Президент Боао Азия форумының пленарлық сессиясында сөз сөйледі
Қасым-Жомарт Тоқаев жыл сайын Қытайдың Хайнань провинциясында өтетін Боао Азия форумының (БАФ) пленарлық сессиясының ашылу рәсіміне қатысты.
Биылғы 23-ші форум «Азия және әлем: ортақ сын-қатерлер, ортақ жауапкершілік» деген тақырыпта өтіп жатыр.
Қазақстан Президенті аталған форумда құрметті қонақ ретінде сөз сөйледі.
Мемлекет басшысы жиын қатысушыларына ілтипат білдіре отырып, құбылмалы геосаяси ахуал мен экономикалық қиыншылықтың салдарынан туындаған жаһандық тұрақсыздық жағдайында бұл платформа диалог пен халықаралық ынтымақтастық орталығы ретінде маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
Мемлекет басшысы орнықты дамудың жаңа дәуіріне қадам басар тұста Азия елдері көш бастап тұрғанына назар аударды
Мемлекет басшысы алдағы жылдары жаһандық өсім мен дамуды ынталандыру ісін жалғастыру үшін Азия өңірінің мол әлеуеті бар екенін атап өтті.
Мемлекет басшысының айтуынша, бүгінде Қазақстан мен Қытай қарым-қатынасы тиімді серіктестіктің үлгісі саналады. Еліміз Қытайдың Орталық Азиядағы негізгі сауда-экономикалық серіктесіне айналды.
Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде еліміздің жаңа экономикалық бағытына айрықша назар аударды.
Мемлекет басшысы азық-түлік қауіпсіздігіне қатысты ахуалға тоқталды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Азия елдері арасындағы көлік-транзит ынтымақтастығын нығайтудың стратегиялық мәні зор екеніне назар аударды.
Қазақстан Президенті жаһандық экономиканың орнықты өсімін қамтамасыз ету үшін технологиялық ынтымақтастықты, әсіресе, жасанды интеллект саласындағы ықпалдастықты нығайту маңызды деп санайды. Бұл орайда Президент Қытайдың «Жасанды интеллектіні басқару жөніндегі жаһандық бастамасын» қолдады.
Сондай-ақ Қазақстан бірлескен инновациялық IT-жобаларды жүзеге асыру мақсатында Азияның жетекші технологиялық алпауыттарымен серіктестік орнатуға мүдделі екенін мәлімдеді.
Мемлекет басшысының айтуынша, шикізаттың аса маңызды түрлерін өндіру ынтымақтастықтың тағы бір перспективті бағыты саналады.
Мемлекет басшысы сөзін қорытындылай келе, Азия өзінің экономикалық, технологиялық және мәдени артықшылықтарын пайдалану арқылы әлемнің келешек даму бағытын айқындауда шешуші рөл атқара алатынына сенім білдірді. Бұл ретте Президент Боао Азия форумы және Астана халықаралық форумы (AIF) сияқты маңызды халықаралық диалог алаңдарының практикалық перспективасы зор екенін атап өтті. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Қасым-Жомарт Тоқаев БАФ қонақтарын 2024 жылдың маусым айында өтетін Астана халықаралық форумына шақырды.
Жиында БАФ Директорлар кеңесінің төрағасы Пан Ги Мун, Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы Тұрақты комитетінің төрағасы Чжао Лэцзи, Науру Президенті Дэвид Аданг, Шри-Ланка Премьер-министрі Динеш Гунавардена, Доминика Достастығының Премьер-министрі Рузвельт Скеррит, «Ақсақалдар кеңесі» халықаралық үкіметтік емес ұйымының төрағасы Мэри Робинсон, ЭЫДҰ Бас хатшысы Матиас Корманн, Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының бас директоры Дарен Танг және Камбоджа Корольдігі Халықтық партиясының төрағасы Хун Сен сөз сөйледі.