Спорт

Алтынның ауылы алыс емес: Әбибаның тарихи күмісі

Будапештте (Венгрия) дзюдодан әлем чемпионаты жалғасып жатыр.

Жарыс аясында Қазақстан әйелдер құрамасының көшбасшысы Әбиба Әбужақынова 48 келіге дейінгі салмақта белдесіп, тарихи күміс жүлдеге ие болды. Olympic.kz сайтына берген сұхбатында отандасымыз жарыста есте қалған сәттері мен алдағы жоспарлары жайлы айтып берді.

Әбиба Әбужақынова бұған дейінгі әлем чемпионаттарында екі мәрте қола жүлдегер атанған болатын. Ал биылғы әлем біріншілігінде финалға дейін жетіп, күміс медальға ие болды. Айта кетейік, Әбиба финалға шыққан алғашқы қазақ қызы.

Спортшы қолдау көрсеткен барша жанкүйерге алғыс айтты. Оның сөзінше, ең қиын қарсылас – финалда кездескен италиялық балуан болған.

«Шынымды айтсам, оның қандай әдіс қолданатынын алдын ала біліп, дайындығымды да соған қарай құрған едім. Бірақ белдесудің қызу сәтінде күтпеген жерден дәл сол әдіске түсіп қалып, қарсыласым юко ұпайын еншіледі. Ол сәт мен үшін өте маңызды әрі шешуші болды. Уақыт та таусылуға жақын еді. Сондықтан тәуекелге бел байлап, барымды салып шабуылға көштім. Соңына дейін күресіп, қолымнан келгеннің бәрін жасадым», – деді Әбиба Әбужақынова.

Бірінші шілдеде оқу-жаттығу жиыны басталады. Спортшы  оған дейін демалыс берілгенін айтты.

«Сол уақытқа дейін толыққанды демалып, күш-қуат жинап алуды жоспарлап отырмын. Бұл кезеңде жаттығу жасамай, денемді қалпына келтіріп, денсаулығымды нығайтуға көңіл бөлмекпін. Жарақаттардың алдын алып, әрі қарайғы дайындықты тың қарқынмен бастау үшін маңызды қадам», – дейді дзюдошы.

Жыл соңына қарай бірнеше маңызды халықаралық жарыс бар. Әбиба соның ішінде Grand Slam турнирлеріне қатысуды жоспарлап отыр.

«Әрине, нақты шешімді бапкерлер штабы қабылдайды. Бірақ мен барынша дайын болуға тырысамын. Жаттығуды жүйелі түрде жалғастырып, физикалық та, техникалық та деңгейімді жаңа сатыға көтеруім керек. Әр белдесуде кеткен қателіктерді саралап, солармен жұмыс істеу – басты назарда. Себебі алтынның ауылы алыс емес деп ойлаймын», – деді спортшы.