Руханият

Белградтағы халықаралық конференцияда түркістандық педагогтердің зерттеуі жоғары бағаланды

Түркістан қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің химия пәні мұғалімдері Абжалиева Надыра мен Тоқтамыс Нұрболат халықаралық деңгейде өз зерттеу нәтижелерін таныстырды.

Олар «Developing Problem-Solving Skills Using Problem-Based Learning (PBL) Integrated with STEM in Chemistry» («Химиядағы STEM бағдарламасымен кіріктірілген проблемалық оқытуды (PBL) пайдалану арқылы мәселелерді шешу дағдыларын дамыту») атты ғылыми-зерттеу жұмысын 2024-2025 оқу жылында жүргізген болатын. Зерттеу халықаралық сарапшылар тарапынан өзекті деп танылып, мүмкін болатын 10 балдың 8,5 балын жинады. Осы нәтижеге орай педагогтерге Сербиядағы Белград университетінде өткен беделді ECER (European Conference on Educational Research) 2025 халықаралық конференциясына қатысуға шақырту берілді.

Биылғы конференция «Charting the Way Forward: Education, Research, Potentials and Perspectives» тақырыбы аясында өтті. 31 жылдық тарихы бар бұл шараға әлемнің түкпір-түкпірінен 2500-ден астам ғалымдар мен педагогтер жиналып, білім беру саласындағы өзекті мәселелер мен жаңа зерттеу бағыттарын талқылады.

Түркістандық мұғалімдер халықаралық қауымдастық алдында өз тәжірибелерін бөлісіп қана қоймай, шетелдік әріптестердің тың идеяларымен танысты.

Тоқтамыс Нұрболат:
«Мен үшін ECER 2025 конференциясына қатысу – кәсіби жолымдағы үлкен белес болды. Әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған ғалымдар мен педагогтердің алдында өз зерттеуімізді таныстырып, пікір алмасу – шабыт сыйлайтын тәжірибе екен. Конференцияда тыңдаған баяндамаларым мен пікірталастар маған жаңа идеялар беріп қана қоймай, болашақтағы зерттеу бағыттарымды айқындады», – деді.

Бұл тәжірибе – қазақстандық педагогтардың инновациялық әдістері мен зерттеулерін халықаралық деңгейде таныстыруға жасалған маңызды қадам.