Ғалиасқар Сарыбаев: Мемлекеттік органдардың цифрлық ресурстарының сапасы көңіл көншітпейді
Сенатор Ғалиасқар Сарыбаев өз депутаттық сауалында мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарында жүйелі мәселелердің бар екенін атап өтті.
Оның айтуынша, Бірыңғай платформаның дизайны жаңартылып, сайттарды толтырудың жаңа ережелері енгізілгеніне қарамастан, цифрлық ресурстардың басым бөлігі мазмұндылығы, қолжетімділігі және жұмыс жылдамдығы жағынан қазіргі заман талаптарына сай емес.
Сенатор ерекше алаңдаушылық тудырып отырған мәселе ретінде мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін сайттардың қолжетімсіздігін атады.
«Ақпараттық платформалар мен сайттардың дұрыс істеуі, мемлекеттік органдардағы құжат айналымын төмендетуге, мемлекеттік қызметші жұмысының тиімділігін арттыруға, уақытты үнемдеуге, психологиялық аспектілерді тез қалпына келтіруге, ақпараттық түсіндіру жұмыстарын автоматты түрде жүргізуге, азаматтардың Үкіметке деген сенімін арттыруға ықпал ететін болады», — деді депутат.