"Су көп, сондықтан су жоқ" парадоксы: экономист Айбар Олжаев су тасқынына қатысты былықты ашық айыптады
Қазақстан көктемде неғұрлым көп су тасқыны болса, жазда соғұрлым қуаңшылық болып, су жетіспейтін ел.
Белнілі экономист Айбар Олжаев өзінің Facebook парақшасында бүгінгі таңдағы су тасқынына қатысты сараптамалық ойын жеткізді. "Балқаштар мен алқаштар. Нұх пайғамбардың лекциясына қатыспағандар" атты жазбасында сарапшы елімізде көктемде су тасқыны мол болғанымен жазда су жетіспеу салдарынан қуаңшылық болатынын айтады.
"Мұхитқа шыға алмайтын ең ірі мемлекет және оның Зайсан қаласы әлемдік мұхиттан ең алыс құрлықтағы қалалар тізіміне кіретін Қазақстанды жыл сайын су басып, халқы ойбайлап жатады. Және ол нақты кесте бойынша жыл сайын наурыз бен сәуірдің түйіскен уақытында орын алады. Оның алдында, қыс кезінде ғалымдар "Орталық Азия су дефициті проблемасының алдында тұр" деген тақырыпта конференциялар өткізеді. "Су көп, сондықтан су жоқ" парадоксымен өмір сүретін Қазақстан ішкі процестері бір-біріне қарама-қайшы келетін әлемдегі ең қызық мемлекет. Сондықтан бұл мемлекетте өмір сүруден ешқашан жалықпайсың. Себебі ұлы даладағы республика сені ешқашан жалықтырмайды. Бұл даланы табиғаттың қарапайым алгоритмінен пайда болатын құбылыстарды "насыбай мен киіктің киесі ұрды" деп түсіндіретін алтын жандар мекендейді.
"Су көп, сондықтан су жоқ" парадоксы
Қазақстан көктемде неғұрлым көп су тасқыны болса, жазда соғұрлым қуаңшылық болып, су жетіспейтін ел. Осы аксиомаға салсақ, осы жазда ауыл шаруашылығын кезекті кризис күтіп тұр. Қар суының көп болатыны, жердің жіпсіп үлгермей, судың топыраққа сіңбеуінен орын алады. Сол су елді-мекендерді, жолдар мен көпірлерді қиратып, ақыры Ресейге ағып кетеді. Топырағымыз дұрыс ылғалданбаған, дүние-мүлкіміз қираған біз қар суынан да айрылып жылап отырамыз. Бізде ирригацияның өзі жоқ, тек министрлігі бар. Ол мекеме компьютерде бір апта отырып "2024-2030 жылдарға арналған тұжырымдама" жасап бітті де, шаршап қалды.
弱り目に祟り目, самұрай келсе су құри ма?
Қазақстан биылғы су тасқынының алдын-алуға 2023 жылдан ортасынан бастап кемінде 45 миллиард теңге жұмсаған. Жүзден астам совещаниелер өткен. Нәтижесі жаман емес - 40 автожол мен көпірді, оннан астам ауылды толық су шайып кетіп, 11 мың адам өз үйін тастап шығып, эвакуацияланды. Тоғыз облыс су астында қалды. Басты мақсат апаттың алдын алуға кеткен шығыннан сол апат салдарын жоюға кететін қаржының анағұрлым көп болуын қамтамасыз ету және оны алақанды ысқылап тұрып "игеру" деп түсінсек, ол мақсат биыл да артығымен орындалмақ.
Ал Мәке, сандықты аш
2024 жылғы Үкімет резерві 330,9 миллиард теңге болған. Ал мемлекеттік матрезервте 8,8 миллиард теңгенің заттары жатты.
331 миллиардтан жыл басынан бері 10,3 миллиард теңге жаратып үлгердік. Одан 3,8 миллиард теңге ветеринарлық қызметке, 2,6 миллиард теңге отандық рэмболарды Голан биіктігіне бітімгерлік операцияға жіберуге, 3,9 миллиард теңге шегірткемен күреске жұмсалды.
Сонда үкімет резервінде 320 миллиард теңге қалды деп есептесек, ол ауылдар, жолдар мен көпірлерді қалпына келтіруге жете ме? Алдағы уақытта нақты есебі шығады, бірақ менің ойымша жетуі керек. Себебі Қаңтар оқиғасынан кейін толық қалпына келтіру жұмыстарына 33 миллиард теңге жұмсалған болатын.
Енді ең қызығы күзде басталмақ. Егер тасқын шығыны көп болып, ал күзде жоспар бойынша ормандар өртене бастаса, онда біз резервсіз қаламыз. Осыған дайынбыз ба?
Бізде басқа не бар?
Елден ақша жинап жатқан Біргеміз қорында жиналған қаражат туралы ақпарат таппадым. Ал "Қазақстан халқына" қорына 225,9 миллиард теңге жиналып, оның 177,9 миллиарды жоспарланып қойылған. Басы артық 45 миллиард теңге ғана бар. Және ол қор төтенше жағдайға көзделмеген, бағыты емі қымбат, ауыр жағдайдағы балаларға медициналық көмек көрсету. Басқа жекеменшік қайырымдылық қорларында қордаланған қаржы көп емес.
"Сараң екі рет төлейді" деген қанатты сөзге сай, біздің дайындық жұмыстарына селқос қарауымыз ақыр аяғында өте қымбатқа шығуда. Ол тек табиғи апаттарда емес, кез-келген салада орын алып жатыр.
Психологиямызды қалай өзгертеміз? Бұл сұраққа ұзақ ойлансам да, жауап таппадым" дейді ол жазбасында.