Атырауда кәмелетке толмаған қыз қатарласын ұрып-соққан
Төбелестің видеосы әлеуметтік желіге тарап кеткен.
Атырау қаласындағы шағын аудандардың бірінде кәмелетке толмаған, бірақ колледжде оқитын қыз қатарласын аяусыз ұрып-соғып, тепкінің астына алған. Төбелесті тағы бір қыз бала видеоға түсіріп тұрған. Қазір күдіктіге қатысты қылмыстық іс қозғалған, ал, видеоға түсірген қыздың әрекеті сараланып жатыр, деп хабарлайды Oimaqnews.kz turkystan.kz.сайтына сілтеме жасап.
Төбелестің видеосы әлеуметтік желіге таралып кеткен соң, редакция Атырау полициясына сұрау салған еді. Полиция төбелескен қыздың кім екенін анықтап, оны арнайы орталыққа жіберіпті.
«Атырау қаласында колледж студенттері арасында жанжал орын алған. Ұрып-соғу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды, тергеу жүріп жатыр. Күдіктіні Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына жібердік», - деп хабарлайды Атырау полициясы.
Дереккөзге сүйенсек, төбелеске қатысқан қыздардың бәрі арнайы есепке қойылған және Кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссияға арнайы құжаттар жолданған.
«Кәмелетке толмаған баланың тәрбиесі бойынша міндеттерін дұрыс орындамағаны үшін ата-аналары әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Төбелесті видеоға түсіріп, оны таратқан, бірақ полицияға хабар бермеген жасөспірімнің әрекетіне де құқықтық баға береміз», - деп хабарлайды полиция.