Британдармен біріккен білім
Астана қаласында Coventry университеті БАҚ өкілдерін кәсіби мерекесімен құттықтап, оларға кампус-тур ұйымдастырды.
Ұлыбританияның үздік университеті енді қазақ балалары үшін қолжетімді. Сингапур, Лондон, Дубай секілді әлемнің ірі қалаларында орналасқан британдық Coventry университеті Астанадан да бой көтерді.
Университет былтырғы жылдың қыркүйегінде жұмысын бастады. Аталмыш университеттің артықшылығы көп. Әлемнің үздік 30 жоғарғы оқу орнының тізіміне енген Coventry университеті ағылшын тілінде ғана білім береді. Университет толықтай заманауи құралдармен жабдықталған. Білім алу үшін барлық жағдай жасалған.
Coventry университеті талапкердің бастауыштан бергі білім тарихын тексереді. Қандай мектепте оқып, қалай аяқтағанына назар аударады. Қазақстандағы Coventry университетінің президенті Мирас Дауленов «Университетке қабылдау үш бірдей этаптан тұрады. Алғашқысы оқушы кездегі GPA, одан соң IELTS, ақырғы кезең жазбаша сынақ болады. Ол есеп, немесе математикалық заңдылықтар емес, ағылшын тілінде жазылатын эссе. Мәселен, жасанды интеллект адам өміріне қалай әсер етеді деген тақырып аясында ағылшын тілінде өзінің көзқарасын жазып шығады. Осы этаптардан өткен жағдайда университетке қабылданады. Ең төменгі IELTS деңгейі 5.0 болуы шарт. Бұл алғашқы кезеңге ғана. Негізгі көрсеткіш 6.5-тен төмен болмауы шарт. Ұлттық Бірыңғай Тестілеусіз де қатарға қосылуға болады» дейді. Осылайша, еліміздегі ең үздік әрі дарынды оқушыларды іріктеп алады.
Coventry университетін бітірген талапкерлер біріккен диплом емес, толыққанды британдық дипломды қолына алады. Сондай-ақ студенттер Coventry университеті бар елдерден оқуын әрі қарай жалғастыруға толыққанды құқылы. Бизнес, ақпараттық технологиялар, МВА бағдарламаларын оқытады. Оқу төрт жылға негізделген. Алғашқы жыл Foundation, қалған 3 жыл негізгі білім. Университет кампусы бакалавриат және магистрлік білім алуға мүмкіндік береді.
Студенттердің де адымдауы қарқынды. Университет кампусы қабырғасынан Enactus ұйымы ашылған. Жаңашылдыққа жаны құмар шәкірттер этноөнімдерді заманауи үлгіде балмұздаққа айналдырды. Enactus Coventry University Kazakhstan капитаны Әсем Әсенбекқызы «Біз Coventry University Kazakhstan университетінің Enactus командасымыз. Enactus - әлеуметтік және экологиялық маңызды жобаларды жүзеге асыру арқылы көшбасшылық пен кәсіпкерлік дағдыларды дамытатын халықаралық студенттік қозғалыс. Біздің Nomad Freeze жобамыз дәстүрлі қымызды заманауи форматта насихаттауға бағытталған. Біз қымыз негізінде балмұздақ жасап шығардық, оған ұлттық дәмдерді-балқаймақ пен тарыны қостық. Өнімде қант мөлшері күнделікті балмұздақтан әлдеқайда төмен, бәрі табиғи. Қазір кәрі мен жасты талғамайтын қант диабеті ауруының салдарын азайтуға таптырмас әдіс. Сонымен қатар, ұлттық өнімді дәріптеп, жаңғыртып жатырмыз. Жоба арқылы шағын кәсіпкерлердің қымыз секілді дәстүрлі өнімдерге деген сұранысын арттырып, олардың табысын көбейтуге көмектестік. 8 ай ішінде республикалық деңгейде 3-орын иеленіп, түлектер қауымдастығынан 500 000 теңге көлемінде грант ұтып алдық. Nomad Freeze дәстүрді сақтау, жергілікті кәсіпті қолдау және ұлт денсаулығына үлес қосуға бағытталған жоба» деп баяндайды.
Білім іздеген жастар еліміздегі білім сапасын місе тұтпайтынын жасыра алмаймыз. Содан соң шетел асып, жыраққа кетеді. Бұл университет арқылы шекарадан өтіп, отанына қайтпай қалған білімді азаматтардың санын азайтуға болады. Себебі, оқыту процесін шетелдік ғалымдар өткізеді. Студент білім алу бағдарламасына сәйкес еліміздегі ең үздік компаниялардан тәжірибе алып, өндіріс алаңына шығуға дайын болады. Жұмыссыздық санын қысқартып, экономиканың әлеуетін арттыруға барлық жағдайды жасайды.
Кітапхананың құрылымы да ерекше. Қағазбастылықтан құтылып, талон арқалап жүрмейсің. Сайт арқылы тапсырыс беруге болады. Жаңашылдық та осында. ТМД елдерінің оқу орындарында кітап алу түр-әлпетпен әлі де жүзеге аспаған. Ал Coventry университеті Face ID технологиясы арқылы студентке кітап табыстай алады. «Кітапхана қорында оқыту әдістемелік кітаптары басым. Әрине, олардың барлығы ағылшын тілінде емес. Әрбір студент әуелі Қазақстан тарихын оқып, қазақ дәстүрімен танысқан соң ғана оқуын жалғастыра алады. Біздің мақсатымыз талантты жастардың өзге елге телміріп, өзгеге қызмет етуін болдырмау. Әуелгі баспалдақ-қазақты тану» дейді Мирас Дауленов.
Астанадағы Coventry университетінің кампусы 5 қабатты құрады. Тағы айта кететіні, университет жатақханамен де қамтамасыз етілген. Студенттерге қолайлы деп танылғанның барлығы жасалған. Және Face ID технологиясы тек кітапханада емес, барлық жерде қолданылады. Тіпті, кофе алаңында осы технология арқылы қажетті сусынды сатып алуға болады екен. Жаһандану дәуірінде елімізге жаңашылдығымен енген университет адағы уақытта тағы да өзгерістер алып келетініне сенімдіміз.
Кампус-тур соңында БАҚ қызметкерлерін мерекемен құттықтап, сыйлықтар үлестірді. Coventry университетінің кампусы әлі де құрылымдық өзгерістерге толы болары сөзсіз. Еуропалық әдістемеге сүйенген білім мен тәжірибе жақсы нәтиже көрсететініне сенімдіміз. Ұлыбританиямен бірлескен білім тек британдықтарға емес, біздің елімізге де орасан зор пайда әкелері сөзсіз.
Ерасыл Нұрлыбекұлы,
Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенті