Экономика

Халықтың нақты табысы төмендеуде

Қазақстан экономикасы 2025 жылдың сегіз айында жоғары өсім көрсетті. Құрылыс, көлік және тау-кен саласы қарқынды дамып, негізгі капиталға инвестициялар 11,5 трлн теңгеге жетті. Алайда экспорттың құлдырауы мен халықтың нақты табысының төмендеуі экономиканың басты мәселесі болып отыр.

Қысқа мерзімді экономикалық индикатор тағы бір рекорд орнатып, 109,6%-ға жетті, деп хабарлайды Ұлттық статистика бюросы. Бұл көрсеткіштің артында көлік және қоймалау, құрылыс, тау-кен өнеркәсібі мен сауда салалары тұр. Дегенмен ауыл шаруашылығы мен байланыс қызметтерінің қарқыны әлсіз.

Сыртқы саудада ахуал күрделірек. 2025 жылдың қаңтар–шілде аралығында сауда айналымы 78,2 млрд долларды құрап, былтырғы деңгейден 2,6%-ға төмендеді. Экспорт 6,4%-ға қысқарса, импорт керісінше 2,6%-ға артқан. Бұл – ішкі тұтынудың әлі де жоғары екенін, бірақ сыртқы нарықтағы тәуекелдердің күшейгенін білдіреді.

Экономиканың жекелеген салалары өсім қарқынын айқын көрсетті. Өнеркәсіп көлемі 7,6%-ға, оның ішінде кен өндіру 9,6%-ға артты. Құрылыс – 18,1%-дық өсіммен көш бастап тұр. Көлік пен сауда да тұрақты дамуда. Ал ауыл шаруашылығы бар болғаны 3,4%-дық өсіммен шектеліп отыр.

Инвестициялар да назар аудартады: сегіз айда негізгі капиталға салынған қаражат 11,5 трлн теңгеге жетіп, былтырғыдан 14,3%-ға көп болды. Оның ішінде кәсіпорындардың меншікті қаржысы 63%-ды, бюджет қаражаты 23%-ды құрады.

Бірақ Tengenomika телеграм арнасының авторы, экономист Руслан Сұлтанов халық тұрмысында алаңдатарлық жайттар бар екенін айтуда. Өйткені шілде айында жан басына шаққандағы табыс 228 мың теңге болғанымен, нақты табыс деңгейі 3,2%-ға төмендеген. Яғни, бағаның өсуі халықтың қалтасын қыса түсуде. Яғни, экспорттың төмендеуі мен халық табысының құлдырауы құрылымдық теңгерімсіздікті көрсетіп тұр. Сарапшылардың пікірінше, алдағы кезеңнің басты міндеті – өсімді әртараптандыру, өңдеу салаларының үлесін арттыру және ең бастысы – халықтың тұрмыс сапасын жақсарту.