Шымкентте жиналыста шенеунікті ұстап алып кетті
Шымкент әкімдігінде жиналыс кезінде "Антикор" қызметкерлері залға кіріп, шенеуніктердің бірін алып кетті
Шымкент әкімдігінде жиналыс кезінде "Антикор" қызметкерлері залға кіріп, шенеуніктердің бірін алып кетті, деп хабарлайды Oimaqnews.kz
Шымкентте қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің жетекшілігімен өтіп жатқан. Жиын тақырыбы – сыбайлас жемқорлықпен күрес. Қала басшысы антикордың кейбір қызметкерлерге сауалдары бар екенін мәлімдеген соң, Ғабит Сыздықбеков жемқорлыққа қатысы бар деп айыпталғандарды алып кету қажет екенін айтты.
Сол сәтте "Антикор" қызметкерлері залға кіріп, шенеуніктердің бірін алып шықты. Ол шенеунік тұрғын үй бөлімі басшысының міндетін атқарушы болып қызмет істейді.
"Жемқорлықтың салдарынан мемлекет тарапынан бастау алған көптеген жобалардың халыққа пайдасы тиісті деңгейде тимей келгенін бәріміз білеміз. Отанымыздың қауіпсіздігі мен халықтың әл-ауқаты сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі жүйелі шараларға тікелей байланысты екенін атап көрсеткен Мемлекетіміздің басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмасына сай бұл саладағы жұмыстар барынша күшейтіліп, өз жемісін беріп жатыр.
Әр мемлекеттік қызметші өз қызметінде ең алдымен халықтың игілігін ойлап, соған сүйене шешім қабылдауы керек. Сондықтан алғашқы күннен бастап әкімдік және әкімдікке қарасты мекеме қызметкерлеріне осы туралы айтып келе жатырмын. Жіберілген кемшілік пен жасалған қатенің ең өрескелі, еш кешірілмесі - халық аманатына қол сұғу. Мұндай әрекеттерге көз жұмып қарай алмайтынымды бес ай бойы барша әріптестеріме үздіксіз ескертумен келемін. Бұл мәселені құқық қорғау органдарының өкілдерімен де бірнеше мәрте талқылаған болатынбыз", - деді Ғабит Сыздықбеков.
Қала басшысы кез келген нәрсенің сұрауы бар екенін, ең бірінші кезекте сұрау салар адам бар екенін әріптестерінің есіне салды.
"Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агентігінің тарапынан қалалық басқармалардың бірінде басшы лауазымдағы азаматтың іс-әрекеттері күдік тудырғаны анықталған. Осыған орай, әкімдіктің бүгінгі аппараттық мәжілісі үстінде аталған азаматты тергеу жұмыстары жүргізілетін уақыт аралығына қамаққа алу мүмкіндігі берілді. Көпшіліктің көз алдында орын алған бұл жағдай сол жиынға қатысқан әкімдіктің басшылық құрамымен қатар барша қызметкерлерге ой салар деп білемін. Әр нәрсенің сұрауы барын, бірінші кезекте сұрау салар адам бар екенін әріптестерімнің ұмытпағаны жөн. Мұндайдан арашалап, қорғап қалар ешкім болмайды. Тек қана еңбекті адал атқарып, міндетімізді абыройлы орындап, ел алғысына бөленуіміз қажет", - деді қала басшысы.