Сара Латиева – «Мен соғысты көргенім жоқ», «Бұлбұл», «Хадиша Бөкеева», «Туған жердің түтіні» кітаптарының авторы. Деректі проза жанрында қалам тербеген жазушының қазақ журналистикасына сіңірген еңбегі де ұшан-теңіз. Бүгінде қалам ұстаған қазақ қыздарының көш басында тұрған қаламгермен әңгімеміз әдебиет төңірегінде өрбіді.
– Қазақтың үш бірдей қаламгер қызын, яғни Шәрбану Бейсенова, Мағира Қожахметова үшеуіңізді журналистикаға алып келген Тауман Амандосов екені белгілі. «Қазақ қыздары журналист бола алмайды», «Қазақ қыздарынан ақын шықпайды» деген стереотипті бұзса да, қалам ұстаған қыздардың соңынан осы бір пікір қалмай келеді. Неге?
– Журналистикаға келген сәтте «Тауман Амандосов айтыпты» деген сөзді естіген жоқпыз. Бұл – түбірімен қате, бертінде шыққан әңгіме. Мұны кімдердің және неге шығарғанынан да хабардармыз. Мұның сендерге еш қажеті жоқ. Тауман Амандосов қазақ қыздарының журналист болғанын қаламады емес. Керісінше, журналистикаға келген қыздардың ары қарай жұмыс істеп кететін жағдайы қалай болады деп алаңдады. Тауман аға журналистиканы бітірген қыз-жігіттердің барлығы дерлік елдің игілігіне қызмет етуін қадағалап отыратын. Оған қоса, журналистикаға оқуға түсуі үшін міндетті түрде екі жылдық қызмет стажы болуы тиіс еді. Мұның қисынды тұсы да бар. Кез келген жас – өмірді көруі қажет. Тұлға болмаса да, соған жетеқабыл ойлай алатын адам болып қалыптасқаны жөн. Содан кейін, ол өзіне қандай мамандық қажет екенін таңдай алады. Біз – 1965 жылы оқуға түстік. Шәрбанға «мектептен келдің» деп, құжаттарын бірден филологияға қабылдаған. Кейін оқуға қабылдайтын тұста Шәрбанды журналистикаға алып келген Тауман аға болатын. «Мына баланың жазуында ерекше бір нәрсе бар» деп құжаттарын филологиядан алып, журналистикаға қабылдатты. Қыздардың журналист болғанын қаламайтын декан осылай істер ме еді? Екінші курстың басында сабаққа келгенімізде шашы үрпиген, көзәйнегі табақтай бір қыз отырды. Ол бұрын бізде жоқ болатын. Сөйтсек, бұл Мағира Қожахметова болып шықты. Ол Көкшетауда кітапханашы болып жұмыс істеген, Қыздар институтының кітапханашы бөлімінде сырттай оқып жүрген қыз екен. «Журналист болғым келеді» деп Тауман ағаға келіпті. Ол кісі Мағираның ой орамына, логикасына қарап, бізге қабылдапты. Бұл да Тауман ағаның журналистикаға, оның ішінде қалам ұстайтын қыздарға екі есе жаны ашитын педагог екенін танытса керек. Жанашырлығы өз алдына, адам танитын айрықша қасиеті болды.
– Тауман аға сіздің қаламгерлігіңізді қалай бағалады?
