Әлем

Сел мен көшкіннен 11 адам қаза тапты

Малайзияның Сабах штатында бірнеше жерде болған көшкін салдарынан 11 адам қаза тауып, бір тұрғын із-түзсіз жоғалып кеткен

Қайғылы оқиға толассыз жауған нөсердің кесірінен тіркелген. Алғашқы жағдай Коломбонгтағы Кампунг-Чендеракасих елді мекенінде орын алды. Мұнда үйді басып қалған көшкіннен 7 адам көз жұмды. Сабах штаттық өрт сөндіру және құтқару департаментінің (JBPM) директоры Мохд Писар Азиздің айтуынша, оқиға орнына 22 құтқарушы жіберілген.

Құтқару тобы үйінді астынан жеті адамның денесін тапты. Олардың арасында 4 және 9 жастағы екі қыз бала, 2 және 7 жастағы екі ұл бала, 24 және 40 жастағы екі әйел және 50 жастағы ер адам бар. Бір ер адам жарақат алған, ал үш жасөспірім дін аман құтқарылды.

Екінші қайғылы жағдай Папар ауданындағы Кампунг-Мук елді мекенінде тіркелген. Көшкін үш үйді басып қалып, 38 жастағы әйел мен 11 жастағы ұл бала опат болды. 16 құтқарушыдан құралған топ таңғы сағат 10:02-де оқиға орнына жетіп, марқұмдарды үйінді астынан алып шықты.

Үшінші оқиға да Папар ауданында болған. Кампунг Мараханг Тунтуле елді мекеніндегі үйді көшкін басып, екі адамның мәйіті табылды. Қаза тапқандар 32 жастағы әйел мен оның 6 жасар ұлы. Олар құтқарушылар келгенде құшақтасқан күйі жатқан. Ал 11 жасар қыз бала әлі іздестіріліп жатыр.

Инадамдағы Кантри-Хайтс ауданында көшкін гаражға құлап, 9 автокөлікті зақымдады. Зардап шеккендер жоқ. Құтқарушылар жақын маңдағы 38 үйдің тұрғындарын уақытша қауіпсіз жерге көшіруді тапсырды.

Сепанггардағы Кампунг-Унггун-Джая ауылында да көшкін тіркелді. Жолды лай мен құлаған ағаштар жауып қалған. Құтқарушылар жолды тазартып, тұрғындарды қауіпсіз аймаққа көшіруге мәжбүр болды.

Жергілікті билік өкілдері жағдайды қатаң бақылауда ұстап отырғанын мәлімдеді.