Медеу СӘРСЕКЕ: ШЫНДЫҚТЫ АШУ – ОҢАЙ ЕМЕС, ЕСЕСІНЕ ОЙЫҢ ДА, БОЙЫҢ ДА ӨСЕДІ...
Менің білетінім – қазақтың Карамзині әзірше жоқ, қашан туатынын да білмеймін.
Медеу СӘРСЕКЕ:
ШЫНДЫҚТЫ АШУ – ОҢАЙ ЕМЕС,
ЕСЕСІНЕ ОЙЫҢ ДА, БОЙЫҢ ДА ӨСЕДІ...
Жалғасы.
– Үшінші ерлігіңізге ойысайық. «Бекмахановты» жазу мен ұлықтау ісінде детективке ұқсаған жайттар болды деседі. Кітаптың Мәскеуден жарық көруі осындай игі іске айналды ма? Әлде?
– Жоқ, қарағым, сенің ақпарын, Гүлзина, елге тараған қауесет. Сәтбаев пен Бөкетов – біздің тарихымыздағы дара тұлғалар. Олардың ғылымына, өз ісінде жеткен биіктерге әзірше ешкім де жеткен жоқ. Сол қалпында дара тұр. Ал Бекмаханов?.. Бізде қазір бес жүздей тарих ғылымының докторлары бар деседі, нақты санын білмеймін. Солардың бәрі де өздерін осы ілімнің дара тұлғасы сезінеді. Ермұхан өз заманында тұңғыш доктор атанған, бірақ соны да көп көріп, аяғынан шалып, өмірі елу жасында үзілгені – тарихи шындық. Ал, біздің замандасымыз аталған бес жүз тарихшы «Қазақ елінің» шынайы тарихын жазып берді ме? Жоқ! Бұрынғы жазылды, қатырдық дескен, тіпті Мемлекеттік сыйлық алған «Тарихтар» қазірде оқуға жарамай қалды. Карамзин, Соловьев, Ключевский сынды орыс тарихшылары Ресей тарихын 12, 29 және 18 том етіп «Күміс ғасыр» атанған XIX ғасырда-ақ түгендеп берген. Ал, бізде? Әзірше ештеңе жоқ. «Баяғы жартас қаңқ етер де түк байқатпас...» қалпында...
Мен тарихшы емеспін, Бекмаханов өмірін қазған соң «Қазақ тарихы» пәнінен үштік баға алғандай деңгейге жеттім. Сондықтан да жоғарыдағы өкінішті айтып отырмын. Бұдан жеті жыл бұрын Астанада тұратын немерем Қаныш Ерланұлы Сәрсеке 11 сыныпқа емтихан тапсырарда тарих пәнінен үш күн білімін тексеріп, Қазақ хандарының хронологиялық ауысуларын шатастырып отырғанын байқап, оқулығын тексерсем – төбе шашым тік тұрды. Содан Сейфуллин атындағы кітапханаға барып, Мұхтар Мағауиннің «Қазақ тарихының әліппесі» атты шағын кітабын сұрап алып, соған қарап отырып, немеремнің білімін оңдадым. Содан бергі жеті жылда тарих оқулығы түзелді ме, әлде сол шым-шытиырық қалпында қалды ма, білмеймін. Менің білетінім – қазақтың Карамзині әзірше жоқ, қашан туатынын да білмеймін. Орыстың Карамзиіне, Соловьев пен Ключевскийіне ұқсаған біртуар бір тарихшы туар деген оймен бұл мәселені ежіктеуді тоқтатайық...
– «ЖЗЛ»-ден шыққан үшінші кітабыңыздың тарихына оралайық...