– Қанша бала журналистикаға оқуға түссе, Тауман аға соның бәрінің жазған-сызғанын қадағалап, оқып жүреді екен. Мағираның да жазғандарын оқыған соң, ұнатып бізге қабылдаған ғой. Менің де екі жылдық стажым болды. О баста мектеп бітіргенде тобымызбен «қойшы боламыз» деп, қойға кеттік. Қойда жүрген мені журналист қылған сол кездегі Жәнібек ауданының екінші хатшысы, марқұм Оқас Әлмұханов еді. Бүкіл мәдениет, әдебиет, идеология мәселесіне сол кісі жауапты болатын. Мектеп бітіретін жылы жазған шығармамды оқып, «мына баланы газетке алу керек» деп аудандық газетке алмақшы болыпты. Комсомол секретарына «қойға барамын» деп берген уәдем бар еді. «Сенсіз де қой бағылады. Газетке кел» дегеніне қарамай, қойға кеттім. Бір жыл қой бақтым. Келесі жылы Оқас аға тағы шақырды. «Үлкен кісі бір емес, бірнеше рет шақырды. Ұят болады. Сенің қабілетіңді бағалаған соң шақырып отыр» деп анам ұрысқан соң, келістім. Аудандық «Октябрь туы» газетінің жанынан радио торап ашқан екен, соған қызметке алды. Қалай болғанда да, Тауман ағадай деканымды да, журналистикаға әкелген хатшыны да ұятқа қалдырған жерім жоқ деп ойлаймын. Біздің ерекшелігіміз сөзімізге де, өзімізге де талап қоя білгеніміз деп шамалаймын.
– Журналистиканың ыстық-суығына күйіп жүрген жанның деректі шығарма жазуына не түрткі болды?
– Оған бірдеңе түрткі болды деп айта алмаймын. Бұл да адамның жан қалауы. Жалпы, ол шығарманы тап-таза деректі деп те айтуға болмайды. Деректі негіздегі көркем эссе. Яғни, бір адамға жасалған құрмет деп айтар едім. «Бұлбұлды» жазуға не себеп болды дегенге келер болсақ, бұл шығарманы ойламаған жерден мойныма алдым. Марқұм Жәнібек Кәрменовпен бір күні көшеде кездесіп қалдық. «Жаңадан ашылған «Жалын» баспасының «Өнер» бөліміне қызметке келдім. Қазақтың өнерлі азаматтары туралы «ЖЗЛ» сияқты игі бастама бастағалы отырмыз. Өнерді жазып жүрсің ғой. Ойыңда бір нәрсе болса, бізге кел» деді. «Күләшті жазайын» дедім. Бұл аузыма қалай түскенін кім білсін?! Күләштің әнін жақсы көріп тыңдаймын. Анам да әнші. Сол әнге деген құмарлық бәлкім, осы ойға итермелеген. Жәнібек салған жерден: «Ой, жақсы болды ғой. Жазып қояйын», – деп өзіне түртіп алды. Содан бір күні: «Сәке, өзің сияқты ниет білдірген адамдарды баспаға жинап жатырмыз. Редакторға кел», – деп хабарласып тұр. Барсам, Тұрсын Жұртбай – Қалибек Қуанышбаевты, Хабиба Елебекова – Жүсекеңді, Кәукен ағай – Шәкенді, Райымбек Сейітметов – Серағаңды, Әмірхан Бөриев – Әбілхан Қастеевті жазбақшы екен. Сөйтіп, он адам келісімшартқа отырып шықтық. Жалпы, кейбірін сырттай білсек, кейбіріміз бір-бірімізді жақсы танимыз. Соның ішінен Рекең ғана жаза алмады. Енді оның себебі – әртүрлі. Мәселен, менікі Күләштің 60 жылдығына болатын, бірақ баспа оны шығара алмады. Сол кезде «Өнер» баспасы ашылып, «Жалындағы» өнерге қатысы бары соған ауысты.
– Күләш Байсейітова туралы ақиқатқа да, аңызға да бергісіз әңгіме көп болды? Оны қалай елеп-екшедіңіз?
