Ереуілшілер дегеніне жетті
Түркияның Ван провинциясында басталған ереуілді елдің бірқатар аймақтарының тұрғындары қолдады. Соның ішінде Хаккари провинциясы да бар. Ереуілге жергілікті сайлауда жеңіске жеткен DEM партиясы өкілі Абдуллах Зейданды Орталық Сайлау комиссиясының тіркемей қойғаны себеп болған еді.
Түркия әділет министрлігі DEM партиясы өкілі Абдуллах Зейданның бірқатар заңсыз әрекеттерін анықтап, сайлау нәтижесін мойындамау туралы ұсыныс жасаған болатын. Сөйтіп Орталық сайлау комиссиясы оның орнына биліктегі «Әділет және даму» партиясының өкілі Абдулахат Авшарды провинция мэрі ретінде тануға шешім қабылдаған еді. Бұған сайлаушылар наразылық танытып, ереуліге шықты. 2 сәуір күні Ван қаласына ереуілшілерді тыныштандыру мақсатында күш құрылымдары тартылды. Соның ішінде жандармерия күштері де бар
Ал Абдуллах Зейданның адвокаттары ОСК –ге шағымданып, 3 сәуірде DEM партияның үміткерінің жеңісін заңды деп танылды. Дегенмен Түркия билігі провинцияда екі апта бойы наразылық шарасын өткізуге тыйым салған болатын.