Медеу СӘРСЕКЕ: ШЫНДЫҚТЫ АШУ – ОҢАЙ ЕМЕС, ЕСЕСІНЕ ОЙЫҢ ДА, БОЙЫҢ ДА ӨСЕДІ...
Идеологиялық қыспақта қалам тербедік.
Медеу СӘРСЕКЕ:
ШЫНДЫҚТЫ АШУ – ОҢАЙ ЕМЕС,
ЕСЕСІНЕ ОЙЫҢ ДА, БОЙЫҢ ДА ӨСЕДІ...
– Әдеби қауым сізді редакторларға сенбейді деседі. Мәскеуде де сөйттіңіз бе?
– Оның рас, өйткені біз қалам желісін қысымда ұстаған уақытта өмір сүрдік, қарағым, Идеологиялық қыспақта қалам тербедік. Мысалы, «Жарылыс», «Көмбе» деген романдарымның жүзден аса беттері цензор мен редактордың кескілеуімен Алматыда шұнтиып шықты. «Жарылыстың» аты «Жаңғырыққа» өзгертілді. Шала сауатты цензор: «Кеңес өндірісінде жарылыс болмайды, болса да айтуға рұқсат жоқ...» деп шіренген соң не істейсің?.. Екі романым да Мәскеудің «Советский писатель» баспасынан 26-28 б.т. көлемде зорайып шықты. Менің орысша сауатым қазақшамнан артық емес қой. Алматыда орысқа қарсы кітап делініп, жойқын сынға тап болған «Жарылыс» «Молодая гвардия» журналында жарияланып, «Литературная газета» «Жаңа есім» айдарымен Ғабит Мүсіреповтің беташар сөзімен үзінді басты. Біздің сыншылардың таным деңгейінің төмендігін, Компартияның сойылын соққанын осыдан да аңғару қиын емес...
– Сіздің өмірбаяндық деректеріңізде Мәскеуден 1980-2010 жылдар аралығында алты кітап шығарғаныңыз айтылған. Мәскеулік редакторлар мен біздің редакторлардың білім-танымы туралы не дейсіз?
– Мұның енді, Гүлзина қарағым, шатақ сауал. Біздегі редакторлар қызметіңе, мансабың мен атағыңа қарайды. Таным деңгейі де соған орай. Әлбетте бәрі де ерекше сақ. Мен 1960-90 жылдардағы жағдайды айтып отырмын. Ол қасаң идеологияның талабынан өрбіген сорақы әдет. Әйтсе де, «Сәтбаевтың» қазақшасын баспаға дайындаған Дулат Исабековпен 1975 жылы біржарым ай жұмыс істедім. Дулаттың танымы терең, деректі туындының олпы-солпы беттерін екшеуде көрегендік байқатты. Амал не, сол еңбегіміз зая кетті. «Фолиант» баспасында Мәткәрім Әкімжановпен, бертінде Қуат Құрмансейітпен жұмыс істедім. Екеуі де білімді және танымы жоғары азаматтар... Ал Мәскеу редакторларының жұмыс стилі, қаламгерге талабы мүлдем өзгеше. «Сәтбаевтың» алғашқы редакторы Калугин туралы жоғарыда айттым. Енді екінші, 2003 жылғы редакторы туралы бірер сөз айтайын. Ол болса, Лариса есімді сұлу келіншек, байқауымша, өзімбілемі молдау адам. Шығарманың жүзінші бетінен өткен кез еді, Қанекеңнің геолог жары Таисия Алексеевнаға Мәскеуден жолдаған, 1927 жылғы 8 ақпандағы хатынан үзінді келтіргенмін: «Мен қазақпын – жаратылысым да, жаным да солай; ой-түйсігім бойынша да қазақпын; алдағы өмірімді тек қана туып-өскен Қазақстанда өткізбекпін; сол жолда кездесер қиыншылықтардан қашпай, тіршіліктің жақсы күйтінен де бас тартып, Қазақстан қиырында «кезбе» болып, өмір-бақи кен іздеуге де әзірмін. (...) Өмір – күресу мектебі, қымбаттым, оған көрген түстей жеңіл қарауға болмайды; алдағы ғұмыр жолымызда жағымсыз жайттардың кездесуі әбден ықтимал. Сіз де сондай қиыншылықтарға әзір болыңыз...», – деген ескертуді редакторым «Өткізбеймін, отбасының ұсақ қыжылы, соны сіз қаһарманның ұлттық ерекшелігі етіп даралап отырсыз» деп ойда-жоқта дау бастады. Орыстығына бұрып, қияңқылық көрсетіп