Саясат

Бір шаршы метрі - 281 мың теңге: су тасқынында үйсіз қалған тұрғындарға жаңа баспана

Су тасқынынан жарамсыз болған үйлердің орнына салынатын жаңа баспананың 1 шаршы метрі 281 мың теңгеден болады.

Су тасқынынан жарамсыз болған үйлердің орнына салынатын жаңа баспананың 1 шаршы метрі 281 мың теңгеден болады. Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев айтты.

«Қазіргі таңда бүкіл әкімдіктерден түскен ақпараттарды жинаймыз. Сол ақпарат бойынша жергілікті атқарушы органдардың бюджетінен, одан кейін республикалық бюджеттен қаражат бөлеміз. 80 шаршы метрлік бір үйдің құнын 22 млн теңге деп бағалап отырмыз. Бір шаршы метрі - 281 мың теңге», - деді министр.

Яғни, оның нақтылауынша, су тасқыны салдарынан жарамсыз болған үйлердің орнына бой көтеретін жаңа баспананың бір шаршы метрі 281 мың теңгеден салынатын болады.

«Бүгінде қираған үйлердің жалпы саны белгісіз. Жергілікті атқарушы органдар бүкіл ақпаратты жинайды. Содан кейін қаражат бөлеміз. Бір үйдің бағасы бекітілген», - деді Қанат Шарлапаев.