– Бұл кітапты жазуға 1999 жылы кірістім. Тапсырыс беруші – Ерекеңнің қосағы Халима Адамбекқызы (Жұрт ол кісіні Адамқызы дейді. Шындығында әкесі Адамбек – Зайсан елінің қазағы, Семейдегі Алаш полкінің офицері, 1920 жылдары төрт мәрте қамауға алынып, 1928 жылы опат болған. Халима апай 1925 жылы туған, шешесі Айша Бидабекқызы гимназия бітірген білімпаз адам. Қазақстаннан безіп, Ташкентке барып, Низами атындағы пединститтута оқытушы болған ұстаз. Жалғыз перзентін қудалатпас үшін құжатына Адамқызы деп далдалап жазған). «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланған сұхбатымда мен Ерекең ғұмырнамасын 12 жыл жаздым дедім. Әлбетте сонша жыл табан аудармай үстелде отырғам жоқ. Бірақ, уақытымның дені дерек іздеуге кетті. Іздегеніме қолым жетпесе бұл ғұмырнама жазылмайтын да еді... Менің шұқшия іздегенім – «Қазақ КСР тарихының» 1943 жылғы тұңғыш басылымының бір жылдан кейін тәркіге түсе жаздаған себебін анықтау еді. Оны қудалаушы – Мәскеу тарихшылары, қызметтері ноян академиктер, соның ту басында БК(б)П ОК-нің үгіт-насихат басқармасының (бөлім емес) әйдік бастығы академик-философ Г.Ф.Александров пен атақты тарихшы Е.В.Тарле болған. Кітаптың жауапты редакторлары М. Әбдіқалықов пен А. М. Панкратова сол қиянатқа көнбей, қарсы дау көтеріп, алғашқы тарихты қорғап қалған. Сол мәселеге арналған Мәскеудегі бес күн айтыстың хаттамасы «Вопросы истории» журналының 1977 жылғы 11-санында және Е.Бекмаханов еңбектерінің 1-томында жарияланған. Бірақ айтыс ұйымдастыруға түрткі болған А.Панкратованың И. Сталинге, Г. Маленковқа, А.Жданов пен А. Щербаковке, екінші мәрте А. Ждановқа жазған 1944 жылғы үш хаты жарияланбай, КПСС-тің жабық қорында қалған. 2001 жылдың көктемінде екі күнге созылған әңгіме кезінде Мұхамеджан Әбдіқалықов ағай: «Сол хаттарды мен оқыдым, бірақ көшірмесін ала алмадым, Мәскеу тарихшыларының біздің тарихты тәркілетпек болған шовинистік пиғылдары толық әшкереленген. Қарғаш, сен сол хаттарды ізде...» – деген-ді. Сол хаттардың екінші данасының көшірмесін мен КПСС қорынан емес, Ерекеңнің тарихшы қызы Найла Бекмаханованың көмегімен А. Панкратованың үйіндегі мұрағатынан 2007 жылы ғана алдым. Сонда ғана біздің тарихшылардың назарынан тыс қалған көп жайтқа қандым. 1951-53 жылдары Г.Александровтың ынтасымен, А.Сусловтың қолдауымен Қазақстанның бетке шығар тарихшылары мен әдебиетшілерін ұлтшылдыққа сайып, саяси қуғындау қайыра басталып, кімдердің қуғын-сүргін көріп, Сібірге айдалған тарихын мен ішінара «Сәтбаев» ғұмырнамасында көрсеткем-ді. «Бекмахановты» толғағанда сол сүргінге қайта оралып, сол жылдары Қазақстан КП Орталық комитетінің үгіт-насихат бөлімінде жауапты қызмет атқарған Бөлебай Исабеков және Ислам Жарылғаповтардың көзімді ашқан ауызекі әңгімелерін әжетіме жараттым. Нәтижесінде осы науқанды Қазақстанда ұйымдастырушы, сол мақсат үшін біздің елге Мәскеуден арнайы жіберілген, Сусловтың сенімді кадры, И.Храмковтың үгіт-насихат бөліміне меңгеруші болып тағайындалған соң-ақ өрбігеніне көзім жетті. Біздің зиялы қауым мықты деп жүрген Ж. Шаяхметов те, И. Омаров та сол найсаптың зұлым ісін тоқтата алмаған. Нәтижесінде Қ.Сәтбаев, М. Әуезов, А.Жұбанов Мәскеуге жылыстап кетіп тұтқындалудан аман қалды. Ал, Е.Бекмаханов, Қ.Жұмалиев, Е.Ысмайылов сияқты саңлақ зиялылар, жиыны 12 ғалым 25 жылды арқалап, Сібірге аттанды. Академия жүйесі мен пединституттардан, зиялы қауым арасынан 400-дей адам жұмыстарынан аласталып, зардап шекті. «Бекмаханов» кітабында мен осы трагедияны түре аштым...