отырған редактормен әрі әйел адаммен жұмыс қызған кезде дауға түсу оңай емес. «Лариса Владимировна, алға қарай елу шақты бет озалық, мына сөзге сұрау қойыңыз…» – дедім. Редактор жуан сұрауды баттита жазды. Үш-төрт күн еткен соң қайыра шақырды. Тағы неменеге қырсықты деп қауіптеніп келсем, ерні мен қасындағы опа-бояуы бетін айғыздаған редакторым ағыл-тегіл жылап отыр. «Оу, сізге не болған?» «Жылатқан сіз, мына беттер...» – дейді. Қазақ даласын дендеген 1932 жылғы аштықтың наурызында бір мың шақырым қиырдағы Ұлытаудан Баянауылдағы күнбатыс бөктеріндегі туыстарына автомашинамен суыт келіп, өлеусіреген 12-13 жасөспірімді киізге орап алып, тоқтаусыз жүріп, Қарсақпайға әкелген жантүршігерлік оқиға суреттелетін беттер. Таисия Алексеевна алты-жеті ай бойы қарауындағы 19 жан иесіне тамақ істеп, әлгі балақандарды бағып, адам қатарына қосқан. Солардың біреуі – бертінде «Алтын ханзаданы» тапқан академик-археолог, Қанекеңнің туған жиені Кемел Ақышов.
«Мойындаймын, ауыр оқиға. Мұны да сызамыз ба?» – дедім есеңгіреп отырған редакторыма. «Жоқ, сіздің қандасыңыз Қаныш Имантаевич қана емес, біздің Таисия Алексеевна да нағыз ер. Мен өзім 19 адамға күн сайын ас әзірлеп, бағып-қағуға сірә да шыдамас едім. Бір жолына да тиіспей, осы қалпында қалдырамын...». Мен рақмет айтып: «Әнеугүнгі жуан сұрау қойылған бетті ашыңыз, – дедім. Ашты. – Сіз алып тастамақ болған сөздерді мен әдейі келтіргенмін. Өйткені, кемеңгер ері алуан қиыншылықтар алдағы уақытта кездесерін Таисия Алексеевнаға ескертіп, қайыспай көтеруге даярлап отыр...» – дедім. Сұлу редакторым басын шайқады да, жуан сұрағын алып тастады. Тағы бір мысал келтірейін: «Ұлытау – Қазақ Ордасының тарихи талбесігі. Аспанға шаншылған биік шыңдары сұстиған суық тұрпатымен-ақ қатпарлы ескі тарихқа куә, тым көне және сымбаты қайталанбайтын айбарлы һәм ақбас тау екенін әйгілеп, ұлылығын еріксіз мойындатқандай. Менің ойымша, орыстарға Кремль қаншалықты қасиетті көрінсе, қазақ жұрты үшін Ұлытау да соншалықты қадірлі...» – деген ғажап сөздерді Қаныш ағамыз Таисия жеңгемізге Атбасардан 1927 жылдың 30 тамызда жолдаған хатында жол әсерлері ретінде жазған. Әлбетте қазақтың Ұлытауын орыстардың қасиетті Кремлімен салғастыру – тек қана Қанекеңнің асыл ойынан туған, саяси мәні шатақ теңеу (Сол сөздерді «Сәтбаевтың» 1988 жылғы қазақша тұңғыш басылымында «Жалын» баспасының редакторы менің наразылығымды елемей, қиып тастады). Осы теңеуге де Л.Еременко іштарлық көрсетті. Тағы бір шүбәланған тұсы кітаптың үшінші бөліміндегі эпиграф. Сол бетке Ресей ҒА-ның академигі Н. А. Шилоның 1999 жылы, Ресей ҒА-сы өзінің толық мүшесі Қ.Сәтбаевтың туғанына жүз жыл толу салтанатында мінбеден естірткен: «Металлогениялық карталарды жасап, соның басты қағидалары мен әдістерін айқындау ісінде академик Қ.И. Сәтбаев ғылымға енгізген металлогениялық талдау геология ілімін кезінде елу жыл алға оздырды. Ол жеткен деңгей бүгінде де өзгерген жоқ, әлі де елу жыл алда тұр...» – деген таңғажайып мойындауын да артық мақтау деп есептеді. Мен соған да дауласпай, қитұрқы амал жасадым. Келесі күні редакторымды машина жалдап, «Ресейдің жаңа тарихы» мұражайына серуенге шақырып, Твер көшесіндегі мұражайдың екінші қабатына көтерілер тұсқа орналасқан, Қ.