Қоғам

Бектенов Алматының тауларында қандай коттедждер мен тұрғын үй кешендері бұзылатынын айтты

Премьер-министр депутат Бақытжан Базарбектің сауалына жауап берді.

Премьер-министр Олжас Бектенов Іле Алатауының баурайындағы заңсыз тау жыныстарын қиып, өзендер мен сайларды рұқсатсыз толтырып, жаппай құрылыс салғандарға қатысты Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбектің сауалына жауап берді, деп хабарлайды Oimaqnews.kz  Qaz365.kz.сайтына сілтеме жасап.

Өз жауабында Олжас Бектенов қала аумағындағы тау бөктеріндегі жер телімдерін бұған дейін Алматы облысының Қарасай және Талғар аудандарының әкімдіктері бөліп бергенін, олардың 1998–2014 жылдары Алматы қаласының шекарасына қосылғанын айтты. 2021 жылдан бері тау бөктерінен жаңа жер телімдері берілмеген.

Оның айтуынша, Алматы қаласының құрылысқа бақылау жасау басқармасы да заң бұзушыларға қатысты әкімшілік шара қолдануда. Оның ішінде — нұсқама беру, айыппұл салу және заңсыз құрылыстарды бұзу жөнінде сотқа талап арыз түсірілген.

Үкімет басшысы бірқатар нысандар бойынша деректер келтірді:

«Беверли Хиллс» коттедж қалашығы 2021–2022 жылдары берілген рұқсат құжаттарының негізінде пайдалануға берілген;

Қолсай шағын ауданындағы (2428, 2428/1 үйлер) учаскелерге рұқсат берілмеген, ал 362-учаскедегі нысан ішінара пайдалануға енгізілген;

«Горный гигант» ПК-ға қарасты 554-учаске бойынша жобалық құжаттама жоқ. Құрылыс салушыға қатысты әкімшілік шаралар қолданылып, тұрғын үйді сүру туралы сотқа талап-арыз берілген;

«Горный гигант» ПК, 20А мекенжайындағы нысан бойынша тұрғын үй кешенін салуға рұқсат 2021 жылы берілген;

«Prime Park» тұрғын үй кешенінде анықталған заңбұзушылықтар түзетіліп, нұсқама орындалған (техникалық тексеру жүргізіліп, оң қорытынды алынған, құрылыс-монтаж жұмыстары туралы хабарлама берілген);

«Монблан» және «Швейцария» тұрғын үй кешендері бойынша құрылыс салушыға әкімшілік шаралар қолданылып, нысандарды сүру туралы сот шешімдері шыққан. Қазіргі таңда атқару ісі Алматы қаласы Әділет департаментінің бақылауында.

Бектеновтің сөзінше, 2025 жылы Әділет департаментінің өндірісінде таулы аймақтағы нысандарды сүруге қатысты 35 іс болған. Соның 20-сы (57%) орындалды. Бірқатар нысандар толық немесе жартылай бұзылды. Қазіргі уақытта өндірісте 15 атқару ісі қалды: оның екеуі бойынша борышкерлерге заңбұзушылықтарды өз еркімен жою міндеттелсе, 13-інде мәжбүрлеу шаралары қолданылып жатыр.