– Демек, құпияда ұсталған құжаттарға қолыңыз жеткен соң-ақ жазу үстеліне отырдыңыз ба?
– «Ноқталанған тарихшыны» мен 2008-09 жылдарда сарыла отырып, бір демде аяқтадым. Орысша нұсқасын қоса даярладым. Соны өзіме білім-танымы мәлім семейлік тарихшыларға оқытып, мақұлдауын естіген соң қайыра бір редакциялап, 2009 жылдың қазан айында Астанаға келіп, Мәдениет министрі М.Құл-Мұхаммедтің қабылдауына сұрандым. Мұхтар Абрарұлы мені сыйлайтын азамат, «Сәтбаевтың» толық нұсқасын шығарғанын жоғарыда ескерткенмін, министр екі қолжазбаны да парақтап шығып, өз ойымды ықыласпен тыңдаудан соң кітап шығару департаментінің бастығы Бауыржанды шақырды. Мен: «Қазақшасын «Фолиант» баспасына беремін, орысшасын Мәскеуге жолдаймын; тек екеуіне де қаржы беріңдер...,» – дедім. Министр ойымды мақұлдады. Мәскеуге мәтінді өзіңіз өткізесіз, келесі жылға келісіңіз, біз ақшасын қанша болса да көтереміз деді. Мен келістім. Сол күні-ақ мәтінді Мәскеуге жөнелтіп, Қостанайдың іргесіндегі «Қарағайлы орман» сауықханасына аттанып, жиырма шақты күннен күннен кейін Астанаға оралып, Бауыржан Омаровқа телефон шалып едім: «Медеке, құттықтаймын, Мәскеуден кітабыңызды құптаған хат келді, калькуляция да жіберіпті. Министр қуанып отыр, тиісті қаржыны келесі жазда аласыз...» – деді.
– Бәрекелді, таңғажайып жайт. Содан соң не болды?
– Қуанбай қоя тұр, артында шыжығы бар. Жыл басында М.Құл-Мұхаммед Мемлекет хатшысы болып жоғарылап кетті. Мәдениет министрлігінен кітап шығару ісі алынып, Байланыс және ақапарат министрлігі құрылды. Осы өзгеріс менің көкейіме шаншудай қадалып, сәуір айының аяқ шенінде Астанаға келіп, жаңа министрдің қабылдауына сұрандым. Өйткені, осы жылдың кітаптарын екшеп жатыр деген қауесетті естігенмін. Министр мені сенбі күні қабылдады, он шақты жазушы ауызғы бөлмеге сыймай дәлізде түрегеп тұрдық. Мені екінші кезекте шақырды. Аты-жөні есімде жоқ, 39 жастағы инженер-электронщик екенін интернеттен көргенмін. Иә, айтпақшы, көмекшісі сөзіңізге орысша қосып сөйлеңіз деп ескерткен-ді. Мен баяғы бұрынғы министрдің шешімін айтып, екі кітапты да бірден шешіңіз дедім, әрі Мәскеудің «ЖЗЛ» сериясынан Бекмахановты шығару жас азамат екенсіз, сізге де үлкен абырой болады... дегенді қоса айтып едім. Жас министр маған ожырая қарап, «Ағай, «ЖЗЛ» деген немене?» – деді. Сайраған тілім кілт байланды. Соның не екенін, шетелге мағлұм топтама екенін ескертуге хошым болмады. Кенет кабинет иесі: «Сіз менен Мәскеу үшін ғана төрт кітаптың қаржысын сұрап отырсыз. Тек қана бүгін 12 жазушы қабылдауыма келіп отыр. Бәрі де кітабына ақша сұрайды. Егде жасыңызды сыйлап, екі кітапқа қаржы беремін, орысшасы мен қазақшасын Астанадан шығарасыз. Соған риза болыңыз...» – деді, қасында қаламын сайлап отырған кітап шығару департаментінің жаңа бастығы маған қарап, тиісті нұсқауды келесі аптада алатынымды ескертті. Амал қанша, ұнжырғам түсіп кабинеттен шықтым.
