Қасым-Жомарт Тоқаев: Ұлт рәміздері – Тәуелсіздігіміздің киелі бойтұмары
Бұл туралы Ақорда хабарлады.
Қасым-Жомарт Тоқаев елордадағы «Атамекен» этномемориалды кешенінде өткен Мемлекеттік Ту көтеру рәсіміне қатысты.
Құрмет қарауылының бастығы салтанатты іс-шараға дайындығы туралы Президентке рапорт берді. Содан кейін еліміздің Әнұраны шырқалып, көк Байрағымыз көтерілді. Қасым-Жомарт Тоқаев жиынға қатысушыларды Мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтап, бұл еліміз үшін мән-маңызы айрықша мереке екеніне тоқталды.
Мемлекет басшысының айтуынша, қазір көк Туымыздың беделін бүкіл әлем мойындайды. Байрағымыз Біріккен Ұлттар Ұйымының төрінде тұр. Оны альпинистеріміз Жер шарындағы ең биік шыңдарға көтерді. Спортшыларымыз талай мәрте жеңіс тұғырына шығарды.
Бұл – нағыз отаншылдық белгісі. Ұлт нышандары – халқымыздың болмыс-бітімінің айнасы, жарқын болашағымыздың кепілі, – деді Мемлекет басшысы.
Президент биыл мемлекеттілігіміздің берік тірегі – Ата заңымыздың қабылданғанына 30 жыл толатынын еске салды.
Содан кейін Президент оқуын үздік бітірген курсанттарға Ту түбінде шен тапсыру жақсы дәстүрге айналғанын айта келіп, жас сарбаздарға сөз арнады.
Салтанатты рәсімде Қорғаныс министрлігіне, Ұлттық қауіпсіздік комитетіне, Ішкі істер министрлігіне, Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты оқу орындарының 14 үздік түлегі Қазақстан Республикасы Президентінің – Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас Қолбасшысының қолынан офицерлік шен алды.
Іс-шара соңында Мемлекеттік күзет қызметінің, Қорғаныс және Ішкі істер министрліктерінің Құрмет қарауылы роталары Президент пен жиналған қауым алдынан салтанатты түрде сап түзеп өтті.
Ту көтеру рәсіміне мемлекеттік органдардың басшылары, Парламент депутаттары, Ұлттық құрылтай мүшелері, «Халық қаһарманы» және «Қазақстанның Еңбек Ері» атағының иегерлері, жоғары әскери оқу орындарының курсанттары мен олардың туыстары қатысты.