"Болашақ" бағдарламасы: стипендия мөлшері қайта қаралады
"AMANAT" партиясы жанындағы жастарды қолдау жөніндегі республикалық кеңестің отырысы өтті. Кеңесте "Болашақ" халықаралық стипендиясын дамыту стратегиясы мен алдағы инновациялар талқыланды.
Отырыста кеңес төрағасы, депутат Нартай Сәрсенғалиев "Болашақ" стипендиясын дамытудың 2024-2026 жылдарға арналған жаңа стратегиясын ескере отырып, бірқатар өзгеріс болатынын атап өтті. Инновациялар стипендияның тиімділігін және құжаттарды қабылдау мен конкурстық іріктеудің ашықтығын арттыруға бағытталатын болады.
ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Динара Щеглова Стратегияның жаңа тармақтары бойынша бірқатар түсініктемелер берді. Салалық және өңірлік сұраныстарды, қысқа мерзімді және ұзақ мерзімді стратегиялар мен даму жоспарларын ескере отырып, басым мамандықтар тізімін қалыптастыру бойынша жұмыс аяқталды, тізім бекітілуде. Сондай-ақ, ұйымдар мен кәсіпорындардың сұраныстары бойынша топтық тағылымдамаларды енгізу, постдокторантураны іске қосу, ауылдық квоталарды ұлғайту мүмкіндігі қарастырылуда, стипендиядан айырылған тұлғалардан қаражатты қайтару бойынша жүйелі жұмыс құрылды, ай сайын мемлекеттік бюджетке шамамен 160 млн теңге қайтарылады.
"Халықаралық бағдарламалар орталығының" Басқарма төрағасы Әлия Оспанова орталықтың атқарылып жатқан жұмыстары туралы хабарлады. Құжаттарды қабылдау жыл бойы жүргізіледі және сәуір айының соңында басталады, автоматтандыру контекстінде конкурстық іріктеу процесі қайта қаралады, жергілікті атқарушы органдармен ғылыми зерттеу тақырыбы бойынша өтінімді қалыптастыру және өңірлердің проблемаларын тиімді шешу және кейіннен жұмысқа орналастыру үшін білім алушы стипендиаттардың кураторлығын ұйымдастыру мәселесі пысықталады. Стипендиаттардан түскен сұраныстарды ескере отырып, жауапты мемлекеттік органдармен бірге 2012 жылдан бері өзгермеген стипендия мөлшері мен шығыстар нормаларын қайта қарау талқыланады.
Кездесу соңында қатысушылар "Болашақ" стипендиясына одан әрі өзгерістер енгізуді талқылау үшін брейнсторминг өткізуге келісті.