Спорт

Балуандарымыз неге Айханов құсап күреспейді?! – Қыдырбек Рысбек

Бұл туралы белгілі публицист Қыдырбек Рысбек әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

 

Бұл туралы белгілі публицист Қыдырбек Рысбек facebook парақшасында жазды.

Әбілсейіт Айханов – күш атасы Қажымұқаннан кейін әлемдік күрес майданында олжа салған бірінші қазақ балуаны. Алаш жұрты өз жерінде барынша азшылыққа ұшыраған (28 пайыз), советтік тоталитарлық жүйе әбден күшіне мінген алмағайып кезеңде ұлтының рухын көтерген кесек тұлға. Әбілсейіт аға – 1963 жылғы ССРО халықтары спартакиадасының жеңімпазы, Совет одағының чемпионы! 1962 жылғы одақ чемпионатының күміс жүлдегері. «Кіші әлем чемпионаты» саналған Тбилиси халықаралық турнирінде 2 мәрте топ жарды. Осы жерде ерекше мән беретін жағдай: 1960 жылдардағы ССРО чемпионатының деңгейі әлем біріншілігінен кем болған жоқ.

Айханов – интеллектуал балуан. Ол физика мен математикадан қамшы салдырмайтын аса дарынды жан еді. Белдесетін қарсыласын әуелі зерттеп, кілемге жоспар құрып шығатын ойлы, тегеурінді спортшы болатын. Әр қарсыластың ыңғайына, күшіне, мінезіне қарай әдісін сайлап, қым-қиғаш тактика құрудың шебері еді. Әбілсейіт балуан қарсыластары үшін жұмбақ еді. Себебі, ол әр балуанға әртүрлі айла-амалды қолданатын.

Ағаның өзі хатқа түсірген мына бір белдесу сөзімізге нақты дәлел. «Мен де өлшендім. Жапонның атақтысы Сасаки де өлшенді. ...Шабуылды мен бастадым. Соңғы кездерде жетілдіріп жүрген, кілем үстіндегі қаруым санайтын «қайшылау» әдісін қолдандым. Бұл тәсіл ауада жасалады. Бәсекелесіңнің қолынан бір қолыңмен мықтап ұстап, өте тез секіріп, ауада көлденең жағдайға келесің. Сол сәтте екі аяғыңның арасында қалған әріптесіңді бір аяғыңмен кеудеден, бір аяғыңмен тізе сыртынан қағасың да, өзің екінші қолыңа сүйене кілемге жамбастай түсесің.

Сасаки байқамады ма, менің осы әдісімді жасауыма қарсылық ете алмай қалды. Жапондықтар шу ете түсті. Ол бір жауырынымен қапталдай келіп, кілемге құлады». Бойы екі метрге жуық Айханов сондай әбжілдікпен жапондар «ұлы чемпион» атаған Сасакиді дәл осылай сан соқтырды. Бұл әдіске жеңіл салмақтағы күшті деген балуандардың өзі тәуекел қылуы екіталай. Ал сом денелі, еңселі жігіттер кейінгі жылдары «қайшылауға» мүлде жоламайтын болды. Демек, «қайшылау» өз өзіне тым сенімді, керемет сезімтал, ерен батыр адамның ғана қолынан келеді.

Иә, бәзбір мықты балуандар тәрізді қара күш пен қайсар мінезге ғана сүйенбей, ақылын алға салып күрескен Әбілсейіт Рүстемұлы заманынан озып туған алып еді. Ол қазақтың боз кілемдегі несібесі мол екенін, алаш ұлдары ақыл-ойы мен білек күшін, табандылығын ұштастыра білсе, жер жүзіндегі ең күшті ұлттың бірі екенін күмәнсіз дәлелдеген біртуар тұлға болатын. Әбілсейіт Айханов Олимпиада чемпиондары Александр Иваницкий, Никола Станчев, Олимпиада ойындары мен әлем чемпионатының жүлдегерлері Шота Ломидзе, Богумил Кубат, Анатолий Албул, Борис Кулаев, Савкуз Дзасаров, Петр Кмент, т.б. атақты балуандардан басым түсті. Халықаралық жарыстарда бірде-бір қарсыласынан жығылған жоқ.

Совет одағының бодан ұлттарға деген озбыр, әділетсіз саясатының салдарынан Әбілсейіт Айханов Олимпиада ойындары мен әлем чемпионаттарына бара алмады. Иә, ел мен ер тағдыры егіз екен. Алаш жұрты киген отаршылдық қамытынан Айханов та құтыла алмапты. Тарпаң балуан басына ноқта салғызбаса да, отаршыл жүйе оның аяғына тұсау салыпты. Бірақ, Айханов империяға басын имей кетті.

Балуан ағаның бар «кінәсі»: айтулы сындарға тек қазақтың атынан барғысы келгендігі, сосын ешкімнің ығына жығылмай, қабағына қарамай, өз жолымды өзім табамын деген қазақы намыс, дала батырына тән бұлтақсыз асқақ мінез еді.

Ал қазіргі жастарымызға Әбілсейіт ағаның ғылыми ізденісі, сұрапыл қайраты жетіспейді. Әбекең кілемге «Жеңемін!» деп буырқанып, бұрсанып шығатын. Ал қазіргі жігіттердің көпшілігінен ондай мінез байқалмайды. Көбінде қарсыласты еріксіз тұқыртатын оңтайлы әдіс жоқ. Балуанмен бірге оның мінезі қоса күресетінін ескерсек, бапкерлер шәкірттеріне әдіс үйретумен қатар оларды алмас қылыштай қайрай білуі де өте маңызды фактор. Әйтпесе, қалың елің зор үмітпен аттандырған жарыстан қарсыласыңмен құр жағаласып, жұлқысып, сілкілесіп қайтқаннан ұялатын, бетің өрттей қызаратын уақыт әлдеқашан жетті.

Ақиқатын айтсақ, бапкерлік мектебіміз жүгі ауған көш құсап қисайып жатыр. Ал балуандарымыздың басым бөлігі күнделік жазбайды, өз күресін жоспарлай алмайды. Бұл жағдай азаттық алғаннан бері жалғасып келеді.