Қоғам

Әуежай қызметкерін кепілге алған ер адамға үкім кесілді

Ол 11 жылға бас бостандығынан айырылды.

Әуежай қызметкерін кепілге алып, шу шығарған ер адамға үкім кесілді. Ол 11 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Oimaqnews.kz Qaz365.kz.сайтына сілтеме жасап.

 Ол жазасын қауіпсіздігі орташа түзеу мекемесінде өтейді. 16 шілдеде 3 айдан аса уақытқа созылған сот отырысы аяқталып, атышулы іске нүкте қойылды. Қайта тергеудің нәтижесі бойынша қылмыстың саралануы өзгеріссіз қалды.

Түрксіб аудандық сотында ер адамға қатысты сот үкімі оқылды. Машрапбек Баратов Қылмыстық Кодекстің 293-бабының 3-бөлігі (Бұзақылық), 261-бабының 2-бөлігі 4-тармағы (Кепілге алу) және 273-бабы (Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау) бойынша кінәлі деп танылды.

Сот ер адамға 10 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Күдіктінің бұрын басқа іс бойынша өтелмеген жазасы осы мерзімге қосылды. Осылайша Машрапбек Баратов 11 жылға бас бостандығынан айырылды.

Машрапбек Баратов 2025 жылдың 7 наурызында Алматы әуежайында өзінен құжат сұраған кезде қауіпсіздік қызметінің скрининг қызметкерін шашынан ұстап, пышақпен қорқытқан.

Оқиғаның кездейсоқ куәгері Мұса Әбдірайым есімді азамат Машрапбековтың қаруын тартып алған. Артынша президент Қасым-Жомарт Тоқаев оны «Ерлігі үшін» медалімен марапаттады

Соңғы сөзінде Машрапбек Баратов жәбірленушілерден кешірім сұрап, жасаған ісіне өкінетінін жеткізді. Сондай-ақ соттан өзінің зейнет жаста екенін ескеруді сұрады.