік Кореяда халықаралық байқауда жеңіске жетті. Бірақ кино боп түсірілмеді.

– Аға әдеби ортада «ағала­ры­нан» көп теперіш көрген сияқты. «Алғашқы кітабын жарыққа шы­ғару мұң болды» дейсіз. Жалпы сын­шы, кинодраматург, күй зерт­теушісі, ғалым адам. Бірақ – жал­ғыз. Жан дүниесін түсінетін, өзін қабылдайтын орта таппады ма?

– Бір кездері әдебиетшілер қауымы Мұхтар Мағауин ағамыз­ды жау көрді. Ал Таласбек оны «ұстазым» деп білген. Сол үшін Мағауинге қолы жетпегендер сту­дент, жас Таласбектің жолын кесті. Таласбек Мағауинді қор­ғай­мын деп мақала жазған, сыншы боламын деп емес. Біраз уақыт әдеби ортадан шеттетілді, қуылды. Кейін Таласбек оның бәрінен шаршап, Мағауиннің емес, Асқар Сүлейменовтің шә­кіртімін дейтіні сондықтан. «Кемеңгердің өмірінен бір үзік сыр» атты көлемді мақала жазды. Ал «Мағауин – менің ұстазым емес» дегені – жай ғана реніштен айтылған сөз. 

Таласбектің мақалаларының жинағы алтыншы томға шықты. Ол жерде Дидар Амантайды қорғап жазғаны бар. Қазіргі тіл­мен айтқанда, әдеби ортада Ди­дарға буллинг жасалды. Жас та­лантты жазушыны табалағанына шыдап тұра алмады.

Ол қаламды ғана емес, күй­шілікті де жанына серік етті. Құрманғазыны жазды, Абылай ханның кеңесшісі болған Бай­жігіт деген күйшіні зерттеді, Тәттімбетті насихаттады. Сосын қазақтың рушылдығы да Талас­бектің тағдырына әсер етті. Өйт­кені Таласбек Байжігітті айтып, күйін шертеді. Ол – керей. Ке­рей­лер ренжиді. Неге? Таласбек – найман. Бірақ Мағауин жазған­дай, керейлерден Байжігіттің күйлерін шертетін домбырашы болмады.

Таласбек ұзақ уақыт бойы Қытайдан, Моңғолиядан Бай­жі­гіттің күйлерін сақтаған адамдар келеді, қосылады деп үміттеніп жүрді. Шынымен, 70-ші жылдары сондай адамдар болды. Олар Та­ласбекке таспаларды жібереді екен. Таласбек «Ықылас» музе­йінде істегенде Байжігіттің күй­лерін жазып алып, шекарадан асы­рып, елге жібергендер болып­ты. Бірақ оның бәрі Таласбектің қолына жетпеген. Кейбіреулер оны жолдан алып қалады екен. 90-жылдары шекара ашылғанда ол жақта ондай күйді шертетін адам қалмағанына көзі жетті. 

Әдеби ортада бәрінен теперіш көрді деп айта алмаймын. Асқар Сүлейменов, Зейнолла Серік­қа­лиев сияқты ағалары қадірін білді ғой. Зейнолла ағамыз кезінде «Талтүс» романын жаздыртуға себепкер болды. Таласбек өмі­рінің соңында «Рымғали Нұр­ғалиев ағамыз мені шәкірттікке шақырғанында баруым керек еді. Шәкірттеріне жағдай жасап берді, дер кезінде пәтер алатын едім», – деп өкінгені де бар. 

– Аға ұмытылған күйлерді тірілтті. Әсіресе, Тәттімбеттің күй­лерін зерттеуде айрықша рөл атқарды. Одан бөлек, кімдерді зерттеді? Ол кісі тапқан, қазір көп­шілік елеусіз қалдырған кімдер бар? 

