Руханият

Қобызшы Олжас Құрманбек Венгрия мен Түркияда Димашпен бірге өнер көрсетеді

Қобызшы Олжас Құрманбек Венгрия мен Түркияда Димашпен бірге өнер көрсетеді

Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі хабарлайды.

Олжас Құрманбек – әлем сахнасын бағындырып, әлеуметтік желіде тыңдармандардың жүрегін жаулаған кәсіби қобызшы.

Музыкант қазақтың дәстүрлі аспабын 20 жыл бойы серік етіп келеді.

2017 жылдан бері Олжас әлемге әйгілі әнші Димаш Құдайбергенмен бірге үлкен сахнада өнер көрсетіп жүр. Қобызшы шетелдік фильмдердің саундтрегін орындап, әлеуметтік желілерге жария еткеннен кейін, көпшілікке танымал бола бастады.

Оның репертуарында ресейлік продюсер Игорь Крутой мен Димаш бірге жазған екі ән, сондай-ақ композитор Ренат Гайсиннің шығармалары бар.

Осы жылдың мамыр айында «Stranger» концерттік туры аясында Олжас Венгрия мен Түркияда Димашпен бірге өнер көрсетеді. Қобызшы жеке және дуэтпен бес нөмір орындайды. 

«Шетелдік гастрольдер кезінде әр концертте көрермендер келіп, олар үшін ерекше аспап – қобыздың үніне қызығушылық танытып, тәнті болады. Сондықтан мен қазақ музыкалық аспабын бүкіл әлемге дәріптегім келеді», – деп музыкант шығармашылығындағы басты арманын айтты.  

Музыкант биыл жеке концерт беруді жоспарлап отыр.