Қысқасы, «Ермұхан Бекмахановтың» екі нұсқасы «Фолианттың» «Нартұлға» топтамасынан күзге таман шықты. Әрбірі 700 беттей, әрібіріне 16 бетке суреттері берілген. Екі кітаптың да ажары көңілдегідей...
–Демеуші іздемедіңіз бе?
– Бұл жерде бір жайтты, қарағым, ескермей отырсыз. Ерекең Сәтбаев, иә Бөкетовтей өндірістермен байланысы жоқ, яғни қалталы демеушілерге жұтаң тұлға. Екеуі туралы кітаптарымды бірнеше мәрте шығарғанымда мен демеуші іздеп қиналғам жоқ, мені солардың өздері іздеді. Ал, әркімге сөз салып көріп едім, ешкім «иә» дей қоймады. Сөйтіп, Мәскеу баспасының жылдық жоспарына енгізіп қойып, не дерімді білмей отырғанымда «Фолиант» баспасының директоры Нұрлан Исабеков Семейге телефон шалып: «Медеу аға, Мәскеуге демеуші іздеп отырғаныңызды естідім. «Молодая гвардия» баспасы сұраған қаржының жартысын мен көтерейін. Тек бірінші бетте біздің баспаның да атын жазғызасыз» – деді. Бұл енді ойға қонымды ұсыныс. Бірден келістім. Жергілікті әкімдерге сөз салып едім, келесі жылы шешейік десті. Бұл енді дүдәмал уәде... Сөйтіп отырғанымда басқа қаладан бір інім телефон шалды, жасаң күнінде жетегімде болған азамат. «Аға, сіз жаңа кітабыңызға ақша іздепсіз. Маған неге айтпадыңыз?» – дейді. «Бауырым, жасым жетпіс беске келгенде сенен қаржы сұрап, жоқ десең өзім ұяламын ғой. Мен тек алатын жерге ғана барамын. Сенің жағдайыңды білмеймін, ал көмектесем десең – аламын...». «Сізге сонда қанша керек?» «30 мың доллар. Сонша соманы басқа баспа төлейді...» «Кітабыңыздың мәтінін бересіз бе?» деді кенет. «Ешкімге көрсетпей, өзің ғана оқысаң – берейін». Ол маған электрон тұрағын айтты, жібердім. Бір апта да өткен жоқ, әлгі бауырым қайыра телефон соқты. «Ағатай, сұраған қаржыңыз бес күнде үйіңізде болады. Тек кітапқа да, басқа жүртқа да менің көмегімді айтпайсыз...» деді. «Неге, демеушіні бірінші бетке жазып, рақмет айту – қалыптасқан рәсім» – десем, «Кітабыңыз шатақ, аға. Менің дұшпанымды көбейтіп қайтесіз. Бекмаханов сорлыға қастандық жасаған неше түрлі адамдарды атапсыз. Олардың да ұрпақтары бар... Көп жылғы еңбегіңізді қолжазбадан айқын көрдім, соны ескеріп, сұраған сомаңызды сыйға беремін. Мәскеуге қысылмай барып, олжалы қайтыңыз, аға!..» деді.
