сейсенбі, 20 мамыр, 2025 18:40

Қазақстан және шетел ақпаратын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Байланыс

Астанада BaiQymyz жобасы аясында «Қымызмұрындық» мерекесі өтті

Астанада BaiQymyz жобасы аясында «Қымызмұрындық» мерекесі өтті
ашық дерекөзден алынды
Астанада BaiQymyz жобасы аясында «Қымызмұрындық» мерекесі өтті

Бүгін Астанада «Балқарағай» демалыс аймағында ұлттық дәстүрімізді дәріптейтін Қымызмұрындық мерекесі өтті. Шараға Астана қаласының тұрғындары мен қонақтары, туристер және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Іс-шараны ұйымдастырушы — “BaiQymyz” жобасының авторы Жұмажан Қалтаевтың айтуынша, бұл бастаманың негізгі мақсаты — қазақтың қасиетті асы қымызды күнделікті дастарханымызға қайта әкелу, оның пайдалы қасиеттерін кеңінен насихаттау.

«Қазір жастардың көбі газды сусындарға әуес. Ал қымыз — дәруменге бай, иммунитетті нығайтатын, денсаулыққа аса пайдалы сусын. Біз осы жобамыз арқылы қымыз өндірушілерді бір алаңға жинап, оларға қолдау көрсетуді көздеп отырмыз» — деді Жұмажан Қалтаев.

Қымызмұрындық аясында ұлттық спорт түрлерінен жарыстар, этноөнімдер мен қолөнер бұйымдарының көрмелері, гастрономиялық фестивальдер және мерекелік концерт ұйымдастырылды.

«Бүгін халық әр өңірден әкелінген қымыздың дәмін татып көріп, өз бағасын беріп жатыр. Ал шілде айында өтетін үлкен фестиваль барысында үздік қымыз анықталатын болады. Бұл тек дәмді сусын ғана емес, қазақтың тарихы мен руханиятына терең бойлататын мереке. Қонақтар ұлттық дәстүрлермен танысып, әртүрлі жылқы тұқымдарын көріп, қолөнершілердің өнерін тамашалай алады», — деді жобаның атқарушы директоры Әділ Орынбасарұлы.

Бүгінгі Қымызмұрындыққа еліміздің 10 аймағынан қымыз өндірушілер қатысып, келушілер олардың өнімдерін арнайы QR-код арқылы бағалады. Сарапқа салынған қымыздар қатарында Жаңарқа ауданының “Aqnur Qymyz” шаруа қожалығы, Саржал ауылындағы “Асылжан” жеке кәсіпкерлігі, Бурабай ауданындағы “Жас” ШҚ, Қымызынай ауылының “Кабдулин А.С.” ЖК, Абай облысы Қарауыл ауылының “Adil Kymyz” ЖК, Сабынды ауылының “Алға” ШҚ, Арайлы ауылының “Qazaq House” ЖК және Қараөткел ауылындағы “Жоламан” ШҚ бар. Барлық қатысушыларға ұйымдастырушылар тарапынан Алғыс хаттар табысталды.

Айта кетейік, бүгінгі Қымызмұрындық мерекесі шілде айында өтетін “BaiQymyz” гастрофестивалінің прологы іспеттес. Алдағы фестиваль еліміздің ең үздік қымыз өндірушілері мен жылқы шаруашылығымен айналысатын шеберлерді бір алаңда тоғыстырады. Шара аясында ұлттық дәстүрлер насихатталып, “Ең үздік қымыз” байқауы ұйымдастырылады. Жалпы жүлде қоры — 45 миллион теңге.

Оймақ
Автор

Оймақ

Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Ұқсас жаңалықтар