Спорт

Шавкат Рахмонов "октагонға орала алмайды"

Бұл «жаңалықты» бірнеше шетелдік және ресейлік ақпарат құралдары таратып үлгерді.

Әлеуметтік желідегі 150 мыңнан астам жазылушысы бар танымал UPFRONT MMA аккаунты қазақстандық UFC жартылай орта салмақ өкілі Шавкат Рахмоновтың жарақатының қайталанғаны туралы ақпарат жариялады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты Sports.kz сайтына сілтеме жасап.

Постта Шавкат жаттығуларын қайта бастағаннан кейін бұрын операция жасалған тізесін қайта жарақаттап алып, октагонға тағы он ай бойы орала алмайды деген мәлімет айтылған. Алайда UPFRONT MMA бұл деректі қазақстандық «Хабар 24» телеарнасына сілтеп көрсеткенімен, аталған арнада мұндай ақпарат мүлдем айтылмаған. Соған қарамастан, бұл «жаңалықты» бірнеше шетелдік және ресейлік ақпарат құралдары таратып үлгерді, тіпті кейбірі бұл жарақат «Номадтың» UFC-дегі мансабына нүкте қояды деп болжам жасаған.

Аталған қауесеттер аясында Шавкатты таныстыратын Dar Pro Team командасы Stories-те залдағы спортшылардың жаттығуынан фото және видео жариялап, онда Рахмоновтың да бар екенін көрсетті.

Еске сала кетейік, Шавкат Рахмонов UFC-де соңғы рет 2024 жылдың желтоқсанында Лас-Вегаста ирландиялық Иэн Гэрриді жеңген еді. Одан кейін ол ота жасатып, ұзақ уақыт бойы қалпына келтіру кезеңінен өтті.