Түркістан облысында әлем чемпиондарына көлік берілді
Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Түркістан облысының спортшылары 2025 жылдың 9 айында Қазақстан чемпионаттарында – 1060 медаль, Азия чемпионаттарында – 109 медаль, әлем чемпионаттарында 79 медаль жеңіп алды. Бүгін солардың бірқатарын Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров арнайы марапаттап, құрмет көрсетті. Бекзат Саттарханов атындағы спорт кешенінде өткен кездесуде жуырда еркін күрестен және армрестлингтен әлем чемпионатында ел сенімін ақтаған спортшылар марапатталды, деп хабарлайды Qaz365.kz
Салтанатты іс-шарада Нұралхан Көшеров Хорватияда өткен әлем чемпионатында қола жүлдегер атанған Асылжан Есенгелдіге жаңа көліктің кілтін тапсырды. Сонымен бірге армрестлингтен әлемнің бірнеше дүркін чемпионы атанып, ел абыройын асырып жүрген Санжар Зәрубекке, Нұрдәулет Айдарханға және Ердәулет Мұхамбетовке де алғыс хат пен «темір тұлпар» кілттері тапсырылды. Ал армрестлинг құрамасына 10 миллион тегенің сертификаты берілді. Жалпы, 24 спортшы мен бапкер алғыс хатпен марапатталды.
Айта кетейік, Загребте өткен әлем чемпионатында Түркістан облысының өрені Асылжан Есенгелді 61 келі салмақ дәрежесінде қола жүлде жеңіп алды. Бұл спортшы жастар арасындағы әлем чемпионаттарында да күміс және қола жүлдегер атанған. Облыс аумағында еркін, грек-рим және әйелдер күресін дамыту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Бүгінде 5500-ден астам спортшы аталған спорт түрлерімен тұрақты түрде айналысады. Оларды 260 жаттықтырушы дайындауда. Қазіргі таңда 34 спорт ұйымында күрес үйірмелері бар.
Ал Армрестлингтен Болгария елінің Албена қаласында өткен 46-шы әлем чемпионатында Түркістан облысының 19 спортшысы әлем чемпионы атанды. Армрестлингтен облыс сайыпқырандары Азия чемпионаттарында 350 алтын еншілеген. Ал әлем чемпионаттрында 113 алтын медаль иеленіп, Қазақстанның Әнұранын шарықтатқан.