
Балалар мен жасөспірімдерге қазақ тілі мен ұлттық құндылықтарды заманауи әрі қызықты форматта үйретуді мақсат ететін мобильді ойын Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен Тіл саясаты комитетінің тапсырысы бойынша әзірленген.
Жоба авторларының айтуынша, Steppe Games мобильді ойыны қазақ тілін оқытудың интерактивті әдістемесіне негізделіп, ойын арқылы тіл үйренудің тиімділігін арттыруға және қазақ тіліндегі сапалы цифрлық контентті дамытуға, ұлттық мәдени құндылықтарды дәріптеуге және мемлекеттік тілдің цифрлық кеңістіктегі әлеуетін арттыруды көздейді.
Ресми таныстырылым барысында Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының бас директоры Мақпал Жұмабай ойынның негізгі идеясын таныстырып, оның мазмұндық және әдістемелік ерекшеліктеріне тоқталды. Ол ойынның тілдік дағдыларды механикалық жаттатудан гөрі тәжірибелік қолданысқа бағыттап, балалардың қазақ тілінде еркін сөйлеу қабілетін дамытуға мүмкіндік беретінін атап өтті.
– Steppe Games – тіл үйрету мен ұлттық құндылықтарды біріктірген edutainment (education + entertainment) форматындағы алғашқы қазақша мобильдік ойын. Оқиға желісіне құрылған интерактивті ойынның басты кейіпкерлері – білімге құштар Айша мен Арман және олардың серігі Тазы. Тазы адалдық пен тұрақтылықтың символы есебінде арнайы таңдап алынды. Олар Қазақстанның түрлі аймағын аралап, тілдік тапсырмаларды орындап, жаңа өз дүниетанымын кеңейтеді. Ал мұндағы ойын картасы еліміздің нақты географиялық аймақтарына негізделген: алғашқы нұсқада Астана мен Алматы қамтылды, ал болашақта барлық өңір енгізіледі, – деді ол.
Шара аясында ойынның құрылымы мен функциялары таныстырылып, қатысушылар қосымшаны тәжірибе жүзінде сынап көрді. Балаларға арналған арнайы ойын аймағы ұйымдастырылып, әрбір кішкентай қонаққа естелік сыйлықтар табысталды.
Сондай-ақ таныстырылымын рәсіміне қатысушылар жоба авторларын құттықтап, интерактивті ойынның мемлекеттік тіл саясатын ілгерілетудегі және білім беру саласын цифрландырудағы маңызды рөлін талқылады. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек бұл бастаманың қазақ тілін үйретудің жаңа, креативті және қолжетімді форматын қалыптастыратынын айтты.
Steppe Games мобильді қосымшасы App Store және Play Market платформаларында қолжетімді.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.