– Күләшті көрген, жақын араласқан, құйтырқы әңгімеге жібермейтін, ақиқатын анық білетін және оны сыйлаған адамдармен сұхбаттасып, пікірлестім. Мәселен, Ғабит Мүсіреповпен төрт жарым сағаттай әңгімелескем. Міне, осы маған дұрыс бағыт берді. Негізі, ел алдында жүрген кез келген тұлға туралы аңыз да, әңгіме де көп болады. Күләш Байсейітованың атақ-даңқы қалай өрлегенін өзіңіз де жақсы білесіз. Бірінші болу қашанда қиын. Біз Күләшті өткен уақытпен ғана сараптап қараймыз. Бірақ біздің заман мен оның өмір сүрген заманы басқа. Біздің уақытта бірнеше сопрано, бірнеше тенор бар. Бір сөзбен айтқанда, таңдау мол. Жаңадан ашылған театрдың басты әншісі болу оңай емес. Күләштің трагедиясын сол кездің өзінде ғана емес, бүгінде де түсіну қиын. Елден естігенін әркім өзіне қарап елеп-екшейді. Бірақ біз Күләш бола алмаймыз. Оның іші-сыртын, ойында не болғанын, қандай болғанын нақтысын біле алмаймыз. Сондықтан мөлшерлеп қана айтамыз. Суреткер ретінде түсінгенім, Күләш – бақытсыз адам. Біреулер «жап-жас кезінде-ақ атақтың бәрін алды» деуі мүмкін. Ол оны сатып алған жоқ. Алланың берген дарынының арқасында қол жеткізді. Әкесі оларды тастап кеткен. Ақиқаты, Күләш шешесімен, сіңлісімен Алматыдағы Айтбек деген немере ағасына келеді. Оның өнерді армандайтын да шамасы болмады. Ол кенеттен биік шыңнан көрінді. Өзінің оған қалай шыққанын да түсінбеген. Музыкалық білімі жоқтығы былай тұрсын, мектептің өзін түрлі себеппен тиіп-қашып оқыған. 7 кластық ғана білімі бар. Музыкалық театр кейін Опера балет театры болып ауысқанда, Дианьди деген итальян мұғалім болды. Күләш білімді содан ғана алған. Ж.Пуччинидің «Чио-чио-санын» орындаудың өзі кез келгеннің қолынан келмейді. Тіпті айтқанның өзінде әркімнің жүрегіне жеткізе алмайды. Ал ол 39 жасында соны орындап шықты және қалай орындады?!
– Күләш Байсейітованы «Қазақтың бұлбұлы» деп кім атады?
– Наталия Сацтың естелігінде былай жазылған: «Шынымды айтқанда, қазақтың театрын да, әншілерін де білмейтін адаммын. Бірақ Күләшті көргеннен кейін, онымен жұмыс істегеннен кейін, пікірім толығымен өзгеріп кетті». Н.Черкасов, Ю.Завадский, В.Барсова секілді өнер майталмандары Күләшті тыңдап, «бұл қалай?» деп таңданған. Күләшті «Казахский соловей» деп айтқан негізінен А.Нежданова болатын. Бірақ кейбіреулер Сталин десе, енді бірі Ғабең айтқан деп жатады. Бірақ ол атты Антонина Нежданова қойған. Оның үстіне Күләш сымбатты, аса керемет сұлулықтың символы болған емес. Аяғы қисықтау, жауырыны еңкіштеу болыпты. Бірақ сахнаға шыққанда, ол өзгеріп кететін. Міне, іштен шыққан өнер – осы. Біртуар деген қайтадан тумайтын, үйренуге болмайтын нәрсе.
– «Бұлбұлды» жазғаннан кейін Күләш жайында талай мақаланы оқыған шығарсыз, айтылып жүрген жағдайларды да естегін боларсыз. Қадыр ағаның «Иірімінде» Ғабит Мүсірепов пен Күләшқа байланысты оқиғалар суреттелген. Тіпті кезінде «Жас Алашқа» басылып, ел арасында сөз болып кетті. «Иірімдегі» Күләш бейнесіне қалай қарайсыз?
