Әкесін ұрған азамат: қарияның неден қайтыс болғаны белгілі болды
Ал әкесін соққыға жыққан Алмастың көршілері бұған дейін де, үйінде ұрыс-керісті жиі еститінін айтты.
Түркістан облысы, Шардара ауданы Қоссейіт ауылында жаға ұстарлық жайт болды. Әкесін қорлап, соққыға жығып, балағаттаған ер адам қамауға алынды, деп хабарлайды Oimaqnews.kz Qaz365.kz.сайтына сілтеме жасап.
Әкесін соққыға жыққан ер адам Қоссейіт ауылының тұрғыны Алмас Садақбаев. Екі баланың әкесі, 41 жаста. Ауыл-аймақта халықтың қуанышына ортақтасып, асаба қызметінде нәпақа тапқан. Ауыл әкімінің орынбасары Әділбек Әлденеев оның аудандағы мәдениет үйінде әдіскер болып жұмыс істегенін де жеткізді.
Қоссейіт ауылындағы мешіт имамы Нұрахмет Бекжігітов күдіктінің азан шақырмағанын жеткізді. Сонымен қатар желіде тараған видеоны кеш көргенін, ерте көрсе, бұл әрекетке жол бермейтінін айтты.
Ал әкесін соққыға жыққан Алмастың көршілері бұған дейін де, үйінде ұрыс-керісті жиі еститінін айтты.
«Дауыстары шығып тұратын еді, күйеуі боқтап жатқан. Бізде қақпа биік қой, үйдің іші көрінбейді. Сол үшін күйеуі мен әйелі ұрысып жатыр, жастар ғой жарасып кетеді деп ойлайтынмын. Шалды бұл үйде бар ма, жоқ па білмейтінмін. Өйткені оның дауысы шықпайды, сөйлемейтін сияқты көрінетін. Шал қайтыс болардың алдында ғана білдік оны ұратынын. Сол кезде бәрі шулап, «бұл не заман болды» деп, көргендер видеоға түсіріп, әкімшілікке тапсырыпты деп естідім. Әкімшілік келіп ескерту жасаған екен. «Бопты, әкімшілікке тапсырса, шара қолданар» деп ойладық. Арада көп уақыт өтпей, шал қайтыс болды»,- дейді күдіктінің көршісі Малика Бейсенова.
Қорлық көрген қария үшінші қыркүйек күні жан тапсырған. Марқұмның өлім себебі белгісіз. Дәрігерлер жетпісті алқымдаған зейнеткер қан қысымы мен бел омыртқасы ауруымен екі жылдан бері төсек тартып жатқан дейді. Бірақ мүгедектігі бойынша есепте тұрмаған екен. Ал елді дүр сілкіндірген видеоны ауыл тұрғындарының көпшілігі күні кеше көрдік дейді. Жұрттың жағасын ұстатқан бейнежазба желіде таралып кеткен соң, қатігез асабаны құзырлы орган өкілдері қамауға алған. Қазір ол уақытша ұстау изоляторында. Күйеуінің озбырлығын көре тұра, тіс жармаған әйелі де тергеуде жауап бермеу. Әзірге полицейлер оны босатқан. Оқиға болған үйде екі күннен бері ешкім жоқ дейді көршілері. Оқиғаға қатысты Түркістан облыстық Полиция департаменті қылмыстық іс қозғады.