– Тәттімбеттің күйлері Талас­бектен бұрын да шертілді ғой. Әбікен Хасенов, Мағауия Хамзин деген аға буын күйшілер Тәттім­беттің күйлерін сақтады. Ал Таласбек солар сақтамаған кейбір күйлерін алып келді. Байжігіттің 160 күйі бар. Таласбектің атасы оның 90-ға жуық күйін шертті. Таласбек 50 шақты күйін білді, бірақ жаза алмады. Бастысы, Таласбек Байжігітті сақтап қалды, қазақ күй өнерінде 34 күйін сақ­тады. Өзі «Бір күйдің жоғалға­ны – бір адамның өлгенімен пара-пар» деп айтушы еді. Талас­бек жас кезінде 90-ға жуық күй жатқа білген, бірақ нота жаза ал­мағандықтан, бәрін толық сақ­тап қала алмаған. Бірақ Маға­уин­нің қолқасымен жазылған күйлер бар. Мысалы, «Алматы» телеар­насының 2-3 хабарына шығып жазғаны да бар. Бүгінде оларды қанша іздесем де, таба алмадым. Содан біраз күй жойылып та кетті. Байжігіттің «Көкейкестісі» болды. Тек Тәттімбеттің ғана «Көкейкестісі» емес, бұл шертпе күйдің ерекшелігі бөлек. Алғаш үйленген кезімізде Байжігіттің «Көкейкестісін» маған жиі шертіп беретін. Кейін Таласбек қайтыс болғаннан кейін, соның бәрін қолға алып, шәкірттерінің көмегімен жинадым. Әсіресе, домбырашы, өнертанушы Рүстем Нұркеновтің көмегі зор. Екеуміз архивтерге іздеу салып көріп едік, табылмады. XIII ғасырдың күй­шісі Кетбұғаның «Ақсақ құлан» деген күйін білеміз. Оны Таласбек атасынан үйренген. Одан басқа, ертеде өмір сүрген Сақбикенің, Қасабайдың, Қызылмойын Қуан­дықтың, XX ғасырдың ба­сында өмір сүрген Мағжан Жұ­мабаевтың ұстазы Ақай қажының бір күйін және атасының күй­ле­рін сақтаған. Мағауия Хамзин – Балқаштан шыққан Аққыз деген күйші апамыздың шәкірті. 70 жылдардың соңында күйші Ал­матыға келгенде Таласбек те Жү­сіпбек Елебековтің үйінде оты­рып, оның әңгіме күйлерін тың­даған. Сол жерде «Қаршығалы кезім-ай» күйін үйреніп алған.

60-шы жылдардың басында консерваторияның фольклор бөлімінің мамандары ауылға ке­ліп, жазып алған күйлерін тап­тық. Бұл – «Талтүсте» де бар эпи­зод. Өкінішке қарай, Қытайда шығарған CD альбомымыз са­пасыз болып шықты. Негізі, өт­кен ғасырдың 50-ші жылдары Та­ласбектің атасы да білген күй­лерін жаздыру үшін Алматыға кел­ген екен. Оны түрмеден шық­қан адам деп, ешкім мойындамай, жазып алмаған. 

– Таласбек аға көзі тірісінде «Өтүкен» сайтын құрды. Ол сайт­тың қазіргі халі нешік?

– 2010 жылы Астанаға көшкен жылы «Алтын Орда» жабылып қалды. Таласбек тағы да жазғанын шығару мұң болды. Содан жаз­ғанын емін-еркін жарияласын деп, «Өтүкен» сайтын құрдым. Та­ласбек интернет әлемінен өте алыс адам болды. Өмірінің соңғы жылында ғана интернетке кіріп, мәтін теруді үйренді. Ілияс Жан­сүгіровтің жиеншары Фатима Жандосоваға қолқа салып едім, сайтты құруға көмектесті. Сайтқа Таласбектің, өзімнің жазғаным­ды, марқұм замандасымыз ми­фология зерттеушісі Серікбол Қондыбайдың кейбір дүниелерін насихаттау үшін салып отырдым. Сиясы кеппеген туындыларын да сайтқа шығарып жүргенімде Таласбек қатты қуанатын еді. Бірақ сайт үшін үкіметтен еш­қандай қолдау таппадым. Тек Атырауда Бауыржан Ғибадоллатегі деген мықты азамат бар. Өзі – «Байқұтан» деген төбеттерді сақ­тайтын қоғамдық қордың бас­шысы. Бір күні хабарласып, қол­ұшын созатынын айтты. Сон­да «Өтүкен» сайтының тех­ни­калық платформасы тозғанын түсіндіріп, мың доллар керек екен деп едім, сөзге келмей сол қаражатты аудара салған. «Қазір де қолдайын десем, кәсібім алға тартпай жатыр», – дейді. Одан басқа ешкімнен қолдау таба ал­мадым. Таласбектің кітабын ала алмай жүрген жастар сайттан оқысын деп, әлі де жалғастырып жатырмын.