Сол күні Мәскеуге телефон шалып, қаржы мәселесінің шешілгенін айтып, А.В.Поповтан редактор етіп И.И.Никифорованы тағайындауды өтіндім. Үш күннен соң Андрей Витальевич телефон шалып, Ирина Игоревна бүгін қолжазбаңызды алып, үйіне кетті. Метрода изеңдеп текке жүрмес үшін үйінде отырып оқуға рұқсат еттім. Мәскеуге қашан келетініңізді редактордың өзімен шешіңіз деді. Мен үшін бұл – ең қолайлы жағдай. Осы редактордың тындырымды жұмысын «Бөкетовті» шығарғанда көргемін. Қысқасы, не керек бірер аптадан соң Мәскеуге жетіп дайын тарауларды оқуға отырдым. Соның өзінде 22 күн редактормен ынтымақтаса жұмыс істедім. Оның бәрін сипаттау оқырман үшін қажет емес. Ауыр жұмысты көңілдегідей атқардық. Кітаптың көлемі біршама қысқарып, 32 баспа табақ болды. Әдеби жөнінен де жақсарды. 2010 жылғы желтоқсан айында «Бекмаханов» 5 мың дана болып жарыққа шықты. Кітапты Нұрлан Исабеков алғызды, тасымалдау шығынын да тең бөлістік. Бекмахановтың «ЖЗЛ» топтамасынан шығу тарихы – осы. «Көмек көрсеткен бауырыма қанша кітап аласың?» деп едім, «Бір қорабын берсеңіз ризамын, сіз маған, аға, қарыз емессіз», – деді.
Жаңа жылға бірер күн қалғанда бір байлам кітапты Бекмахановтарға пойыз арқылы жіберіп, соның бір данасын ҚазМУ-дың ректорына апарып беруді Сермұхан Ермұханұлына тапсырдым. Ақпан айының бас кезінде университеттің тарих факультетінің деканымын деп, тарихшы Жәкен Таймағанбетов Семейге телефон шалды: айтуынша, ректорат «Бекмахановқа», 16 ақпан Ерекеңнің туған күні, нақ сол күнге менің кітабыма тұсаукесер жасамақ болыпты, сол үшін менен 100 кітап сұрады, ақшасын төлейміз деді. Мен кітап сатумен «Фолиант» баспасы шұғылданатынын ескертіп, Алматыдағы өкілінің телефонын айттым. Ол рәсім ойдағыдай өтті, Бекмахановтар әулеті де кітапты өз үйінде тойлады. Ақпанның соңғы аптасында «Бекмахановтың» тойы Баянауылда, Екібастұзда және Павлодарда үш күн тойланды. Сол шараларға мен бәйбішеммен және Сермұхан Бекмаханов қатысты. Сол шараларды өзім тұратын Шығыс Қазақстан облыс да жасамақ болып еді, мен бас тартып, кітабымды сатып алып, кітапханаларға таратуды ұсындым. «Бекмахановқа» сұраныс басқа облыстардан да түсті. Қазірде менің қолымда небәрі он шақты данасы қалды. Бірер жүз кітапты сыйлық ретінде өзім тараттым. Мерзімді баспасөздің бұл басылымға ықыласы ерекше зор болды. Бәріне де шынайы көңілден рақмет айтамын. Соның бәрін өзімнің еңбегімнен гөрі Ермұхан тарихшының ел тарихын сомдаудағы жанқиярлық еңбегіне саямын. Туған халқының қаһармандық тарихын саралап та, даралап та екшеуде жанқияр ерлік жасап, еңбек еткен Ермұхан білгірдің еңбегі ерекше екенін ескертуді парызым деп білемін. Бұл да біле білгенге Қазақ елі бүгінде қолы жеткен тәуелсіздіктің арқасы. Ермұхан болса сол тәуелсіздіктің туын көтеруші, сол жолда мерт болған нағыз қаһарман!..