– Осыған байланысты өре түрегелген бір ғана адамның пікірін оқыдым. Күләштің сіңлісімен бірге университетте оқыған екен. «Студент кезімізде ол кісінің үйіне барып жүретінбіз. Бұл – қате пікір. Ол кісіні олай деп айтуға болмайды» деп шыр-пыры шығып, ара түсті. Меніңше, Күләш пен Ғабең деген нәрсе мүлдем айтылмау керек. Өйткені Ғабеңнің әйелдер туралы көзқарасын байқадым. Оның сұлулыққа, әдемілікке айтқандары бар. Соған қарап-ақ Күләш Ғабеңнің талғамындағы адам емес деп толықтай айта аламын. Бірақ ол да біз секілді екі аяқты, бір басты пенде болатын. 24 жасында КСРО Халық артисі деген лауазымын алып, оны көтеріп жүрудің өзіне қаншама күш керек. Оған қоса, оның үй ішіндегі жағдайын ешкім есептемейді. Ғабит Мүсіреповтің өзі «Күләшті періште демеймін. Бірақ ол өмірде де, өнерде де адал адам болатын» деп айтқан. Қанабек Бәйсейітовті көрдім. Таза феодалдық көзқарастағы адам болатын. Өзі денелі, мойны қысқа, иықты еді. «Ойпырмай, Күлеке! Осы ақ борықтай қалпыңызбен Қанекеңді қалай таңдадыңыз» десе, Күләш «Е-е, қыздар-ай! Айтпайтын нәрсені айтып қайтесіңдер» деген еді, жарықтық» деп марқұм Мәриям апай айтып еді. Қанекеңнің бетінде қорасаннан қалған дақтары болыпты.
– Қадыр ағаның «Көбіне айнаның бер жағына ғана қарап, оның арғы бетіне үңіле бермейсіздер. Айнаның арғы бетінде не барын «Иірімде» жаздым, бірақ оқырман қабылдамады» дегені бар еді. Мәселен, сіз жазған кейіпкеріңіздің арғы тұсына үңіліп көрдіңіз бе?
– Әрине, сондықтан кей мәселелерін кесіп айтып отырмын. «Күләшті періште» деп айтқаным жоқ, жазғаным жоқ. Екі аяқты пенде ешқашан періште бола алмайды. Қазақ қабылдауға тиісті нәрсенің бәрін қабылдайды. Қазақтың басқа ұлттан аласы жоқ, ойының өресі бәріне жетеді. Егер бірін қабылдамаса, демек ол қазаққа тән болмағаны. Қадыр ақын жазғанына өзі жауап берді. Ол да пенде. Айнаның қай тұсынан қарағысы келді, соны жазды.
– «Тура айтқан туғанына жақпайды». Десек те, шындық айтылуы керек. Бұл тұрғыдан келгенде, ақиқаттың бәрін айта алдыңыз ба?
– Шындық айтылу керек, бірақ ол – қандай шындық? Бексұлтан Нұржекеев «Осы Күләштің үстінен жазылған арыз туралы не білесің? Ол туралы кітап жазып жүрген соң, сенің моральдық құқың бар. Арыздың түпнұсқасы бар ма екен, соны көрсеңші» деп сұраған. «Арыз жазғанын білемін. Қанекеңмен әңгімелескенсіз, «Күләштің соңғы көктемі» деп жазып жүрген адамсыз. Өзіңіз неге көрмейсіз?» дегенімде, «Дәл соған қолым жетпеді. Оған отбасының келісімі керек екен» деді. «Аға, оны алғанымен не істейміз?» дегенімде, «Ел-жұрт шындықты білу керек» деді. «Егер сол арыз жазғандардың атын аймандай етіп жазып қойса, Күләштің жүйкесі орнына түссе, ол қайтып келсе, қаланың кез келген ағашына жазып кетер едім. Маған бұның керегі жоқ» дедім. Кейін Шамғон Қажығалиев жеті адам деп айтқан екен. Шындығында алты адам болған, оны білемін. Жетіншісі – осыны ұйымдастырған адам болуы мүмкін. Оның біреуі Күләштің орнына Пекинге барды. Ол – ақиқат нәрсе. Олардың біразы дүниеден өтіп кетті. Оның ұйымдастырылғаны да нақты. Әйтпесе, Қытайға барардан бұрын сол арызды неге жазбады? Бұл өзі абыройсыз әңгіме. Күләшқа бұдан бірдеңе қосылады деп ойламаймын. Қазаққа абырой әпермейді. Сондықтан «жабулы қазан жабулы күйінде қалғаны» дұрыс.
