Әлеумет

Құлсарыда бұрынғы әйелін жұмыс орнында өлтірген ер адамға сот үкімі шықты

Оны 15 жылға бас бостандығынан айырды.

Сот Құлсарыда бұрынғы әйелін жұмыс орнында аяусыз өлтірген ер адамды 15 жылға бас бостандығынан айырды, деп хабарлайды Oimaqnews.kz  turkystan.kz.сайтына сілтеме жасап. 

Бұл оқиға 2025 жылдың көктемінде болған және қоғамда үлкен резонанс тудырған еді. 27 наурызда айыпталушы бұрынғы жұбайымен Instagram желісінде хат алмасқан. Араларында жанжал туындап, сотталушы ашуға булығып, әйелін өлтіруді ұйғарған. Ол қалтасына жиналмалы пышақ салып, әйел жұмыс істейтін емханаға келген. Кабинетке кірген ол алдымен бұрынғы әйелінің басынан ұрған. Оның әріптесі араша түспек болғанда, сотталушы пышағын алып шыққан. Әйел көмек сұрап үлгеріп шыққанымен, сол сәтте ол оған екі рет пышақ салып үлгерген: бірі – мойнына, екіншісі – кеуде тұсына. Жәбірленуші сол жерде қаза тапты.

«Сот үкім шығару кезінде ауырлататын мән-жайларды анықтамады, жеңілдететін мән-жайлар ретінде кінәні ішінара мойындауы және істеген ісіне өкінуі танылды. ҚР ҚК 99-бабының 2-бөлігі 15 жылдан 20 жылға дейін немесе мүлкін тәркілеумен не тәркілеусіз өмір бойына бас бостандығынан айыруды көздейді», – деп хабарлады сот.

Осылайша, сот кінәні ішінара мойындау мен өкінуін ескеріп, марқұмның туыстары талап еткен өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын қолданған жоқ. Сонымен қатар, жәбірленуші тараптың пайдасына моральдық шығын өндіру жөнінде шешім шығарылды.