– Сіздің «Необузданный историк» кітабыңыздың мұқабасының сыртында белгілі тарихшы, ғылым докторы, ҰҒА-ның академигі, профессор Талас Омарбековтің «Медеу Сәрсекенің Қ.Сәтбаев, Е.Бөкетов және Е.Бекмаханов туралы роман-эсселері 2003-2010 жылдарда «Молодая гвардия» баспасының аса мәртебелі өмірбаяндық серияларында жарық көрді. Тарихшы және туған елімнің жанкүйері ретінде бұл кітаптарды мен ҚР Мемлекеттік сыйлыққа лайық үздік шығармалар деп білемін. Бұл кітаптар нағыз халықтық шығармалар...» – деген лебізі берілген. Сіз өзіңіз осы бағалауға не дейсіз, сыйлыққа үміткер болудан не себепті бас тарттыңыз?
– Бұл сөздерді Талас тарихшы 2011 жылы, «Бекмаханов» кітабының тұсаукесер жиынында жасаған баяндамасында айтқан-ды, оның ойын екінші баяндамашы тарих докторы Берекет Кәрібаев та қолдап, залдағы дүйім жұрт қол соғып, осы жиында-ақ ұсынайық деп қолдау көрсеткен-ді. Алайда мен орнымнан тұрып, қолдаушыларыма рақмет айтып, сыйлық додасына түсуден бас тартқамын. Дәлелге айтқан сөзім: сыйлық комиссиясы жабық дауыс бергенде жершілдік, тамыр-таныстық жасайды, сол себепті әділдік қазаға ұшырайды; ал мен жасым жетпіс бестен асқан қаламгермін, тектен-текке арамтер болып жүйкемді тоздырғым келмейді... дегенмін. Сол пікірден қазір де айныған жоқпын. Өйткені, 2000 жылғы додада менің «Қазақтың Қанышы» романымды Семей мен Қарағанды университтері, Павлолар облысының әкімі сыйлыққа ұсынды. Мен соған жоғарыдағы уәжді айтып қарсы болдым. Бірақ, Сәтбаевтың жанкүйерлері қарсылығымды елемей, додаға қосты. Үкімет те сізді қолдайды, министрмен де келістік десті. Сыйлық комиссиясында қалыптасқан одағай дәстүр әрбір үміткер қырық шақты адамды адақтап, кітабын сыйлап, кейбіреулерге тамыр-таныстарын салып, бір ай бойы маған дауыс бер деп үгіт жүргізеді екен. Мен де сол дәстүрге бағып, он шақты мүшеге бардым да тоқтаттым. Өйткені, сондай пасық үгітті жасауға арым бармады. Қысқасы, бұйырғанын көрермін деп, Алматыға барып, баламның үйінде тыныш жаттым. Комиссия шешім қабылған күні кеште маған ескі досым, атақты жазушы Иван Павлович Щеголихин телефон шалып: «Медеу, саған екі дауыс жетпеді. Сені құлатқан өзіңнің қазақтарың. Комиссияның дауыс беруін бекітерде Зейнолла Қабдолов шу шығарды. Министр Алтынбек Сәрсенбаевқа: «Әлемнің 112 еліне тараған «Сәтбаевтың» авторын сыйлықтан нәумез қалдырды. Осы қиянатты жасаушы сенсің. Ертең халыққа осы қастандықты қалай түсіндіреміз?» – дегенде, министр: «Маған неғыл дейсіз? Жұрт дауыс бермесе мен не істеймін?» деп еді, Зейнолла бұлқан-талқан болып: «Жоқ, өйтіп бұлтақтама, бюлетеньді біздің көз алдымызда ашсаң қиянат болмайтын еді, ал сенің секретарың оны жабық кабинетке санады. Қысқасы, мен мұндай арамза комиссияның төралқасына мүшесі болудан бас тартамын!» – деп кабинеттен шыға жөнелгенде, мен де Қабдоловты қолдап, комиссияддан біржола кеттім...» – деген ақпар естіртті. Шынтуайтын айтқанда, осындай жағдаят әрбір додада қайталанады. Әрбір сыйлық дау-шармен бітеді. Сондықтан да оған екінші рет түсуден бас тарттым.
