Спорт

Әлем чемпионы Айдос Сұлтанғали елге оралды

Әуежайда оны спорт жанкүйерлері қарсы алды.

22 қыркүйектен 23 қыркүйекке ауған түні Астана халықаралық әуежайында Хорватия астанасы Загреб қаласында өткен күрес түрлерінен әлем чемпионатында грек-рим күресінен ересектер арасындағы әлем чемпионы Айдос Сұлтанғали мен Ұлттық құрама спортшылары, бапкерлері туған елге оралды.

Спортшыларды қарсы алушылардың қатарында ҚР Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев, спорт жанкүйерлері, әскери оркестр болды.

Айта кетейік, 60 келіде бақ сынаған Айдос Сұлтанғали финалдық бәсекеде Өзбекстан балуаны Әлішер Ганиевті бір минутта таза жеңген еді.

Ол бұған дейін 2018 және 2022 жылдары қола жүлдені еншілеген болатын.

Ал грек-рим күресінен отандық спорттың тарихына үңілсек, Юрий Мельниченко (2 рет), Мхитар Манукян (2 рет), Бақтияр Байсейітов (1 рет) ғана жеңістің ең биік сатысына шыға алған.