Спорт

Қазақстан командалық есепте бірінші орынға жайғасты

Әлем біріншілігінде боксерлеріміз табысты өнер көрсетті.

Англияның Ливерпуль қаласында өткен 2025 жылғы әлем чемпионатында қазақстандық боксшылар табысты өнер көрсетті.

Соңғы финалдық айқаста 90 келіден жоғары салмақта Айбек Оралбай өзбекстандық Джахонгир Зокировпен күш сынасты. Қызу тартысқа толы жекпе-жек 3:2 есебімен Оралбайдың жеңісімен аяқталып, ол алтын медаль иегері атанды. Зокиров күміске қол жеткізді.

Бұған дейін 70 келіге дейінгі салмақта бақ сынаған Наталья Богданова да қарсылас шақ келтірмей, финалда аустралиялық Лекеиша Перголитиді айқын басымдықпен жеңіп, әлем чемпионы атанған еді.

Жалпы қорытынды бойынша, Қазақстан құрамасы:

- 7 алтын

- 1 күміс

- 2 қола

медаль жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте бірінші орынға ие болды.

Өзбекстан құрамасы 6 алтын, 2 күміс, 3 қола медальмен екінші орынға жайғасса, Үндістан 2 алтын, 1 күміс, 1 қола жүлдемен үздік үштікті түйіндеді.