Президент Бекет ата Мырзағұлұлының 275 жылдығына орай құттықтау хат жолдады
Мерейтой аясында Шопан ата мен Бекет ата мешітіне зиярат жасалды.
Маңғыстау облысының Тобықты жерінде Бекет ата Мырзағұлұлының 275 жылдығы мен оның рухани ұстазы Шопан атаның рухына арналған бірқатар шара ұйымдастырылды. Екі күнге жалғасқан ауқымды мерейтойға еліміздің түкпір-түкпірінен және алыс-жақын шетелден 10 мыңнан астам қонақ жиналды, деп хабарлайды Oimaqnews.kz turkystan.kz. сайтына сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мерейтойға құттықтау хат жолдап, Бекет атаның ел руханиятындағы орнына тоқталды. Президенттің құттықтауын аймақ басшысы Нұрдәулет Қилыбай халыққа оқып берді.
– Бекет Мырзағұлұлы – еліне тұтқа, жұртына пана болған тұғырлы тұлғаларымыздың бірі. Ол бүкіл ғұмырын халқының дүние танымын байытуға арнап, ағартушылықпен айналысты. Бекет ата күллі қазаққа және бауырлас елдерге ғұлама ойшыл, аты аңызға айналған әулие ретінде танылды. Менің тапсырмаммен, Оғыландыдағы жерасты мешітін және осы аймақтағы басқа да тарихи нысандарды ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне қосу үшін нақты жұмыс атқарылып жатыр. Жұртын ізгілікке үндеген абыздың болмысын биіктете түсетін мәдени-рухани құндылық ұлттық ұғымыздың баға жетпес байлығы саналады. Оны сақтау, ұрпаққа мирас ету – парыз. Баршаңызға амандық, бақ-береке тілеймін, – делінген құттықтауда.
Іс-шараға Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары, зиялы қауым өкілдері, қоғам және мәдениет қайраткерлері, жастар сондай-ақ өзге де шақырылған қонақтар қатысты.
Мерейтой аясында Шопан ата мен Бекет ата мешітіне зиярат жасалды. Тай жарысы, аламан бәйге, қазақ күресі, гір тасын көтеру секілді ұлттық спорт түрлерінен сайыстар ұйымдастырылды. Келушілер үшін 100-ден астам киіз үй тігіліп, ас берілді.
Сонымен қатар, шара мазмұны терең рухани-мәдени бағдарламалармен жалғасты. «Ойталқы» алаңында белгілі тұлғалар елдік пен бірлік, рухани сабақтастық жайлы пайымды ойларымен бөліссе, «Маңғыстау машайықтың басқан жері» атты концерттік бағдарлама мен «Әулиелер әуезі» дәстүрлі өнер кеші көпшілікке рухани әсер сыйлады.
Барлық мерейтойлық іс-шаралар демеушілердің қаржысы есебінен ұйымдастырылды.