Әлеумет

Қазақстандық рэпер әйеліне зорлық-зомбылық көрсеткен

Бір сағат бойы белдікпен ұрып соққан.

Қазақстандық рэпер Qurt  (Дамир Қойшыбаев) әйелі Аружан Койшыбаева күйеуінен тұрмыстық зорлық-зомбылық көргенін мәлімдеді, – деп хабарлайды Oimaqnews.kz   Orda.kz сайтына сілтеме жасап.

Оның айтуынша, 27 маусым күні таңғы уақытта күйеуі бір сағат белдікпен ұрып, алғашқысы үзілгеннен кейін екіншісімен ұруды жалғастырған.

«Оқиға таңертеңгі сағат 10-да болды. Ол мені бір сағат бойы белдікпен сабады. Белдік үзілген соң, екіншісін алып ұруын жалғастырды. Мен пәтерден шыға алмай, айқайлап көмек сұрадым. „Көмектесіңіздер, құтқарыңыздар, мені өлтіріп жатыр“ деп айқайлаған даусымды естіп, көршілер жетіп келіп, мені құтқарып қалды», – деді Аружан Койшыбаева.

Аружан бұл жайтты жариялауға бұрын қорыққанын айтады.

«Мен оны қатты жақсы көргендіктен, бәріне көз жұма қарадым. Бірақ ол бұл әрекеті үшін титтей де өкініш білдірмеді. Денедегі жарақаттар тіркелді. Ертең арыз жазамын», – деді ол.

Оның айтуынша, Қойшыбаев кейін достарымен бірге келіп, оны видеоға «ешқандай шағымым жоқ» деп айтуға мәжбүрлеген.

«Бірнеше танысы қоқан-лоқы көрсетті. Қазір не істерімді білмей отырмын», – деді әйел.

Сондай-ақ ол әртістің анасы есік алдында тұрып, арыз жазбауды өтінген.