Руханият

Гүлмира Қанай: «Түркі әйелдері энциклопедиясын» жазуды ұсынамын

XII Халықаралық Түркі әлемі зерттеулері симпозиумында Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры, профессор Гүлмира Қанай «Түркі әйелдері энциклопедиясын» жазуды ұсынды.

Нийде Өмер Халисдемир университетінде өткен  симпозиум аясында Түркі әлемінің өзекті мәселелерін қамтитын бірнеше ғылыми секциялар ұйымдастырылып, онда Түркия, Қазақстан, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан және басқа да елдердің жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу мекемелерінің ғалымдары, зерттеушілері өз баяндамаларын ұсынды. Түркі мемлекеттері арасындағы жоғары білім саласындағы ынтымақтастықты басты тақырып еткен халықаралық жиынға Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті ресми серіктес ретінде қатысуда.

QyzPU ректоры Гүлмира Қанай өз сөзінде түркі халықтарының ортақ тамыры мен мәдени мұрасы, соның ішінде әйелдердің білім мен ғылымға қосқан үлесін зерттеп, келешек ұрпаққа жеткізудің маңыздылығына тоқталды.

Ректор Түркі елдеріндегі қыз баланың білім алу тарихына арналған оқулық жазу және әйел ғалымдар мен ағартушылардың мұрасын біріктіретін «Түркі әйелдері энциклопедиясын» жарыққа шығару бастамасын көтерді.

 «Ежелгі замандардан бастап бүгінгі күнге дейін түркі әйелдері білім арқылы қоғамға қызмет етіп келеді. Бұл үрдіс – ұлттың дамуы мен өркендеуінің кепілі. Болашақта да түркі елдері әйелдердің білім алуына жағдай жасап, олардың әлеуетін толық іске асыруға күш салуымыз маңызды. Осы тұста Түркі елдері арасында қыз балалардың білім алуына қатысты тарихи анализге негізделген оқулық жазуды ұсынамын. Сондай-ақ Түркі елдері арасында әйел ғалымдар мен ағартушылардың мұрасын зерттеп, насихаттау мақсатында «Түркі елдерінің әйелдер энциклопедиясын» үш университет бірге жазуды ұсынамын», – деді Гүлмира Әмірханқызы.

Университет ректоры ұсынған жобалар Түркі әлеміндегі әйелдердің тарихи рөлін жүйелі түрде зерттеуге, түркі қоғамындағы гендерлік теңдік пен білім беру саласындағы жетістіктерді паш етуге бағытталған.

Айта кетейік, Қыздар университеті – Орталық Азиядағы қыздарға арналған жалғыз жоғары оқу орны. Білім мен мәдениет арқылы түркі халықтарын жақындастыру бағытында атқарылып жатқан бастамаларда университет белсенді серіктес ретінде танылып келеді.