Саясат

Қоғамға псевдотеория тарататындар көбейді – Айдос Сарым

Депутат псевдопсихологиялық және эзотерикалық ағымдардың белсенділігіне алаңдаушылық білдірді,

Мәжіліс депутаты Айдос Сарым Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның атына жолдаған депутаттық сауалында кейінгі жылдары елде кеңінен таралып жатқан псевдопсихологиялық және эзотерикалық ағымдардың белсенділігіне алаңдаушылық білдірді, деп хабарлайды Oimaqnews.kz  turkystan.kz.сайтына сілтеме жасап. 

Депутаттың айтуынша, өзін «рухани ұстаз», «коуч», «нумеролог», «психолог» деп таныстыратын адамдар әлеуметтік желілер мен түрлі платформаларда белсенді насихат жүргізіп, азаматтарды адастырып жүр.

– Қазір қай сайтқа кірсең де, адамның ішкі әлемін «емдеп», тағдырын «өзгертіп береміз» дейтін жалған мамандарды көресің. Бұлар өздеріне жалған диплом жасап, «академия» немесе «халықаралық ұйым» атынан сөйлеуде. Ең сорақысы – кейбірі мемлекеттік мекемелер мен квазимемлекеттік ұйымдарға дейін жетіп, қоғамдық деңгейде проблемаға айналды, – деді Айдос Сарым.

«Сюцай» – сандық психология ма, жоқ әлде секталық бизнес пе?
Депутат ерекше мысал ретінде соңғы кезде кеңінен тараған «Сюцай» атты курстарды атады. Бұл бағыт өзін «адамның ішкі әлеуетін ашатын сандық психология» деп таныстырғанымен, Сарымның айтуынша, ғылыми негізі жоқ және эзотерикалық сипаттағы коммерциялық жобаға айналып отыр.

– Бұл курстар жабық форматта өткізіліп, қоғамға псевдотеория таратып жүр. Лицензиясы да, сертификаты да жоқ. Көптеген адамдар, әсіресе әйелдер мен жастар, осы курстарға алданып, қаржысын жоғалтып, психологиялық тәуелділікке түсіп отыр, – деді ол.

Айдос Сарымның пікірінше, мұндай ағымдар енді жеке адамдардың мәселесінен асып, қоғамдық тұрақтылыққа әсер ете бастаған.

– Бұл – әркімнің жеке сенімі немесе таңдау еркіндігі мәселесі емес. Эзотерикалық ағымдар мемлекеттік ұйымдарға дейін кіріп кетсе, онда бұл – қоғамның рухани қауіпсіздігіне төнген қатер, – деді депутат.

Айдос Сарымның айтуынша, «рухани коучтер» көбіне әлеуметтік әлсіз топтарды нысанаға алады, ал олардың уағыздары отбасылық және әлеуметтік күйзеліске, тіпті психологиялық дағдарысқа әкеліп отыр.

Депутат осындай жалған ағымдарға қарсы кешенді ақпараттық және құқықтық шаралар қабылдау қажет екенін атап өтті. Ол министрліктен эзотерикалық курстар мен лицензиясыз психологиялық қызметтерге нақты бақылау орнатуды ұсынды.