Дәрігерге қол көтерген адамдарды қатаң жазалау керек – Аймағамбетов
- авторОймақ
- 22 шілде, 2025
- 44

Телеграм-арнасында Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов дәрігерлерге қол көтерген адамдарды қатаң жазалауға шақырды, деп хабарлайды Oimaqnews.kz Qaz365.kz. сайтына сілтеме жасап.
Депутат мысал келтірді: жақында медицина қызметкерлеріне қатысты екі ауыр жағдай орын алған. Қарағандыда бір азамат аға медбикені жұмыс орнында соққыға жыққан. Медбике басынан жарақат алған, саусақтары сынған, денесі көгеріп, шашы жұлынып, ауыр соққыға ұшыраған. Ал Қостанайда хирург-урологқа шабуыл жасалған. «Мені кезексіз кіргізбеді» деп ашуланған науқас дәрігерді ұрған екен. Салдарынан ол ауыр жарақатпен ауруханаға түсті. Басынан қан кеткен, сүйегі сынған. Мұны жай ғана «кездейсоқ жағдай» деуге болмайды. Аймағамбетовтің сөзінше, бұл дегеніміз тек дәрігерлер үшін емес, әрқайсымыз үшін қауіпті шабуыл.
“Ең сорақысы, медицина қызметкерлеріне қол көтеру, әсіресе жедел жәрдем мен емхана дәрігерлеріне күш қолдану әдетке айналып барады. Сондықтан оған дереу тоқтау салып, заңмен шектеу қою керек. Шыны керек, Қазақстанда басқа ешбір мамандық медицина қызметкерлеріндей жиі агрессияға тап болмайды. Оның салдары қазірдің өзінде байқалып жатыр. Дәрігерлер жұмыстан кетіп жатыр, өйткені өзін қауіпсіз сезінбейді, – дейді ол.
Сондықтан депрутаттар бұған дейін үш рет Қылмыстық кодекске өзгерістер ұсынған:
• Дәрігерге шабуыл жасаған адамға қатысты бөлек бап, қатаң жаза болуы керек. Бұл жаза полицияға немесе орманшыға шабуыл жасаумен тең болуы тиіс.
• Егер дәрігер соның кесірінен жұмысқа жарамай қалса, кінәлі адам моральдық та, материалдық та өтемақы төлеуі керек. Қажет болса өмір бойы да төлесін. Алайда осы күнге дейін бұл бастамаларымыз Үкіметтің қорытындыларында қолдау таппады. Президент бұл мәселе бойынша нақты тапсырманы бұған дейін де берген еді: дәрігерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажет.
“Ең бастысы- осы тапсырманы орындау. Халықаралық тәжірибе де біздің ұсынысымыз дұрыс екенін көрсетеді. Еуропа елдерінде дәрігерге шабуыл жасау полицияға шабуыл жасаумен тең. Онда мұндай әрекет үшін нақты, қатаң жаза бар. Мемлекет дәрігерді қатты қорғайды. Бізде де солай болуы керек. Бұған қоса, тағы бір маңызды бағытпен айналысып жатырмыз. Ол- дәрігерлерді кәсіби тәуекелдерден міндетті сақтандыруды кеңейту. Жұмыс орнындағы зорлық-зомбылық пен жарақаттар да сақтандыруға кіруі тиіс. Осы күзде біз бұл заңдар бойынша тиімді шешім қабылданады деп сенемін”, – дейді Аймағамбетов.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.
Прокурор Перизат Қайратқа 10 жыл, анасына 8 жыл сұрады
Ұқсас жаңалықтар
Қытай полициясы пранк түсірген қазақстандық блогерге қатысты тексеріс бастады
- авторОймақ
- 19 шілде, 2025