Қоғам

Шымкенттегі атышулы іс: аппеляциялық сот отырысы басталды

Бұл жолы Руслан Берденов сотқа келмеді

Шымкентте қала әкімінің бұрынғы орынбасары Руслан Берденовке жасалған қастандық ісі бойынша апелляциялық сот отырысы басталды, деп хабарлайды Oimaqnews.kz  Qaz365.kz.сайтына сілтеме жасап.

Іс бойынша сотталған Ернар Жиембай мен жәбірленуші тарап үкіммен келіспей, сот шешімін өзгертуді талап етті.

Алғаш болып сөз алған Руслан Берденовтің адвокаты Жеңіс Тыныбек сотталушының әрекетін ауыр бапқа қайта ауыстыруды сұрады:

«Ернар Жиембайды Қылмыстық кодекстің 99-бабының 2-бөлігінің 2 және 6-тармақтары бойынша кінәлі деп тануды сұраймыз. Алдыңғы сот заңсыз үкім шығарды, сондықтан үкімді өзгерту қажет», – деді адвокат.

Сотта сөз алған Ернар Жиембайдың әкесі Жиембай Пралиев болған оқиға барысын баяндап, ұлының жазасын жеңілдетуді сұрады. Оның айтуынша, оқиғада әкім орынбасарына оқ ату ниеті болмаған.

«Балам Берденовті қорқыту үшін ғана барған. Оқты оған емес, аспанға атқан. Кейін Сырымбек Тау екеуі аурухана ауласында кездесіп, ымыраға да келді. Бірақ кейін кешірім берілмеді. Ұлымның әрекеті – ашу үстінде болған іс, өлтіру ниеті болған жоқ. Сондықтан істі 106-бапқа (денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру) ауыстыруды сұраймын», – деді ол.

Пралиевтің айтуынша, бастапқыда іс «Адам өлтіруге оқталу» бабының 2-бөлігі бойынша тергелген, кейін прокуратура оны 1-бөлікке жеңілдеткен. Енді қорғаушы тарап бапты тағы да жеңілдетуді сұрап отыр.

Апелляциялық соттың алғашқы отырысы шамамен бір сағатқа созылды. Бұл жолы Руслан Берденов сотқа келмеді, ал сот залында Ернар Жиембайдың туыстары көп болды. Келесі отырыс бүгін сағат 16:00-де өтеді, онда сотталғанның өзі сөз сөйлейді деп жоспарланған.