Сәтбаевқа арналған үлкен стендті көрсеттім: ғалымның фотосуреті, оның айналасында «Таңдамалы еңбектерінің» 5 томы, төрт Ленин ордені және басқадай марапаттары мен лауреаттық дипломдары мен белгілері, Кремльге кіретін тұрақты рұқсаты, ең төменде Жезқазған кенішінен алынған мыс тұнбалары мен басты минералдары, Қазақстан қыртысынан ғалым-геолог ашқан кен ошақтарының картасы бейнеленген. Еременко екеуміз сол стендті суретке түсіріп, қызықтаудан соң редакцияға қайттық. Қатыбас редакторым кабинетіне келген соң: «Кеше маған сіздің алғашқы редакторыңыз Калугин келіп: «Медеу Сәрсеке менімен дос адам, 1980 жылы іс үстінде танып сыйласқанбыз. Мына кітапты жазуға ол көп жыл еңбек еткен фанатик қаламгер, сен оған аса шүйілме!.. – деп ескерту жасады. – Виктор Ильич мені осы редакцияға жұмысқа қабылдатқан ұстазым. Ол кісінің сізге редактор болғанын неге айтпадыңыз?..». Мен алдындағы кітапты ашып, Калугиннің фамилиясын көрсеттім. Лариса Владимировна биязы жымиып, қымсына қарады да: «Медеу-аға, алаң болмаңыз, сізге енді ешбір ескерту айтпаймын. Кітабыңыз оңды, көлемін де сақтаймын...» – деді.
– Сонымен жолыңыз оңғарылды...
– Мәскеуде бір айдай болып, Семейге қайттым. Бірер айдан соң интернет арқылы кітаптың терімі түсті. Көлемі 490 бет, бұрынғы 320 бет болатын. Терімнің ажары жақсы, 32 бетке суреттер орналасқан. Сөйтсе де, мені желік билеп, бас редакторға рақмет айтудың соңында көкейкесті тілегімді мәлімдедім. Қазақстандық делегацияны (кітап шығарушы департаменттің бастығы Әлібек Асқаров, әдебиет институтының директоры Сейіт Қасқабасов және Шайзада есімді баспагер) баспаның Бас директоры В. Ф. Юркин қабылдағанда: «Валентин Федорович, Мәскеудегі мейманхананың әр тәулігі қанша тұратынын білетін шығарсыз. Редакторды маған осы аптада бергізіңіз...» – деп өтініш айтқанымда, ол кісі бас редакторы Поповқа: «Андрей, қонақ жазушының тілегін орындаңыз!» – деген-ді. Содан жұмыс қызған күндердің бірінде Попов екеуміз төменгі қабаттағы буфетке түсіп, кофе ішіп отырғанымызда бас редактор: «Медеу-аға, редакцияға қандай тілегіңіз бар? Не айтсаңыз да орындаймын. Өйткені, сіздер кабинеттен шығып кеткен соң директор маған: «Андрей, әлгі автордың не дегенін ұқтың ба? Бір кітаппен 23 жылдан соң қайта келіп отырмын дегеніне сен мән бере қара. Тегінде бұл өз ісіне жан-тәнімен берілген фанатиктің сөзі. Ал мен фанатиктерді ерекше қастерлеймін. Ол кісі не сұраса да маған келтірмей, тілегін орында, құрмет көрсет деді. Қысқасы, менен не тілейсіз, орындаймын!..» – деген-ді. Сол сөз ойыма түсті де: кітап мәтінін қайтарарда: «Андрей, кітаптың шрифтін сәл көтерсек қайтеді, терімі тым ұсақ...» – деген сипатта хат жолдадым. Кітаптың сүйінші данасы Семейге желтоқсан айында келді. Бір кітап және «Сәтбаевтың» мұқабасына түптелген 600 бет қалың дәптер. Ішін ашсам: «Медеу-ага, таңданбаңыз. Сізге күнделік жазсын деп сый ретінде ұсындық» деген аңдатпа көзіме оттай басылды. Ал кітаптың көлемі 550 бет болыпты. Демек, соңғы тілегімді де орындаған.
Жалғасы бар.