– Күләштің өлімі неге құпия деп айтылады?
– Күләштің өлімі – құпия. Өйткені ол кезде қасында ешкім болмаған. Ол жайында Қанекең кітабында: «Ол кезде Мәскеуде едім. Күләш хабарласып, «бір есебін тауып мені Мәскеуге шақыртып алшы, шаршап кеттім» деді. Сол кезде Мәскеуде театрлардың он күндігі өтіп жатқан. Келіп соны көрді. Жұмысым бітіп, қайтатын болдым. Күләш болса «бір шаруаларым бар, бір-екі күнге қаламын. Билет алғанда хабарласамын» деп қалып қойды» деп жазған. Ұрып, соқты дейтін арыз жоқ, қасында болдым дейтін ешкім жоқ. Жүрегі ауырып, қайта-қайта ауруханаға түсіпті деген дерек жоқ. Ақиқаты, ол қонақүйдің ваннасында қайтыс болған. Күләш тура сол арызды оқыған сәтте қайтыс болған жоқ. Соңғы рет «Қыз Жібекті» айтып, Мәскеуге барып, қайтыс болды. Оның өлімін жұмбақ демегенде не дейміз? Күйзеліс болған шығар. Костюм тігіп, репертуар белгіленіп, Пекинге әне-міне жүремін деп тұрғанда арыз шықты. Әрине,төбеңнен жай түскендей болады. Мұндайда кім-кімде есеңгіреп қалады. Оның үстіне арызды жазғанның кім екенін көрсетіп тұрса, екі есе ауыр тиеді. Берірек келген соң, Кәукен Кенжетаев «біз де қателестік» деп газет бетінде мойындауы – азаматтық. Бірақ ол да тарқатып, ештеңе айтпады. Бірнеше спектакльде әріптес болғанын, гастрөлдерге бірге шыққанын, үй ішімен араласатынын жеткізді. Оған қоса, Күләштің үй ішіндегі жағдай нашар болғанын бәрі біледі. «Балаларыма қадағалап отырып, тәрбие бере алмадым» деген өкініші болды. Алайда оның балаларына тәрбие беретін уақыты болмады. Былайша айтқанда, Күләштің маңдайына жазылған тағдыры. Ең қызығы, Күләшта қызғанатын ештеңе жоқ еді. Себебі, ол ешкімнен ештеңе қызғанған емес, оны білген де жоқ. Күләштің бар арманы – қазақтың балалары консерваторияны толық бітіргенін қалайтын. Арман таусылған ба? Күләш та адам баласы.
– «Бұлбұлдан» соң, «Хадиша Бөкеева» туралы жаздыңыз. Хадиша апайдың өмірі неге қызықтырды?
