жұма, 25 сәуір, 2025 23:36

Қазақстан және шетел ақпаратын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Байланыс

«Ахмет. Алаш ардақтысы»: кітап жәрмеңкесінде жаңа жинақтың тұсауы кесілді

«Ахмет. Алаш ардақтысы»: кітап жәрмеңкесінде жаңа жинақтың  тұсауы кесілді
Кітап "Менің Қазақстаным" сериясы бойынша жарық көріп отыр.

 

Елорда төрінде өткен «ASTANA Eurasian Book Fair» VIII Халықаралық кітап және полиграфиялық көрмесінде кітап жәрмеңкесінің ұйымдастырылуынан бөлек, бірнеше кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті. Соның бірі – Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінің директоры, филология ғылымдарының кандидаты Райхан Имаханбеттің «Ахмет. Алаш ардақтысы» атты жаңа кітабы. Кітап таныстырылымында оқырмандар автормен кездесіп, қолтаңбасы қойылған жаңа кітапты қолдарына алды.

«Алматыкітап баспасынан» жарық көрген бұл еңбек – ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының өмір жолын, тарихи миссиясын, Алаш идеясын тереңнен толғаған тағылымды дүние. Бұл бірегей кітап Ахмет Байтұрсынұлының өмірі мен мұрасына арналған және «Менің Қазақстаным» сериясы бойынша жарық көрді. Басылымда Ахмет Байтұрсынұлының көптеген шығармаларының орыс тіліндегі аудармалары алғаш рет ұсынылады. Сондай-ақ, оның өмірі, қызметі, Ұлт ұстазы келбетіндегі азаматтығы мен ұлтсүйгіштігі жайлы шынайы естеліктер берілген.

– Ұлт ұстазының 150 жылдығы қарсаңында осы кітапты шығаруды жоспарлап едім. Бірақ араға бірнеше жыл салып сәті биылға түсіп отыр екен. Үнемі үш ағартушы айтылады: Абай, Шоқан, Ыбырай. Арасында Ахмет қалған сайын жүрегіміз ауырып отырды. Ағартушылықты ұлттық болмыста жасаған тұлғалардың дүниесі бір бөлек те, Ахмет бір бөлек деп айтқандар бар екен. Ешкімге ұқсамайтын кемеңгер, ешкімге ұқсамайтын есіл ер. Тәуелсіздік алғаннан кейін де Ахмет Байтұрсынұлына қатысты жекелеген еңбектердің шығуының жолы ауыр болатын. Соған қарамастан Алматы қаласындағы музей-үйі де мемлекетке өтіп, барлығы қаз-қатар келді. Демек, Алаш арыстарының есімі оралғаннан бөлек, жасаған мұратының тіріліп, бізбен бірге жасауына қызмет етуіміз керек, – деді автор Райхан Имаханбет.

Ауқымды мәдени-ағартушылық шарада көпшілікке таныстырылған «Ахмет. Алаш ардақтысы» кітабы – Ұлт ұстазының өмірбаяны ғана емес, сонымен қатар «Алаш» қозғалысының мұрасына деген мақтаныш пен құрметтің символы. Себебі, Ахмет Байтұрсынұлының идеялары мен ұстанымдарын, ұлттық бірегейлікті сақтау жолындағы күресін терең түсінуге мүмкіндік береді.

Тұсаукесерде қоғам қайраткерлері, БАҚ өкілдері және жас ұрпақ өкілдері сөз сөйледі. Сондай-ақ, кітаптан үзінділер оқылып, алаш рухын сезінуге және сол дәуірдің атмосферасын тереңірек түсінуге мүмкіндік  берілді. Домбыраның күмбірлеген үнің, соның ішінде Ахмет Байтұрсынұлының «Арман» күйі шертіліп, көрермендерді ұлы ағартушы, реформатор және қазақ халқының біртуар перзенті Ахмет Байтұрсынұлы өмір сүрген дәуірге жетеледі. Қатысушылар бай тарихи мұрамызды тереңірек түсініп, шабыт беретін рухани байлықпен қауышты, туынды авторымен жүзбе жүз жолығып, шығарманың мазмұны жөнінде мағлұмат алды. 

Әсемай РИНАТҚЫЗЫ

Оймақ
Автор

Оймақ

Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Ұқсас жаңалықтар