
Алматыда әлеуметтік желілерде qazaq_robin_hood деген атпен танылған қайырымдылық қорының жетекшісі Ілияс Сариевтің ісі қаралып жатыр. Ол көмекке мұқтаж ата-аналардан «балаларына ақша жинап беремін» деп әрқайсынан 1,5 млн теңге талап еткен, деп хабарлайды Oimaqnews.kz порталы Orda.kz-ке сілтемемен.
Сариевке ҚР ҚК-нің 190-бабы (3-бөлім, 4-тармақ) бойынша «ірі көлемдегі алаяқтық» айыбы тағылды. Сот процесін судья Ернар Қасымбек жүргізсе, мемлекеттік айыптаушы ретінде Асет Айдаров қатысуда.
Жәбірленушілердің басым бөлігі Қазақстанның әр аймағында тұратындықтан, сот процесіне онлайн түрде қосылды. Ал отырысқа өзі келген Айман Жүргенбаева Сәриевке 750 мың теңге бергенін мәлімдеді. Оның айтуынша, үш жасар қызы сал дертіне, эпилепсияға және сөйлеу мен психикалық дамуының тежелуіне (ЗПРР) шалдыққан. Осы жағдайға байланысты әйел айыпталушыдан көмек сұраған.
«Мен 4 наурызда WhatsApp арқылы хабарластым. Қызым ДЦП, эпилепсия және психикалық дамудың тежелуінен зардап шегеді. Сариев дереу үйге келді. Әуелі көмек беретінін айтты, кейін қызметі үшін 1,5 миллион теңге қажет деді. Мен ондай ақша жоқ екенін айтып, “бөліп төлеуге бола ма” деп сұрадым. Ол келісті. Кейін бірнеше бөлікпен 750 мың теңге бердім. Бірақ уәде еткен видеоролик те, ақша жинау да болған жоқ», – деді Жүргенбаева.
Тағы бір жәбірленуші — Венера Сұлтанқызы да осындай жағдайға тап болған. Ол да қызын емдету үшін Сәриевке сенім артып, көмек сұраған.
«Ол қызметі үшін 1,5 миллион теңге сұрады. «Бір айда қаражат жинап беремін» деп уәде етті. 10 ақпанда Диас есімді адамның атына 500 мың теңге аудардым. Алғашқы төлемнен кейін үйге келіп, бейнеролик түсіреміз деген еді. Бірақ содан соң түрлі сылтау айта бастады: бірде тісі ауырады, бірде жұмысы көп. Кейін тағы ақша талап етті. Барлығы 550 мың теңге аудардым. Кейін ғана оның қарызын жабу үшін біз берген ақшаны басқа адамдарға жібергенін білдім», — дейді Венера.
550 мың теңгеден кейін Венера ақшаны Сәриевтің серіктестері ретінде таныстырған Рауан мен Нартай есімді адамдарға аударған. Алайда Сәриев ғайып болғанда, ол екеуінен мән-жайды сұрағанда, бұл қаражаттың Сәриевтің қарызын жабуға кеткенін естіген. Сол сәтте ғана әйел өзінің алданғанын түсінген.
«Әуелде Сәриев қызымды операцияға Үндістанға апарамыз деп сендірген, бірақ ақыры Ташкентке апарды. Ең ауыр жағдай — мен бұл ақшаны микроқаржы ұйымынан қарызға алған едім. Қазір қарызымды өзім жауып жүрмін. Егер Сәриев қаражатымды қайтарса, мен оны кешіруге дайынмын», — дейді Венера Сұлтанқызы.
Екі ана да Сариев өздеріне берген ақшаны қайтарса, кешіруге дайын екенін айтты. Соттың келесі отырысы 25 қыркүйекте өтеді.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.