– Өнер, мәдениет – менің таңдаған бағытым. Хадиша апайды жазуымның да өзіндік себебі бар. Оны жазу да – Күләш сияқты кенеттен туды. Жоспарланбаған дүние. Біріншіден, Хадиша апай – менің жерлесім. Ол кісі де оралдық. Хадиша Бөкееваның спектакльдерін тамашаладым. Ойнаған рөлдерін көрдік. Мехребану, Сәуле, Қарлыға, Әйгерім – бұлардың бәрі Хадиша Бөкееваның өзі жасаған айрықша рөлдер болатын. Ол ешкімді қайталаған жоқ. Біздің театр туралы түсінігіміз де – әуесқойлық. Ол кісінің сахнада өзін-өзі ұстауы, партнерімен байланысы – ерекше көзге түсіп тұратын. Образдарының әртүрлілігі өз алдына, ол кісі тәкаппар, жанына жақын бару мүмкін емес көрінетін. Өмірде де солай болатын. Топтың ішінде ерекше көзге түсетін еді. Байғали Досымжанов – ерекше дауысты әнші. Өнердің екі саласында жүрген әрі оны биіктеткен тұлғалардың бір отбасында болуы қызықтырған шығар.
– Қазақ журналистикасының бүгінгі жағдайына алаңдайсыз ба? Сізді не мазалайды?
– Қазақ журналистикасының қазіргі жағдайына алаңдайтындай мәселе көп деп айтуға болмайды. Біз журналистика дегенде тасқа басылған, қолға ұстап оқитын басылымдарды азайтып, интернет журналистикаға біртіндеп еніп барамыз. Уақыт жылдам өтіп жатыр. Оған адамдар ілесуі тиіс. Табақтай газетті оқып отыратын уақыт жоқ дейміз. Бір жағынан, бұл пікірдің де жаны бар шығар. Бірақ журналистиканың өзі бір күндік шаруа. Күнде шығатын газет күн сайынғы міндетін атқаруы тиіс. Оны оқушылар «әлгі газет келмеді ғой» деп іздеуі қажет. Қазір басылымдардың тиражын азайып кетті. Басылым мен интернет – тікелей бір-біріне балама болатын нәрсе емес. Ол – жылжып жатқан уақыттың бейнесі. Әрине, бұдан елу жыл бұрын мұндай нәрсе ешкімнің ойына келмеген. Кіп-кішкентай «Қазақстан пионері» деген газеттің өзінің тиражы – 300-400 мың. «Лениншіл жас» жарты миллионнан асты. «Мәдениет және тұрмыс» журналының таралымы 800 мыңға жеткен кездері бар. Қазір халықтың саны 18 миллионға жетті деп жатырмыз. Ол кезде халық саны әлдеқайда аз болды. Соған қарамастан газет-журналдың тиражы көп еді. Бұл – сол уақыттағы адамдардың талабына қарай болған нәрсе. Қазір уақыт басқа дейміз. Дегенмен қағазды қысқарту – біздің халықты дамытады деп ойламаймын. Керегін іздеген адам қай кезде де уақыт табады. Кітап та солай, газет те солай болмақ. «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі болуы керек» деген пікірді қостаймын. Қазақ өркениеттен қалмай, уақыт көшіне ілесіп отыруы тиіс десек, тасқа басып отыруымыз қажет. Ең бірінші, ұлттың идеологиясын көрсететін – газет-журналдар. Халыққа жетпеген сөздің қажеті жоқ. Интернет барлығына қолжетімді емес. Шалғайдағы ауылдар интернетке қол жеткізді деп, тағы айта алмаймыз. Ал дамыған жастар интернеттен қол үзіп кете алмайды. Ол – өз еркі. Ала таңнан қара кешке дейін интернетке байланып отыра алмайтынымыз тағы бар. Сондай сәтте басылым да өз рөлін атқарады. Жалпы, халық нені талап етсе, соны беру – міндет. Баспасөз керек пе, басылымын оқысын, интернетті қажет ете ме, соған қарасын. Екеуін бір-біріне қарсы қоюдың жөні жоқ деп ойлаймын. Осыдан мәселе туындатуға тағы болмайды. Біздің де кезімізде «газет оқылмайды, телевидение басып кетеді» деген пікірлер болды. Оқылмай қалған газет жоқ. Жақсы журналистің қашан да қауымы бар. Соған көзім жетеді.
– Әңгімеңізге рақмет!
Әңгімелескен Гүлзина БЕКТАС
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.