Зейнетақы қорынан жасалған төлемдерден табыс салығы алынбайды
2026 жылдан бастап Қазақстанда Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан (БЖЗҚ) төлемдерге жеке табыс салығы алынбайды. Бірақ бұрын төленген салық қайтарылмайды
Қазіргі уақытта Қазақстанда мемлекеттік зейнетақыдан айырмашылығы, БЖЗҚ-дан берілетін зейнетақы төлемдеріне жалақы секілді 10% мөлшерлемемен ЖТС салынады. Дегенмен мұндай тәртіп тек 2025 жылдың соңына дейін сақталмақ. 2026 жылдан бастап БЖЗҚ-дан берілетін барлық зейнетақы төлемдеріне ЖТС алынбайды.
БЖЗҚ-ның түсіндіруінше, жаңа Салық кодексіне сәйкес салық барлық зейнетақы төлемдерінен, оның ішінде тұрғын үй алуға және емделуге арналған біржолғы төлемдерден де ұсталмайды. Бірақ бір ерекшелік бар – шетелдіктерге қордан төлем алғанда салық төлеуге тура келеді. Сондай-ақ ерікті зейнетақы жарналары есебінен жасалатын төлемдер де ЖТС-тан босатылады, 2026 жылдан бастап Қазақстанда оларға салықтық шегерімдер де қолданылмайды.
Маңызды жайт – бұрын төленген салық азаматтарға қайтарылмайды. Мысалы, БЖЗҚ-дағы қаражатын емделуге немесе тұрғын үй жағдайын жақсартуға пайдаланған азаматтар салықты екі тәсілмен төлеуді таңдаған болатын: бірден төлегендерге ақша қайтарылмайды; кейінге қалдыруды таңдағандардың қарызы есептен шығарылады.
Сонымен бірге, әлеуметтік тұрғыда осал топтарға жататын кейбір азаматтар биылғы жылдың соңына дейін стандартты шегерімді қолдана отырып, төленген салықтың бір бөлігін қайтарып ала алады. Салық ұстау нормасы 2025 жылдың 31 желтоқсанына дейін күшінде болады. Сондықтан қазақстандықтар артық төлемеу үшін зейнетақы жинағын пайдаланғанда осыны ескерулері тиіс.