Жетісуда әйелін ұрып өлтірген ер адам ұсталды
Қазір күдіктіге қатысты қылмыстық іс қозғалды.
Жетісу облысында әйелі Айзат Маратқызының өліміне күдікті ер адамға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Оқиға 21 маусымнан 22 маусымға қараған түні Ақсу ауданының Баласаз ауылында болған, деп хабарлайды Oimaqnews.kz turkystan.kz.сайтына сілтеме жасап.
Марқұмның әпкесі Раушан Дарымбекованың айтуынша, Айзат күйеуінің соққысынан көз жұмған. Оқиғадан кейін ер адам алдымен әйелін ата-анасының үйіне апарып, кейін медициналық көмек қажет болған соң Жансүгіров аудандық ауруханасына жеткізген. Алайда, аталған ауруханада жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқандықтан, Айзат Талдықорған қаласына тасымалданған. Дегенмен, медициналық қорытындыға сәйкес, ол кезде әйелдің тіршілік белгілері болмаған.
Марқұмның туыстары оның денесі сот-медициналық сараптамасыз мәйітханадан шығарылғанын айтады. Олардың сөзінше, Айзаттың денесінде көптеген көгерген іздер мен ашық жаралар болған, бұл – тұрмыстық зорлық-зомбылықтың айғағы. Қайтыс болған әйелдің әпкесі әділ тергеу жүргізіліп, кінәлі адамның жазалануын талап етеді. Ол сондай-ақ Айзаттың ата-анасы мен екі жасқа толмаған кішкентай қызы қалғанын айтты.
Облыстық полиция департаменті күдіктінің ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалғанын, қылмыстық істің қозғалғанын растады. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде, алайда істің толық мән-жайы жария етілмей отыр.