Енді сол сыйлықтың маған тимеуінің мені қандай құрметке бөлегенін айтайын. Дода тарқаған соң бір айдан соң Семейдегі үйіме ҚР президентінің прес-секретары Асылбек Бейсембиев телефон шалып (бұрын-соңды көрмеген азамат): «Медеу аға, Президенттің атына сіздің лауреат болмағаныңызға наразылық білдірген 113 хат түсті. Соған қол қойғандардың жалпы қарамы мың қаралы. Сол хаттарға жауапты сіз берген жөн болар деген тұжырым жасадық. Міне, екі бума хаттар алдымда тұр. Соларды сізге жіберейін...» – десін. Мен айттым: «Қарағым, ешкімге мен президентке хат жаз дегем жоқ. Енді соларға мен не үшін жауап жазамын. Қысқасы, мені әурелеме!..» – деп едім, секретарь жігіт сөз тапқыш екен, «Медеу аға, сіздің еңбегіңіздің қайтарымын біз басқаша бір жайттан ескеретін болдық, Ал, қазір айтқанды істеңіз. Үнемі үлкенмін демей, бір мезгіл жастардың да ақылын сыйлаған жөн болады... – деді. Менің райымнан қайтуға осы сөз түрткі болды. Айтып-айтпай не керек, бір аптадан соң үйіме екі бума хаттар келді. Бәр-бәрін тауыса оқып рақатқа баттым. Байқауымша, Қазақстанның 14 қаласынан жазылған. Кімдер десең: Жосалы бекетінің 7 жұмыскері, Қарағандының академик, Еңбек Ері Ә.Сағынов бастаған он шақты ғылым докторлары мен профессорлары, Семей пединститутының отыз шамалы оқытушылары, Ақтөбе, Шымкент, Жамбыл қалаларынң мүғалімдері, баянауылдықтар, Алматыдан Дихан Әбілев, Шапық Шөкин, Қанекең ұрпақтарының атынан Ғаниса Қанышқызы және басқалар. Бәрінің де жүрекжарды сөздері Медеу қаламгердің ұзақ жылғы еңбегі неге әділ бағаланбады? Қысқасы, көңілім тасып, «Е, қарапайым еңбегім халыққа жеткен екен» деген қуанышқа бөлендім. Барлық тілелестеріме рақмет айтып, келе жатқан Жаңа Жылмен құттықтап, саушылық тілеп, еңбегімді бағалағанына ризалық айтып хат жаздым. Соны және арнайы ашық хатқа бастырып, баспаханаға бір айлық зейнетақымды төлеп, маркі жапсырып, арнайы конвертпен жөнелттім. Күзге таман мені Семей әкімиятына шақырып, марапаттау қағазын толтырдым. Не үшін деп едім, өзіміз де білмейміз, Астана сұратты десті. Қысқасы, ҚР-дың он жылдығы тойында менің омырауыма облыс әкімі «Құрмет» орденін қадады. Тәубе дедім. Сол марапатты маған әперген оқырман қауымға рақмет айттым.
Шындықты түре ашу – оңай емес, оның есесіне ойың да, бойың да өседі. Мен өзім сол жолда бейнет тартып, жеміс те терген қаламгермін...
– Дәстүрлі сұрағымыз бар: қазір нендей еңбекпен шұғылданып жүрсіз?
– Үш жыл болды, «Семей қасіреті» деген кітап жазудамын. Менің төртінші бабам Дегелең болысына 1860 жылы келген. Сол тау қырық жылғы ядролық жарыстан соң биік тау төбешік болып шөгіп қалды. Семей елі соның зардабын әлі күнге дейін тартуда. Мен өзім ядролық зонада 37 жыл тұрғаным үшін зейнетақыма қосымша аламын... Осының бәрін тізіп отырғаным – қырық жылдық қасіреттің бүркеулі шындығын ашуды өзіме міндет санаймын. Жә, бұл туралы сол кітапты тәмамдаған кезде сөз етерміз...
Әңгімелескен Гүлзина БЕКТАС