Әлеумет

Мәжіліс спикері колледж педагогтарымен кездесті

Палата спикері Ерлан Қошанов бастаған Мәжіліс делегациясы Қарағанды облысының Нұра және Осакаров аудандарына барды. Мәжіліс депутаттары өңірдегі инвестициялық жобалардың жүзеге асырылу барысымен және әлеуметтік нысандардың жағдайымен танысты, деп хабарлайды Oimaqnews.kz Stan.kz ақпараттық агенттігіне сілтеме жасап.

Нұра ауданында депутаттар Болат Әбдікәрімов атындағы көпсалалы колледжге барды. Оқу орны агроөнеркәсіп, құрылыс және өндіріс салаларына арналған он мамандық бойынша кадрлар даярлайды. Бүгінде мұнда шамамен 300 студент білім алуда.

Мәжіліс төрағасы педагогтерге арнаған сөзінде Еңбек адамының рөлі мемлекет үшін маңызды екенін атап өтті. Ол қазіргі таңда Қазақстанда жұмысшы мамандықтары бойынша мамандарға сұраныс 40 пайыздан асып отырғанын айтып, осыған байланысты жас, білікті кадрлар даярлауға ерекше назар аудару қажеттігіне тоқталды.

Сонымен қатар ол еңбек адамын қолдауға бағытталған нақты өзгерістерге, яғни, жұмысшы мамандық иелері үшін жаңадан тұрғын үй ипотекалық бағдарламасының іске қосылғанын, сондай-ақ зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтіндерге зейнетке ерте шығу мүмкіндігі қарастырылғанын атап өтті. 

Ауданда ауыл шаруашылығы да қарқынды дамып келеді. Мәжіліс депутаттары биыл іске қосылған "МФ Рамадан" ЖШС-нің сүт фермасының жұмысымен танысты. Кәсіпорын 1100 голштин-фриз тұқымды сауын сиыр ұстауға арналған. Технологиялық тұрғыдан жаңа сауу жабдығының көмегімен ферма тәулігіне – орта есеппен 27 тонна, жылына 10 мың тоннаға дейін сүт өндіруді жоспарлап отыр.