«Құнанбай» фильмін түсір­генде басы-қасында болды. Сол түсірілімнен кейін ұлы Жансүгірге домбыра сатып әкеліп, «күй үй­ретем» деген арманы болған екен. Қазір ұлы домбыра шерте ме?

– Таласбек балаларға ешқа­шан домбыра үйретпеді. Бірін­шіден, кішкентай балаларға үй­ретуге жүйкесі шыдамайтын. Есейген балаларға ғана үйретті. Екіншіден, Таласбек – қазақ қо­ғамынан әбден көңілі қалған адам. Тұңғышымыз – қыз бала, оның қабілеті күшті екенін бай­қап жүргенімен, күйші болғанын қаламады. «Қазақ күй қадірін білмейді, өмір бойы мен сияқты қиналмасын», – деді. Сол үшін балаларына күштеп домбыра үйреткен емес. Сматай Үмбетбаев деген қобызшы дүниеден өткен. Бір кезде сол кісімен дастархандас болғанда, одан «Сматай аға, сіз­дің күйіңізді, қобызды ұстап қал­ған шәкіртіңіз бар ма?» – деп сұ­рағанымда, «Жоқ», – деді. Та­ласбек оның мықты шәкіртінің бірі – Мақпал Жүнісова болды деп айтатын. Мақпал Жүнісова А.Жұбанов мектебінде оқыды. Дауысында да қобыздың реңктері бар. Кейін Сматай Үмбетбаевқа да келіп оқыды. Бірақ Сматай аға балаларына үйретпеді. Неге еке­нін сұрағанымызда: «Үйреткім келмейді. Талай байқауларда мені құлатты. Оған шыдадым. Егер ертең баламды құлатса, оған шы­дай алмаймын, жүрегім ауыра­ды», – деп баласының қобызшы болғанын қаламады.

– Таласбек Әсемқұловтың есімін ұмыттырмай, жаңғыртып отыратыныңызды, жыл сайын шығармашылық байқау өткізіп, жастарды марапаттап жүргеніңізді білеміз. Бұл да жарыңызға деген құрметіңіз болар. Дегенмен мұндай іс-шараларды өткізу оңай емес. Қолдау беретін, көмек көрсететін жандар бар ма?

– Әлия Бөпежанова апайы­мыздың жары Асқар Сүлейменов үшін жасаған дүниелері көп. Ақтаудағы апамыз Балсұлу Қон­дыбай марқұм інісі Серікбол Қондыбайдың кітаптарын түгел шығартып, он шақты ғылыми, халықаралық конференция өткі­зіп жүр. Осының бәрін көргеннен кейін мен де бір дүние жасағым келді. Шәкірттерімен бірге Талас­бектің 8 томын шығардық. Қазір сол томдарды бөлек кітап қып, шығарып отырмыз. Сол кітапты сатып, одан түскен ақшаға тағы кітап шығарып жүрмін. Байқауды ертерек бастадық. Биыл алтыншы рет өтіп отыр. 

