жұма, 6 маусым, 2025 23:18

Қазақстан және шетел ақпаратын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Байланыс

"Қазіргі қо­ғам сөздің қадірін түсініп жүр ме?" деген сауалға жазушы не деп жауап берді

"Қазіргі қо­ғам сөздің қадірін түсініп жүр ме?" деген сауалға   жазушы не деп жауап берді
фото жеке мұрағат
Тарих сөзде жатыр.

"Ұлы Абай: «Сөз ұқпайтын ақымақтан күн­де жеңілемін» деген екен. Қазіргі қо­ғам сөздің қадірін түсініп жүр ме?" деген жас журналистердің сауалына жазушы Қойшығара Салғараұлы жауап берді. Ол:  

– Тарих сөзде жатыр. Ал сөз – адам­ның жаратқан ең ұлы қаруы. Ғылым да, дін де адам ақыл-ойы­ның жемісі. Эйнштейн айтқандай, бұлардың үшеуі – бір алып ағаштың бұтақтары. Бір-бірінен бөліп қа­рауға болмайды. Дінсіз ғылым – ақсақ, ғылымсыз дін – соқыр. Ал осыны ұғындыратын тарих. Тарих деген – ата-бабаның ізімен қалған өмірбаян. Адамның сәбилік шақтан бастап пендешілікке дейінгі барлық қадамын шежіредей шертіп береді. Адам алғаш жаратылғанда пәк еді, санасы таза еді. Ол алтын дәуір болатын. Кейін адам бойына нәпсі мен пендешілік араласа бастаған сәт­тен-ақ құлдырау кезеңі бастал­ды. Біз қазір бесінші өркениетте тұрмыз. Бірақ тарихтағы әр өркен­иет шыңға жеткен сәтте қайтадан күй­реген. Бұл да заңдылық. Бүгінгі жағдайға қарасақ, біз де сол күй­реудің қарсаңында тұрғандаймыз.

Ең үлкен қателік адамның өзін ұмытуы. Өзінің кім екенін, қайдан шыққанын, қандай құдіретке ие екенін білмеуі. Біз өзімізді емес, өзгелерді тыңдаймыз. Өз сөзімізден емес, бөгденің сөзіне сенеміз. Сол себепті халық өз құдіретін жоғалта­ды. Абай айтқандай, «Қараңғыны қармап жүріп күнді күту» халіміз – осы. Адам баласының түзелуі – сана түзелгенде ғана мүмкін. Оған ешқандай үкімет, ешқандай ұран көмектеспейді. «Құдайдың екінші аты – халық» деген сөз тек халық оянғанда, халықтық сана биікке жеткенде ғана ақиқатқа айналады. Ал сана оянбаса, халық тобырға ай­налады. Кім көрінгеннің жетегін­де кетеді. Сөз – ұлы күш. «Таяқ ет­тен өтеді, сөз сүйектен өтеді» дей­ді. Сөз – тіріні өлтіріп, өліні тірілтетін құдірет. Мөңке бидің «Естіге айтқан асыл сөз  шыңға тіккен тумен тең» дегені осыдан. Есті құлақпен есті сөз тыңдалса, елдің де, ердің де бағы жанады. 

Шыны керек, біздің буын – шын данышпандардың соңғы көл­ең­кесі секілді. Бұрынғы ақсақалдар тост сөйлемейтін. Олар сөздің қа­дір­ін білетін, елдің жайын, ұлттың мұратын сөйлейтін.

Aikyn.kz

Оймақ
Автор

Оймақ

Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Ұқсас жаңалықтар