Қоғам

"Бір иіскегеннен өліп кетеді": Қазақстандық жасөспірімдер жаңа қауіпті тренд бастады

Аэрозольді баллондарды табу өте оңай, бағасы да қолжетімді.

Қазақстанда жасөспірімдер арасында “карбик” деп аталатын жаңа қауіпті тренд пайда болды. Олар автокөлік карбюраторын тазалайтын сұйықтықты иіскеп, есірткі шеккенге ұқсас әсер алады. Мұндай аэрозольді баллондарды табу өте оңай, бағасы да қолжетімді. Оның құрамында ацетон, метил спирті, толуол және көмірсутектер бар. Оны иіскегендер есірткі шеккенге ұқсас әсер алады. Карбюраторларды тазалауға арналған бұл улы заттар тыныс алу жолдары арқылы ағзаға еніп, уландырып, ауыр асқынуларға, тіпті өлімге әкелуі мүмкін дейді мамандар.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, наркологиялық есепте 150-ден астам бала тіркелген. Оның 100-і – алкогольге тәуелді, 51-і – есірткіге тәуелді, тағы 11-і – токсикоманияға шалдыққан. Бұл – негізінен 15-17 жас аралығындағы жасөспірімдер. Бірақ бұл ресми көрсеткіштер ғана. Наркологтар мен полицияның назарына ілікпегендердің саны әлдеқайда көп болуы ықтимал. “Көбінесе бұл 5-9 немесе 12-15 жас аралығындағы балалар. Мұндай балаларды ата-аналары немесе мұғалімдері әкеледі. Себебі бала ашушаң бола бастайды, оқуға деген қызығушылығы жоғалады, сыртқы келбетіне мән бермей кетеді және тағы басқалар белгілер байқалады”, – дейді нарколог дәрігер Арай Әзімбекқызы. Баланың улы затты қолданатынын көрсететін белгілері бар. Атап айтқанда, оның денесінен бөгде, өткір химиялық иіс шығады. Сонымен қатар, мінез-құлқы мен сөйлеуіндегі өзгерістерге де назар аудару керек. Эйфориядан агрессияға дейінгі көңіл-күйдің жылдам ауысуы – тыйым салынған заттарды қолданудың тағы бір белгісі деп ескертті мамандар.