Қоғам

Құны 20 млн теңгеден асатын 4 тонна насыбай тәркіленді

Құны 20 млн теңгеден асатын 4 тонна насыбай тәркіленді

Елорданың барлық аудандарында 18 наурыздан бастап вейп пен насыбайдың заңсыз таралуы мен қолданылуын анықтау бойынша рейдтер жүргізіліп жатыр.  Полицейлер аудан әкімдіктерінің өкілдерімен бірлесіп сауда нүктелерін тексеріп, таратушыларды әкімшілік жауапкершілікке тартады. 

Елорда әкімдігі сайтының хабарлауынша, рейд басталғаннан бері Астананың бес ауданында 800-ден астам сауда нүктесі тексерілді. Полиция департаментінің қызметкерлері аудан әкімдіктерімен бірлесіп шекпейтін темекі өнімдерін, оның ішінде насыбай өндірісі бойынша жерасты цехтарын сатудың 150-ден астам фактісін анықтады.

Астана бойынша құны 20 млн теңгеден асатын 4 тонна насыбай тәркіленді. Аталған өнімдер жойылды.

Алматы ауданындағы рейд барысында полицейлер 57 фактіні анықтады, оның ішінде:

- Шекпейтін темекі өнімдерін сатудың 42 фактісі (насыбай) тіркелді. Барлық фактілер бойынша 25 АЕК мөлшерінде айыппұл түрінде әкімшілік жаза қолданылып, ҚР ӘҚБтК-нің 196-бабы бойынша әкімшілік хаттамалар жасалды.

- Мекемелерде темекі өнімдерін (кальян) тұтынудың 14 фактісі тіркелді. ҚР ӘҚБтК-нің 441-бабы бойынша 15 АЕК мөлшерінде айыппұл түрінде әкімшілік жаза қолданумен әкімшілік хаттамалар толтырылды. 

- Жиырма бір жасқа толмаған адамдарға темекі бұйымдарын сату фактісі тіркелді. ҚР ӘҚБтК-нің 423-1-бабы бойынша 15 АЕК мөлшерінде айыппұл түрінде әкімшілік жаза қолданылып, әкімшілік хаттама жасалды. 

Сарыарқа ауданында рейд басталғаннан бері 60-тан астам бұзушылық анықталып, 30 келіге жуық насыбай тәркіленді.

Байқоңыр ауданында жедел-профилактикалық іс-шаралар барысында 180-нен астам сауда нүктелері тексеріліп, шекпейтін темекі өнімдерін сатудың 6 фактісі анықталды. Полиция қызметкерлері кәсіпкерлерге қатысты ҚР ӘҚБтК 196-бабы мен 423-бабы 1-бөлігіне сәйкес, 25 АЕК (92 300 теңге) сомасына айыппұл түрінде әкімшілік шаралар қабылдады.