Одан бөлек, Оразбек атты күйшінің қызы Күлайна Оразбек кезінде әкесіне арнап байқау ұйымдастырған. «Күйшілер, домбырашылар байқауын қалай өткіземін?» – деп жүргенімде, Кү­лайнаның әлеуметтік желіге салған әкесінің күйін орындауға арнаған байқау шарттарын көріп қалдым. Мен де солай істеуіме болады екен деген ой келді. 2 жыл­дай онлайн өтті, кейін кәсіп­кер құрбым (аты аталғанын қаламайды) «Өтүкен» қорымызға күйшілер байқауын өткізу үшін қаржылай көмектесіп отырды. Ал қаламгерлер байқауын өзіміз ұйымдастырамыз. Таласбектің шәкірті Ербол Алшынбаймен бірге өткіземіз. Кейін де бірте-бірте көмектесетін адам табылар деген үмітіміз бар. Ал күй жағын ұйымдастырумен Рүстем Нұрке­нов айналысады. Мадина Ома­ро­ва сияқты Таласбектің адал шә­кірттері, алғашқы жүлде алған Сағадат Ордасова, филолог, жазушы, сыншылар, Таласбектің көзін көрмеген жас филолог-журналистер де жиі көмектесіп жатады. 

– Аға қайтқаннан кейін берген бір сұхбатыңызда: «Таласбек соң­ғы кездері өмірден шаршаға­нын айта беретін», – деген екенсіз. Дерті жанына батқан соң, осылай дейтін бе еді?

– Бір жағы, дерті әбден жаны­на батқан. Өйткені 1973 жылы Алматыға келеді. 1976 жылдан бастап үйсіз жүрді. 2000 жылы ғана үй алдық. Таласбекке арнал­ған «Талтүстің» жалғасы іспеттес «Соперница» деген хикаятым бар. Сол жерде көрсетілгендей, аяғым ауыр болғаннан бастап күн-түн демей, тыным таппай жұ­мыс істеді. Тұңғышымыз Ха­диша екі жасқа келгенде үй ал­дық. Алма­тыда үйсіз жүрген кез­дері ден­саулығын құртып алды. Заман­дастарынан көңілі қалғаны тағы бар. Өмірінің соң­ғы жылдарында балаларын же­тілдіру мен жазу қызығы ғана қалды. Мағжанның да «Дүние абақты ғой саналыға» деген сөзі бар емес пе?!

– Сізде қаламгердің ең үлкен екі аманаты бар: қызы мен ұлы. Балалармен оңаша қалғанда әкесі туралы жиі сырласасыздар ма?

– Олар менің балаларым не­месе сүйген жарымнан тапқан бақытым ғана емес, олар – Та­ласбек сияқты азаматтың маған қалдырған аманаты. Әкесінен айырылу оларға қиын соқты. Әсіресе, қызыма ауыр болды. Өзі әкесінің қызы еді. Мінезі де, сезімталдығы да айнымаған әкесі. 10 жылдан бері қызым енді ғана ашылып сөйлейді, соның өзінде «Мен еш­қашан толық сауықпаймын, бұл мұң менімен мәңгі қалады» деп жабырқап қалады. Ұлым 8 жа­сын­да әкесінен айырылды. Та­ласбектің қырқын өткіземіз деп мейрамханаға бар­ғанымызда Жансүгірдің көңілі көтеріліп, шапқылап жүрді. Сөйтсек, кіш­кентай баламыз әкесінің бақи­лыққа кеткенін түсінбей, «Әкем осындай әдемі жерде тұрып жа­тыр, әкеме қо­наққа келдік» деп ойлаған екен. Балаларыма кіш­кен­тай кезінен алғыс сезімін егу­ге тырысып кел­дім. Өмір­ле­рінде осындай әкесі болғанына Жаратқанға алғыс айтуы керек деп үйреттім. Әке­сінің кітаптарын оқиды, күйлерін тыңдайды. Бірақ арасында әкесі туралы жылы ес­теліктерді айтып отырамын, өйт­кені әке бейнесі олар үшін тек трагедиялық тұлға болып қалма­сын деймін...

Aikyn.kz