«Ассамблея жастары – келісім мен достық жаршысы»
«Ассамблея жастары – келісім мен достық жаршысы»
«Сыр елі – бейбітшілік пен келісім мекені» жобасы аясында ұйымдастырылған көш керуенінің ауылға аялдауы тұрғындар үшін ерекше әсерлі сәтке айналды. Бұл күні ауыл жұртшылығы ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп, салт-дәстүрімізді жаңғыртқан мағыналы да мазмұнды мерекелік концерттік бағдарламаны тамашалады.
«Бірлік пен келісімнің 30 жылы» атауымен өткен мәдени кеште түрлі этнос өкілдері өз өнерлерін ортаға салып, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Әсем әуендер мен ұлттық нақыштағы көріністер тоғысқан сахнада татулық пен достықтың, бейбітшілік пен келісімнің үні шырқалды.
Кештің көркін «Ассамблея жастары» ұйымының 50-ден аса белсенді мүшесі ашты. Олар ән мен биден шашу шашып, ел бірлігі мен достығын арқау еткен өнерлерімен көрермендердің жүрегінен орын алды. Жастардың өнері мен жалынды жігері көрермендерге ерекше рух пен көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Сондай-ақ, концерттік бағдарлама аясында бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері арасында өткен «TWO STARS» ән-шоу байқауының бас жүлдегерлері Талант Айымбетов пен Аружан Саруарбек өнер көрсетіп, көрермендердің зор қошеметіне ие болды.
Этносаралық татулық пен рухани бірлікті насихаттаған бұл мәдени шара ел ішіндегі бауырмалдықты бекемдеп, бірлік пен ынтымақтың маңызын тағы бір мәрте айшықтай түсті.